Ол екі кезеңге бөлінеді
Шанхайда COVID-19 коронавирусының өршуі аясында соңғы екі жылдағы ең үлкен оқшаулау дүйсенбіде басталды, деп жазады Интерфакс-Қазақстан.
Локдаун екі кезеңге бөлінеді және 2019 жылы коронавирус анықталған Уханьдағы оқшаулаудан кейінгі Қытайдағы ең қарқынды болады. Бірінші кезеңде, яғни дүйсенбіден жұмаға дейін Шанхайдың Пудун экономикалық ауданы мен оған жақын аудандар жабылады. Екінші кезең жұма күні, Хуанпу өзенінің батысындағы Шанхайдың орталық бөлігі локдаун үшін жабылған кезде басталады.
Осы кезеңдерде тұрғындардан үйде болу талап етіледі, кеңселер мен маңызды деп саналмайтын кәсіпорындар жабылады, қоғамдық көліктер тоқтатылады. Сондай-ақ ,қала COVID-19-ға жаппай тестілеуден өтеді.
Жексенбіде Шанхайда 3,500-ге жуық адам коронавирусқа оң сынақтан өтті, олардың тек 50-і ғана COVID-19 белгілерін көрсетті. Қытайда пандемияның бүкіл кезеңінде 144,5 мыңға жуық коронавирус инфекциясы және аурудың салдарынан 4,6 мыңға жуық қайтыс болғандар анықталды.