Пайдаланылмай бос жатқан жер жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына беріледі
Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына беріледі. Сонымен қатар, негізсіз жекешелендірілген объектілерді мемлекет меншігіне беру тетігі де қаралып жатыр, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, барлық өңірлерде дерлік жайылым жерлер өте өзекті мәселе болып отыр, алайда 2019-2021 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 8,1 млн га пайдаланылмайтын немесе мақсатты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. Тиісті шаралардан кейін осы көлемнен 3,4 млн га жер телімін бұрынғы меншік иелері игере бастады. 2,1 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде 2,6 млн га жергілікті атқарушы органдардың қарауында.
« Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер нақты жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.