Ұлттық банк номиналы 200 теңгелік банкноттардың төлем қабілеттілігі туралы мәлімдеді

Жарияланды

ҚҰБ номиналы 200 теңгелік банкноттардың заңды төлем құралы болып қалатынын мәлімдеді

Қазақстан Ұлттық Банкіне (бұдан әрі – ҚҰБ) халықтан өтініштер түсе бастады. Азаматтардың айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан номиналы 200 теңгелік банкноттарды қабылдаудан бас тартқан жағдайлар бар. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

ҚҰБ номиналы 200 теңгелік банкноттардың заңды төлем құралы болып қалатынын еске салады. Олар 200 теңгелік монеталармен айналымда қатар жүреді және төлемдердің, банктік операциялар мен аударымдардың барлық түрі бойынша қабылдануға міндетті.

Бұл банкноттарды банктер мен «Қазпошта» АҚ-ның барлық бөлімшесінде, сондай-ақ, ҚҰБ филиалдарында ұсақтауға және айырбастауға болады. Олар табиғи тозығы жеткенде ғана айналымнан алынады.

Мұндай банкноттарды қабылдаудан бас тартқан тарапқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 

Егер сізден номиналы 200 теңгелік купюраларды қабылдамаса, онда ҚҰБ-тың жақын маңдағы аумақтық филиалына хабарласу қажет. Сонымен бірге, видеоға түсіруге немесе банкнотты қабылдаудан бас тарту себебін жазбаша талап етуге кеңес береміз.

Филиалдарымыздың мекен-жайы мен байланыс телефондары ҚҰБ сайтында көрсетілген. Қосымша сұрақтар болса, ҚҰБ-тың байланыс орталығына 1477 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз