2020-2021 оқу жылында қазақстандық 26 оқушы беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегері атанған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында дарынды балаларды, сондай-ақ олардың педагогтарын жан-жақты қолдау міндетін қойған еді. Министрлік өкілі Гүлмира Кәрімова мектептегі білім берудің сапасы мен тиімділігін сипаттайтын негізгі параметрлердің бірі оқушыларды республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатыстыру деп санайды.
«Қазір министрлік нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу арқылы критерийлер мен тізімдер әзірлеуде. Арнайы тізімге енген олимпиадалар мен шығармашылық сайыстардың, спорттық жарыстардың жүлдегерлері болашақта жоғарғы оқу орындарына конкурссыз түсе алатын болады. Соңғы үш жылда оқушылар жеңімпаз атанған жағдайда, олар да осы ерекшелікке және ынталандыру бағытына қатыса алады. Бірақ өздерінің қатысқан пәндері болашақта ЖОО-ға түсетін профиліне сәйкес болуы тиіс» дейді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы.
Сонымен қатар, ынталандыру мақсатында жеңімпаз атанған оқушыларға және олардың мұғалімдеріне бір жолғы сыйақы беріледі.
«Халықаралық олимпиадалардың алтын медаль иегеріне – 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль иегеріне 500 АЕК мөлшерінде сыйлық беріледі. Ал педагогтары тиісінше, 150, 100, 50 АЕК мөлшерінде ала алады. Қазіргі таңда бұл нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Ол Сенаттың қарауына берілді. Бұл норма бекітілгеннен кейін ол іске асырылатын болады» деді комитет төрайымы.
Сонымен қатар Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында педагогтердің біліктілігін кемінде үш жылда бір рет арттыру нормасы енгізіледі.
«Бұл ретте халықаралық тәжірибе қарастырылды. Білім саласында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Финляндия елінде мұғалімдер біліктіліктерін жыл сайын арттырады. Педагогикалық қызметті жаңадан бастаған мұғалімдердің шамамен 70%-ы кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігі жөнінде мәселе көтеріп, үш жылда бір рет оқу жағдайын қалап отыр. Сондай-ақ, мұғалімдердің жыл сайын үздік ұстаздардың сабақтарына, конференцияларға, арнайы съездерге қатысуы да ынта ретінде олардың болашақтағы біліктіліктерін арттыруға үлкен серпін болады деп ойлаймыз» дейді Кәрімова.
Қазіргі кезде ведомство мұғалімдер тапшылығы байқалған өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы жоба әзірлеген. Жүргізілген зерттеудің нәтижесінде Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында педагогтер тапшылығы анықталыпты. Гүлмира Кәрімованың айтуынша, жалпы статистикалық зерттеулер және PISA-2018 зерттеуінің, сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері бұл өңірлерде білім сапасының да төмен екендігін көрсеткен.
«Жоба мамыр-маусым айларында іске асырылады. Қазіргі таңда әрбір осы 4 аймақта үйлестіру кеңестері мен БҒМ жанынан комиссия құрамы құрылды. Оған Ұлттық академия, «Өрлеу» біліктілік орталығының және Назарбаев зияткерлік мектептері орталықтарының қызметкерлері енді. Бүгінде осы өңірлерде жұмыс істеуге ниетті мұғалімдерден өтініштер келіп түсіп жатыр. Оларға бінеше талап қойылады – ең бастысы, жоғарғы педагогикалық білім немесе кәсіби жоғарғы білімнің болуы. Екіншіден, олар конкурсқа қатысып, тесттен өтуге міндетті, содан кейін эссе жазады және конкурсқа қатысқан адамдармен диалог ретінде сұхбат өткізіледі. Бұл кезеңдерден сүрінбей өткен адамдар осы 4 өңірге жіберіледі. Өңірлерге барып жұмыс істейтін мұғалімдерді ынталандыру үшін олардың еңбекақысы 2 есе өседі, коммуналдық төлемдер мен баспана жалдау ақысы өтеледі. Сонымен қатар, конкурстан өткен мұғалімдер үшін алдын ала 4 апталық қайта даярлау курстары өткізіледі. Олармен тұрақты байланыс орнатылып, шеберлік сыныптары, вебинарлар онлайн-оффлайн форматта ұйымдастырылып тұрады» дейді спикер.
Министрлік барлық білім беру ұйымдарында төртінші тоқсан штаттық форматта басталады және оқу жылы дәстүрлі түрде – 25 мамырда аяқталады деп хабарлап отыр. Бірінші сыныпқа өтінім қабылдау 1 сәуірде басталмақ. Баланың ата-анасынан немесе заңды өкілінен еркін нысандағы өтініш, емханадан 026/у-3 және 063/у нысанындағы анықтамалар, сондай-ақ туу туралы куәліктің көшірмесі және 3х4 екі фотосурет талап етіледі.
Талдау көрсеткендей, ата-аналардың 80%-ы электронды түрде жұмыс істегенді жөн көреді, сондықтан өтінімдер Еgov.kz электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы да қабылданады. Айта кетейік, бірінші сыныпқа туған күні желтоқсан айының соңында болатын балалар да бара алады. Ал «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов 2022-2023 оқу жылына мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау конкурсы дарынды балаларға арналған 71 мектепте өтетінін айтады.
«Үміткерлердің құжаттарын қабылдау 2022 жылдың 1 наурызы мен 1 сәуірі аралығында www.qabyldau.daryn.kz порталы арқылы жүргізіледі. Конкурс «Дарын» орталығы белгілеген мерзімде бекітілген кестеге сәйкес 15 – 30 сәуір аралығында өтеді. Мамандандырылған білім беретін ұйымдары 5, 6, 7 сыныптың оқушыларын қабылдайды» деді спикер.
Облыстарда орналасқан дарынды балалар мектептері 5,6,7 сыныптарға оқушыларды қабылдайды.
Сонымен қатар, «Мың бала» олимпиадасының қорытындысы бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына 10% квота бөлінеді. Мамандандырылған мектепте білім алатын бастауыш сынып оқушысы орта мектепке емтихансыз өтеді. Іріктеу конкурсы электронды форматта өткізіледі.
Оқушыларды мамандандырылған мектептерге қабылдаудың ашықтығын қадағалау үшін электронды платформаның көмегімен прокторинг жүйесі қолданылмақ. Ғимаратта, аудиторияларда және конкурстық іріктеу өткізілетін орындарда бейнебақылау және аудио жазба жүйелері қамтамасыз етіледі.