Елімізде брокерлік шот ашып жатқан әйелдер саны артуда

Жарияланды

Қазіргі уақытта ол  42 %-ды құрайды

Қазақстанда брокерлік шоттар иелерінің арасында әйелдердің үлесі күннен-күнге артуда,  бүгінгі күнге ол 42 %-ды құрайды. Небәрі бір ай ішінде қор нарығындағы инвестор әйелдердің саны 1,4 есеге өскен. Әлемдік үрдістен қалыспай Қазақстандық әйелдер де инвестициялау процесіне белсенді ат салысуда.  Бұл туралы fingramota.kz сайты Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің деректері бойынша 2022 жылғы ақпанда Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркелген субъектілердің саны 293 мыңнан асқан, бұл қаңтардағы көрсеткіштерден 30,8 % -ға көп. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2021 жылғы екінші жартыжылдық бойында қосалқы шоттардың саны небәрі 18,9%-ға өскен. Қосалқы шоттардың басым бөлігі жеке тұлғалардың атына ашылған. Ағымдағы жылғы 1 ақпаннан олардың саны 69 мыңға өсті.  

Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің статистикасына жүгінсек, қазақстандық бөлшек инвестор күннен-күнге жасарып келе жатыр. Соңғы айда 18-24 жас аралығындағы жеке тұлғалар – брокерлік шот иелерінің саны екі есе артып, бұл көрсеткіш 50 мың адамнан асты. Ақпан айында жас инвесторлардың үлесі 17,8%- ды құрады, бұл қаңтардағы көрсеткіштен 6,5%-ға артық. Кәмелет жасына толмаған азаматтардың атына ашылған брокерлік шоттар да бар, дегенмен олардың үлесі әлі де 0,1%-дан аспайды.

Ал аға буын өкілдеріне жататын бөлшек инвесторлардың саны, керісінше, азаюда. 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі қаңтардағы 21,2%-дан ақпан айында 17,5%-ға дейін қысқарды. Дегенмен де, абсолюттік көрсеткіштерде біраз өсу  – 3 785 адамға көбейгені байқалады.  Бөлшек инвесторлардың басым бөлігін бұрынғыдай 35-54 жас аралығындағы (35,8 %), олардан кейін – 25–34 жастағы (28,8 %) топ құрайды.

Өңірлер бөлінісінде қарайтын болсақ, жеке тұлға-ұстаушылардың қосалқы шоттарының басым бөлігі республикалық маңызы бар үш қаланың екеуіне тиесілі – Алматы (22,9 %) және Нұр-Сұлтан (9,2 %). Сондай-ақ, 9,2%-ы қаңтар айымен салыстырғанда позицияларын шамамен 2 есе ұлғайтқан  Түркістан облысының еншісінде. Үшінші орынды Қарағанды облысы (7,2 %) иеленеді.

Сондай-ақ Жамбыл (5,7 %) және Қызылорда (4,2 %) облыстарында да өсудің ұлғаюы байқалады. Ақпанда олардың көрсеткіштері қаңтардағы көрсеткіштермен салыстырғанда 3,3 есеге артты. Ең аз ашылған брокерлік шоттар саны Қостанай (2,8 %), Ақмола (2,2 %) және Солтүстік Қазақстан (1,4 %) облыстарында.

Сондай-ақ оқыңыз