Дұрыс инвестициялау ережелері

Жарияланды
Jusan Invest АҚ басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосовтан 10 кеңес

Табыс тапқысы келген адам үшін қазір түрлі тәсіл бар. Оның ішінде инвестиция тақырыбы тіпті өзекті. Салғанын әп-сәтте еселеп алғысы келетіндер бастапқыда біраз қателікке бой алдыруы мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте инвестициялауға қатысты кеңестерге құлақ түрген жөн. Осы орайда Jusan Invest АҚ басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосовтан 10 кеңесті назарыңызға ұсынып отырмыз. Әлбетте, еліміздегі ахуалды ескере отырып, валюта курсының құбылып тұрған кезінде нені ескеру керегін де сұрап алдық.

Қалай және неден бастаған дұрыс?

Алдымен, осы тақырыпқа — инвестициялауға қатысты білім жиып алуға кеңес берер едім. Соның ішінде брокерді қалай таңдау керек, алғашында қандай сомадан бастаған жөн, инвестициялау барысында қандай қатер барын да біліп алу керек. Қор нарығымен таныстықты түсінікті әрі қарапайым құралдардан, яки қазақстанық компаниялардың акцияларынан, не болмаса белсенді инвестициялаумен кәсіби инвестор айналысатын компаниялардан бастауға кеңес берер едім. Пассив инвестициямен айналысқысы келетіндерге үлеспұлдық инвестициялық қорлар дұрыс. Мысалы Jusan Invest бүгінде осындай 5 қорды басқарады. Олардың қай-қайсысының да үлесін қазақстандық қор бирасынан сатып алуға болады. Жалпы алғанда интернетте бұл тақырыпқа қатысты ақпарат өте көп. Өзімізден мысал келтіретін болсам, біз Jusan Academy-де бірнеше тегін курс жасап шықтық. Оның ішінде енді бастағысы келіп жүргендерге де мол пайдалы ақпарат бар. Ол жерде бәрін түсінікті жеткізгіміз келді. Одан қала берді Instagram, Youtube және Telegram желілеріндегі арналарымызды қазақша да, орысша да қатар жүргіземіз. Ең басты есте ұстау керегі — брокерлік компанияның брокерлік қызметпен айналысуға мемлекеттік органдар тарапынан берілген лицензиясы болуы шарт. Әрі егер брокер өз ісіне тиянақты, жауапты болса, онда клиенттеріне дұрыс бағыт беріп, инвестициялауға қажет құралдар мен тың идеяларды ұсынып отыруға тырысады. Ендеше, енді бастағалы жатқан инвесторларға менен 10 кеңес тізіп шығайын. 

«Оқы, оқы және оқы!»

Жеке инвестиция тақырыбын тереңірек меңгеруге уақыт аямаңыз. Өйткені бұл өте маңызды. Егер үтір-нүктесіне дейін біліп тұрсаңыз, ақшаңыз бен жүйкеңізді талай жерде сақтап қалады. Әсіресе, нарықтағы жағдай құбылып, белгісіздік белең алғанда инвестициялауға қаржылық сауат аса қажет.

Брокеріңіз сенімді болсын

Сенімді брокер таңдау үшін не істеу керек? Осы орайда ең маңызды екі дүниеге аса назар салуға кеңес беремін. Біріншіден, жоғарыда атап өткенімдей, оны мемлекеттік орган тарапынан берілген лицензиясы болуға тиіс. Қазақстанда ондай орган Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі деп аталады. Одан соң, компанияның нарықта жүргеніне қанша жыл болғаны, қаржылық көрсеткіштерінің қаншалықты көз тоярлық екені маңызды. 

Сатуды бастап кетіңіз

Бір нәрсе үйренгіңіз келсе, оны бастап көру керек. Тырысып көрмейінше, бәрі бекер. Бұл жол бұралаңға толы, түрлі қиындық кезігуі мүмкін. Сол себепті басында азғантай әрі өзіңіз сала алатындай соманы да инвестициялап, бірінші портфельді қалыптастырып алған жөн. Қазақстандық KASE қор биржасында құнды қағаздары тұрақты өсім көрсетіп, кейбірінде дивиденд төленетін түрлі қазақстандық компания бар. Мысалы, Казтрансойл, KEGOC корпорациясы, Kcell бар. Болмаса, үлеспұлдық инвестициялық қорлар да көп. Неге KASE десеңіз, мұнда қазақстандық нарықтағы жасалатын мәмілелерге алынатын комиссия өте аз. Ал брокерлік есепшот ашу, есеп жүргізу, құнды қағаздарды сақтау қазақстандық нарық үшін тегін. Алғашқы портфельді жасақтауды бір шыныаяқ кофенің құнына тең сомадан бастай беруге болады. Сөйтіп бірден активтеріңіздің құны қалай өзгеріп жатқанын бақылауға аласыз. Ал енді кейіннен, біліміңізді толықтырған соң одан әлдеқайда көбірек қаражатты инвестициялайсыз.  

Бірден байлыққа кенелем демеңіз

Нарықтағы жағдайдың ертең қандай боларын алдын-ала болжау қиын. Бірақ қысқа мерзімде мол табыс әкеледі деп кепіл берген адамның сөзіне сенбеңіз. Ондай уәдеге беретіндерге жоламаған жөн дер едім. Жауапкершілігі мол брокердің бойында болуы керек басты қасиеттің бірі — болжамдарды шынайы жасау және клиенттерінің құнды қағаздарына қатысты істеп жатқанының бәрін ашық көрсетіп отыру. Сонымен бірге жергілікті де, халықаралық та нарықта мәмілелер жасасу сауалдарына қатысты әлемдік ірі компаниялар мен сервистермен серіктес болғаны дұрыс. 

Нетворкиң құра біліңіз

Бұл — өте жақсы әрі пайдалы дүние. Сол үшін мүдделес адамдарды тауып алыңыз, тәжірибелі инвесторлардан кеңес сұраудан қысылмаңыз, әлемдік жаңалықтарды шолып отырыңыз, трендтерге ілесіңіз. Айталық, былтыр Jusan Invest бастамасымен Қазақстанда тұңғыш рет Radar атты әлеуметтік желісі іске қосылды. Мұнда клиенттеріміз кәдімгі әлеуметтік желілердегідей инвестициялауға қатысты ойын ортаға салып, сауалдарын қойып, өзіне ұнаған авторға жазылып, пікір жазысады.  

Шығынға ұшырауға әзір болыңыз

Бүгінде нарықта ойламаған жерден алай-дүлей бола салады. Сондықтан бір ыңғайлы уақытты күтпеңіз. Десе де, қуатты портфелі бар акцияларды алыңыз. Егер жалпы қоғамдық қолайсыз жағдай болса қалса, осы іргелі портфель сақтап қалады. 

Айналымдағы ақшаға дұрыс қарым-қатынас жасаңыз

Бұл дегеніміз — инвестордың ақшасы инвестициялық шотқа түскеннен кейін оны су жаңа смарфон не көлік алатын қаражат деп көрмеу. Егер сіз шығынға ұшыраған сайын «осы ақшаға мұның орнына не алар едім?» деп ойлай беретін болсаңыз, онда сіздің табандылығыңызға кері әсер етіп, сатып алған құралдарды бағасы өсіп не түсіп кеткенде салқынқанды ойлануыңызға мұрша бермейді. Ол ақша айналымда, есіңізде болсын!

Компания жайлы көп ізденіңіз

Инвестиция құйғалы жатқан компанияның акциясын сатып аларда зерттеңіз. Ең бірінші кезекте мықты менеджмент пен ұйымның өтімділігіне мән беріңіз. Өйткені ұзақ мерзімді жұмыс істеу үшін осы нәрселер маңызды. Сатып алғалы жатқан акцияңызды бүге-шүгесіне дейін білуге тырысыңыз.

Әртараптандырыңыз

Диверсификациядан портфельдің табыстылығы төмендейтінін есте ұстаңыз. Бұл жерде нарықтағы өзгерістер кезінде, әсіресе нарық кеңейіп жатқанда асыра сілтеп жібермесеңіз болғаны. Түрлі бағыттағы дайын инвестициялық портфельдер болады. Мәселен, сән, киберспорт, жасыл экономика, диджитал бизнес және т.б. Тіпті болмаса, менің портфелімді қарап шығып, қалауыңызға сай келетіндерге инвестиция құйсаңыз болады.   

Бәрі ойлағаныңыздай бола бермейтінін түсініңіз

Кейде инвестициялық ойыңыз жоспарлағандай болмай, ауытқып кетуі мүмкін. Егер ондай кезде сол компанияның болашағы жарқын болатынына қатысты нақты аргументтеріңіз болмаса, өзіңізді алдарқатып, «бұл уақытша ғана, әлі-ақ қымбаттап кетеді», «өзім болмас, балаларым пайдасын көрер» деп жүрмеңіз. Жай ғана позицияларды бекітіп қойыңыз. Құнды қағаздар нарығы балағынан байлығы сауғалап тұрған жер емес. Шығынға бататын да кездер болады.  

Валюта курсы құбылып тұрғанда нені ескеру керек?

Ұлттық валюта курсы тұрақсыз болып, құнсызданып жатқан шақта долларлық шоттар ашып, сенімді әрі ұзақмерзімді қаржылық құралдарға инвестициялау керек. Айталық, қазақстандық компаниялардың акцияларынан бір нұсқа ретінде түсімді шетел валютасында алатын Kazatomprom-ды айтуға болады. Сонымен бірге нарықтағы тұрақсыз ахуалды ескере отырып, шикізат өндіретін шетелдік компаниялардың акцияларын қарастырып көріңіз. Ал енді құнды қағаздарға инвестициялап, бірақ қандай акцияны қашан алып, қашан сатуға бас қатырғыңыз келмесе, allGA аралық үлеспұлдық инвестициялық қорын ұсынар едім. Қор доллармен жұмыс істейді, құрамында алдыңғы қатарлы америкалық компаниялар шоғырланған. Әрі табыстылық мөлшері 10 пайызға жақын болуын үнемі бақылауда ұстауға тырысады. Сатып алу және сатуға қатысты кеңестерді қор ішінде нағыз білікті мамандар айтып, жүзеге асырып отырады.      

Сондай-ақ оқыңыз