Жеміс ағаштарының 20 пайызы үсіп кетті

Жарияланды
«Қазақстан бақтары» консорциумының төрағасы Нұрлан Құраловпен сұхбат

2021 жылдың аяғында ауыл шаруашылығы ішінде жеміс өсірумен айналысатын шаруалардың бастамасымен «Қазақстан бақтары» консорциумы құрылды. Оның жұмысы елдегі жеміс-жидек өнімінің көлемін арттыруға, ішкі сұранысқа толық жауап беруге бағытталған. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатқанын және бұл саладағы түйткілдер жайлы «Қазақстан бақтары» консорциумының төрағасы Нұрлан Құралов айтып берді.

– Былтыр құрылған «Қазақстан бақтары» консорциумының мақсаты қандай? Кім мүше бола алады?

– Мұндай консорциум әлем бойынша ауыл шаруашылығы дамыған елдерде бар. Неге ассоциация немесе кооператив емес деген сұрақ та туындауы мүмкін. Егер бағбандар қауымдастығы дер болсақ, оған тек бау-бақшасы бар адамдар ғана кіреді. Ал консорциум нақты мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған адамдардың басын қосады.

Қазақстан, оның ішінде Алматы алманың отаны болса да, неге әлі күнге дейін шетелден алма алып келеміз? Қазір бізге жеміс-жидектің 40-50%-і шетелден келеді. Оның бағасы шамамен 1 миллиард долларға жетеді. Осы мәселенің шешімі қандай деп қарастырғанда Чилидің тәжірибесіне сүйендік. Бұл елде консорциум құрып, оның құрамына ғалымдар, бау-бақшасы бар шаруалар, өнім өндірушілер кірген. Шаруа тек жемісті өсіріп, оны сата алмаса, еткен еңбектің еш кеткені.

Алматы, Түркістан және Жамбыл облысында шамамен 35 мың гектар бау бар. Оның ішінде 5 мың гектар жердің басын құрап отырмыз. Қазір қатарға жүзден аса кәсіпкер қосылды, оның ішінде химиялық қоспа өндірушілер, логистика компания өкілдері, шаруалар бар.

Қазір мониторинг жүргізіп, қай жерде, қай аграрда қанша алма, шабдалы, өрік шығатынын бақылау үшін ақпараттық жүйе құрдық. Соған қарап сауда нүктелерімен алдын ала келісімшарт жасаймыз. Өнімді шаруалардан жинап алып, әрі қарай сақтау, сату мәселесіне қатысамыз.

– Жеміс не себепті басқа елден көп әкелінеді? Қазақстандық шаруалар ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай отыр ма?

– Қазақстан алма өндірісі бойынша әлем бойынша 45-орында тұр. Қазір алма елімізге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Польшадан, Қытайдан әкеледі. Қазір жылына елімізде 200 мың тонна алма жиналады. 3-4 жылдың ішінде бұл көрсеткішті бір миллион тоннаға жеткізу керек. Оған толық мүмкіндік бар.

Қазірге дейін елімізде өсетін жемістердің сырттан әкелініп жатқанын шаруа мен ауылшаруашылығы министрлігінің ғана мәселесі емес, оны экономика министрлігі, білім және ғылым министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі – барлығы бірге шешуге тиіс.

Иә, ішкі өнім жетіспейді. Неге? Алматы облысында да, Түркістан облысында Түлкібас, Сайрам, Ордабасы аудандары алма өсіруге өте ыңғайлы. Ал қазір ауылшаруашылығы министрлігінің бар назары мал шаруашылығына ауып кетті.

Ішкі сұранысты толық қамту үшін өнім көлемін көбейту керек. Бұл жерде ғалымдармен тығыз байланыс жоқ. Ғалымдар қандай технология қолданып, қандай дәрі қажет екенін айтуы қажет. Бізде дәрі де қымбат. Ал ол дәріні дер кезінде бермесең, өнімге әсер етеді.

– Консорциум жұмысы жеміс-жидектің бағасына қалай әсер етеді?

– Біздің басты жұмыс бағытымыздың бірі – шаруаның табыс табуы. Шаруа мен сатушы, арасындағы делдал – үш тарапқа да тиімді болатындай жағдайды ойластырып жатырмыз. Ірі қалаларда бақтан сөреге дейін жобалары іске асып жатыр.

Қазір шаруа алманың бір келісін 200 теңгеге сатып, ол дүкен сөресінде 300 теңгеден сатылатындай жағдайға жетуге атсалысып жатырмыз. Қазір дүкендерде 500, 600 теңгеге жетіп отыр. Демек, өнімнің бастапқы бағасы үш есе қымбаттаған.

Алма туралы біраз айтылды, одан бөлек еліміздің климаты басқа қандай жемісті өсіруге қолайлы?

– Жамбыл облысы мен Түркістан облысының табиғаты қара өрік өсіру өте қолайлы. Кейінгі кезде су тапшылығы да байқалып келеді. қара өрік шөлге де төзімді. Кейінгі жылдары сұранысқа да ие.
Қазір өңірлерді қарасақ, Ордабасы ауданы мен Түркістан қаласында шаруалар алма еккен. Ол жаққа қара өрік отырғызу керек. Осыған қатты көңіл бөліп, ғалымдарды осы іске тарту керек. Мұны шаруа шешпеуі керек, жаңадан шыққан сұрып пен жергілікті табиғи климатқа сай келетін жемісті ғалымдар айтуы керек.

Қазір шараптың 70-80%-і шеттен келеді. Өзімізде өсіп жатқан жүзімді өндіріп, шарап жасауға болады. Алма, қара өрік, жүзім – елімізде өнім беретін басты үш жеміс.

Одан бөлек құрма, жаңғақ секілді дәндерге көңіл бөлінуі керек. Үкімет тарапынан қолдау деген тек субсидия бөлу емес. Жаңғақ он жылда жеміс береді, яғни ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарлама қажет. Басқа жемістер бірнеше жылда өнім береді.

Кейінгі кезде ауа райының бұзылуына байланысты жеміс ағаштарының гүлдері үсіп кетіп жатыр. Оның шығыны қалай есептеледі?

– Табиғат болғандықтан, ауа райы әртүрлі болады. Былтыр да жемістер гүлдеп тұрған кезде суық ұрып кетті. Қазір жемістің қанша проценті үсіп кеткенін нақты айту мүмкін емес, қазірге дейін жаңбыр жауып, күннің көзі көрінген жоқ. Гүлдеп тұрған шабдалы, өрік, қара өрік секілді жеміс ағаштарының 20%-і үсіп кетті деуге болады.

Басты мәселе – елімізде агросақтандырудың болмауы. Бау-бақшаны сақтандыру енгізу қажет. Сақтандырумен айналысатын компаниялар бар, ауылшаруашылығы министрлігі солармен келісіп, жемістің белгілі бір бөлігі үсіп кетсе, оның қандай да бір бөлігін өтеп беру бойынша келісім орнатуы қажет. Шаруалар шығынның толық өтелгенін қалайды, екінші тарап өз ұсынысын айтып, ортақ келісімге келуге болады

Сондай-ақ оқыңыз