Ресурстар

Қазақстан Ресейді айналып өтетін көлік бағыттарын анықтап жатыр

Ақтау арқылы жүк экспорты биыл 4 млн тоннаға артады

Бүгін үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстаннан Еуропаға экспорт және транзит жүк жеткізудің балама бағыттары пысықталды деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, министрлік жүк жеткізу логистикалық тізбегі бұзылмас үшін жедел шара қабылдаған. Атап айтқанда, экспортқа кететін жүктер Латвия порттарына (Лиепая, Рига, Вентспилс) және Транскаспий халықаралық көлік маршрутына (ТХКБ) қайта бағытталған.

ТХКБ аясында еліміз Әзірбайжан, Грузия және Түркиямен БКЛК (Біріккен көлік-логистикалық компания) сынды бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаласқан. БКЛК құрылтайшылары –  Қазақстан темір жолы,  РТЖ және «Беларусь темір жолы» компаниялары. Бәрінің үлесі тең – 33 пайыз. БКЛК ҚХР-дан ЕО-ға тұрақты түрде жүк контейнерін тасымалдайды.

Мультимодальдық маршрут Ақтау/Құрық теңіз порттары арқылы, одан әрі фидер және паром желісімен Баку (Алят) портына және Әзірбайжан мен Грузия темір жолымен Грузияның Батуми және Поти порттарына дейін, одан әрі Еуропаға немесе Баку – Тбилиси – Карс темір жолы арқылы Түркияның Стамбул, Мерсин порттарына дейін және одан әрі Еуропаға дейін созылады.

Ақтаудан Батуми/Потиге дейінгі жол шамамен 1 300 км, оның ішінде Ақтау-Баку – 450 км (теңіз жолымен), Баку-Батуми/Поти – 850 км (темір жолмен). Каспий теңізін айналып өтетін балама теміржол бағыты Дина Нұрпейісова станциясы – Самур станциясы (Дағыстан, РФ) – Бейюк станциясы-Кясик (Әзірбайжан) – Поти/Батуми порты 1 792 км арқылы өтеді.

Осы жұмыс шеңберінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында «Контейнерлік хаб» құру жоспарланған. Бұл жобаны іске асыру үшін Сингапурдың PSA International компаниясымен келіссөздер жүргізілді. 

Сонымен қатар, Maersk, MSC және Cosco Shipping сияқты әлемдік контейнер операторларының паркін тарту көзделген.

Теңіз тасымалы саласында сондай-ақ жеке бизнесті тарта отырып, сауда флотын 4 пароммен толықтыру жоспарланып отыр.

Жалпы, биыл 4 млн тоннадай экспорттық жүкті қайта бағдарлауды ескере отырып, Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар.

Айта кетейік, 22 наурызда қатты дауыл салдарынан Новороссийск маңындағы теңіз терминалындағы жылжымалы айлақ құрылғылары істеп шыққан. Нәтижесінде КҚК арқылы кететін мұнай экспортының үш есе қысқару қаупі туындады.