Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға 747 млн теңге жымқырды деген айып тағылды

Жарияланды
Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты «бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру» фактісі бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

«Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 млн теңге) бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде» делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді деп мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталған еді. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаражатын жымқырды деген айып тағылған.

Сондай-ақ оқыңыз