Ресурстар

«Самұрық-Қазына» қай компанияларды IPO-ға шығарады?

Жекешелендірілетін компаниялар тізімі де дайындалып жатыр

«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесі мен сарапшылар IPO мен өзге де тәсілдер арқылы бәсекелес ортаға шығатын Қор активтерінің тізбесін қарады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Тізімдегі компанияла саны 2,5 есе өсіп, 253-ке жеткен. Олардың арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» АҚ және т.б. бар. Бұл – тек холдингтік компаниялар ғана емес, сонымен қатар капиталдандыруы төмен кәсіпорындар. Оларды IPO шығару мен жекешелендіру әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді нарықтық экономика құру бағытына жүзеге аспақ.

Сарапшылар не дейді?

Аталмыш мәселе талқылаған отырысқа қаржы саласының 30-дан астам өкілі шақырылған. Сыртқы сарапшылар ретінде Қазақстанның ірі инвестициялық банктері мен компанияларының басшылары, көрнекті ғалымдар мен қаржыгерлер қатысқан.

Сарапшылардың көпшілігі бәсекелес ортаға шығарылатын активтер тізімін кеңейтуді қолдады. «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго» немесе «KEGOC» сияқты ірі энергетикалық компаниялардың жекешелендіріліп, IPO-сы өткеннен кейін олардың өніміне тариф белгілеу мәселесі қоғамды алаңдатып отырғаны да айтылған. Қоғамдық кеңес төрағасы Болат Жәмішев стратегиялық компаниялардың бақыланбайтын акциялары сатылғанына қарамастан, оларды бақылау мемлекет құзырында қала беретінін атап өтті. Себебі мемлекет (Қор арқылы) бақылау пакетін өзіне қалдырады. Сонымен қатар, мемлекет бұрынғысынша салалық реттеуші органдар көмегімен тарифтерді белгілеуге ықпал ете алады.

IPO қашан өтеді?

Отырыста көтерілген негізгі мәселелерінің бірі – Қор компанияларының IPO-ға шығу мерзімін анықтау.

«IPO-ға шығаратын қолайлы сәтті күткенімен, нақты болжай алмаймыз, сондықтан оны қазір ұйымдастыра беру керек» дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Данияр Темірбаевтың пікірінше, қазіргі баға конъюнктурасына байланысты «ҚазМұнайГаз» сияқты мұнай-газ компанияларының IPO-сын өткізетін қолайлы уақыт келіп тұр.

«Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанаділ Қор IPO өткізу мерзіміне қатысты ұсыныстарды міндетті түрде ескеретініне тоқталып, түпкілікті шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайтынын атап өтті.


Тағы бір маңызды мәселе Қазақстан азаматтарының ірі компаниялардың IPO-сына қатысуы. Сарапшылар тиісті ақпараттық науқанды өткізуге ақша үнемдемей, кемінде бір ай бұрын алдын ала қоғамдық түсіндіру мен роуд-шоу (азаматтармен кездесулер) көптеп өткізу қажет дейді. Бірқатар мамандар IPO кезінде қазақстандық жеке тұлғалар мен институционалдық инвесторлардың өтініштері бірінші кезекте қанағаттадырылуы тиіс деп тұжырымдайды.

Жиын соңында қазіргі нарықтық жағдайды және сыртқы факторларды ескере отырып, жекешелендіре мерзімін қайта қарау, жеке инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктерды пысықтау, түсіндіру жұмысын жүргізу, жекешелендіруге ең бірінші кезекте Қордың негізгі қызметімен айналыспайтын шағын компанияларын шығару, таратылатын кәсіпорындардың тізімін ӘКК мен әкімдіктерге жіберу туралы шешім қабылданды.

30 наурызда кеңес отырысының Хаттамасы бекітілді. Енді Қордың портфельдік компанияларын кеңейтілген жекешелендіру жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметі қарайды.