Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталды

Жарияланды (жаңартылды )
Оған «Қазақтелеком» АҚ қаражатын жымқырды деген айып тағылған

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталды. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаражатын жымқырды деген айып тағылған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлайды.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау деректері бойынша қылмыстық істі тергеуде. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қ.Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде» делінген агенттік хабарламасында.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Қайрат Сатыбалды 1970 жылы Алматыда дүниеге келген. Ол Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ағасы – Сатыбалды Назарбаевтың баласы. Ол «Alatau Capital Invest» компаниясының басқарушы серіктесі. Осы компания арқылы «Қазақтелеком» АҚ-да үлесі бар. Қазақстандық Forbes нұсқасы бойынша 2018 жылы ол ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына енген. Сондай-ақ оның меншігінде «Амир ЛТД» ЖШС, «Дүние Корпорейшн» ЖШС, «Дүние-Күзет» ЖШС, «Дүние-Агро» ЖШС бар.

Әр жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, «Қазақ мұнай» ұлттық компаниясы» ЖАҚ вице-президенті, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ бірінші вице-президенті, «Дүние» корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ оқыңыз