Өсті, өсті, экономика өсті. Министр Қазақстан экономикасының өсу себебін түсіндірді

Жарияланды
Тауар импорты 2,8 млрд долларды құраған

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл қаңтар-ақпанда ел экономикасының өсу қарқыны 3,5 пайызға дейін жеделдеген. Нақты сектордағы өсім 4,7 пайызды құраса, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,1 пайызға дейін ұлғайған.

Өсу процесіндегі цифрлар былай сөйлейді:

  • Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны – 2,6%;
  • Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны – 5,7%;

Инвестиция:

  • Құрылыс саласында 2,2 есе;
  • Білім беруде 2,2 есе;
  • Әлеуметтік қамсыздандыруда – 63%;
  • Ғылыми және техникалық қызметте – 34%;
  • Саудада – 32%;
  • Жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 19%;
  • Өнер, ойын-сауық және демалыста – 18,7%;
  • Көлік және қоймалауда – 17,2%-ға өскен.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Қызылорда және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда. Осы жылдың қаңтарында сыртқы сауда тауар айналымы 63% өсіп, 8,8 млрд долларды құраған. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 86% өсіп, 6,1 млрд долларға дейін жеткен. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 56% артып, 1,7 млрд долларға дейін жетіпті. Тауарлар импорты 2,8 млрд долларды құраған.

Сыртқы шоктардың теріс салдарын барынша азайту мақсатында Ұлттық Банк та біршама шараларды қолға алмақ. Оның біріншісі – валюта нарығын тұрақтандыру.

Екінші мәселе – инфляциялық тәуекелдерді төмендету. Осы мақсат жолында ҰБ ақпан айында базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтерді.

Үшіншісі – елдің халықаралық резервтерінің өсімі мен зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру.

«Ұлттық Банк нақты уақыт режимінде жағдайдың дамуын және олардың нарықтарға ықпалын қадағалап отырады. Қазақстанның қаржы жүйесіне Ресейге қарсы санкциялардың әсер ету дәрежесін бағалап, қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады» деді Пірматов.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Биыл 2 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. Мемлекеттік бюджетке 2 трлн 724 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 106,9% орындалды. Республикалық бюджетке 2 трлн теңгеге жуық кіріс түсіп, жоспар 100,9% орындалған.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы тұрақты инвестициялық белсенділік жедел экономикалық өсімнің негізгі факторына айналды. Кен өндіру саласын есепке алмағанда, инвестициялар 5,7%-ға өсті. Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Ақмола, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім байқалып отыр. Ең төмен көрсеткіштер Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді.

«Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру және экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұл үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет 2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасын іске асырып жатыр. Сондай-ақ Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге осы іс-шаралардың сапалы және тиімді орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын» деді премьер-министр.

Сонымен қатар әкімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуі тиіс. Ол үшін қажетті құралдар бар. Сондай-ақ нарықтағы құбылмалы жағдайды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бақылауды күшейтіп, инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеуі қажет. Бұған қоса, қазіргі жағдайда іскерлік белсенділікті әрі қарай дамыту үшін индустрияландыру жұмыстарын тиімді жүргізудің, экономикаға, әсіресе, шикізаттық емес секторға ішкі және сыртқы инвестицияларды тартудың, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор.

Сондай-ақ оқыңыз