Кейінгі бес жылда Қазақстан отандық өндіріс көлемін арттырып, және азық-түлік шикізаты мен құрылыс материалдарының көптеген түрі бойынша ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Алайда өңдеу өнеркәсібіндегі жағдай басқа: отандық азық-түлік, киім-кешек, техника, дәрі-дәрмек өндірісі халықтың сұранысын қанағаттандыра алмайды.
Ресурстар
Инфографикадағы ресурстар мен тауарларды өндіру, пайдалану теңгерімі туралы статистикалық деректі екі үлкен топқа бөлуге болады: біріншісіне Қазақстанда ішкі нарық үшін жеткілікті көлемде өндірілетін өнім түрлері кірді. Екінші топта – сұранысы импортпен толтырылатын тауарлар.
«Ресурстар»блогын толығымен бірінші топқа жатқызуға болады, өйткені тізімдегі минералдық шикізаттың барлық түрі экспортқа бағдарланған. Энергетикалық компаниялар өндіретін өнімнің қанша пайызы ел ішінде қалатыны және қай бөлігі шетелге сатылатынын инфографикадан көруге болады. Мысалы, 2021 жылы Қазақстан бір жылда өндірілген шикі мұнайдың 77%-ын (65,7 млн т) экспорттады, 23%-ын ішкі нарыққа қалдырды (19,9 млн т). Бес жыл бұрын бұл арақатынас басқа болатын: өндірілген мұнайдың 81%-ы экспортқа кетсе, 19%-ы Қазақстандағы МӨЗ-де өңделетін. Физикалық көлемде ел ішінде пайдаланылатын қазақстандық мұнай көлемі азайған жоқ.
Көмірді алсақ, бұл отын түрінің шамамен 70%-ы елде қалып, ал 28-30%-ы экспортталады. Бұл сан соңғы бес жылда өзгерген жоқ.
Қара металлургияның негізін құрайтын –темір кені өндірісінің төрттен үш бөлігі Қазақстанда қалады. Былтыр 63,7 млн тонна шикізат өндірілген. Соның 49 млн тоннасы қазақстандық зауыттарда өңделді, төрттен бөлігі (14,5 млн тонна) Ресей (65%) мен Қытайға (35%) сатылды. Кейінгі екі екі жылда қазақстандық кен орындарында темір кенін өндіру айтарлықтай, 2019 жылмен салыстырғанда 40 пайызға өскен. Қосымша өндірістің басым бөлігі отандық кәсіпорындарда қайта өңдеуге жіберілді.
Азық-түлік өнімдері
Азық-түлік блогында ішкі нарық бірнеше өнім түрі бойыншасшетелдік өндірушілерге тәуелді емес. Әдетте бұл: ет, сүт, ұн, жарма, тұз, жұмыртқа, нан-тоқаш өнімдері. Сонымен бірге кейінгі бес жылда ішкі тұтынудың өсуімен қатар, отандық өндіріс үлесі де өсті.
Мәселен, егер 2017 жылы қазақстандық фермерлер Қазақстан халқы тұтынатын ет пен ет өнімдерінің 82%-ын өндірсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 86%-ға дейін өсті. 2021 жылы Қазақстан бұл тауарлардың тек 14% -ды ғана импорттады, импорт негізінен АҚШ, Ресей және Беларусьтен әкелінген.
Қазақстандықтардың сүт пен жұмыртқаға деген қажеттілігінің 95%-ын отандық сүт фермалары мен құс фабрикалары жабады. Бұл тез бұзылатын тауар экспортының үлесі өте аз.
Ұн мен жарма – ішкі нарық үшін де, экспорт үшін де жеткілікті өнім түрлері. Былтыр Қазақстан ұн өндірушілері өндірген 2,8 млн тонна ұнның жартысы ішкі нарыққа, жартысы шетелге сатылды. Дәнді дақылдарға қатысты жағдай осындай болды.
Ал қайта өңдеу саласында жағдай нашар. Өзінде шикізат жеткілікті болғанымен, базардағы шұжықтың әрбір екінші таяқшасы Қазақстанға импортталады. 2021 жылғы дерек бойынша, халықтың консервіленген ет өнімдері мен шұжық өнімдеріне қажеттілігін отандық өндірушілер тиісінше 61 және 56% ғана қанағаттандыра алған. Қазақстанда осы қайта өңдеу саласының баяу дамып келе жатқанын соңғы екі жылда импорттың өсуі де растайды.
Наурыз айындағы ең көп талқыланатын өнім – қант Қазақстанда ішкі сұранысты жабатын деңгейде өндірілмейді. Отандық тауар өндірушілер ішкі нарықты былтыр бар-жоғы 42%-ға қамтамасыз етті. ҚР-дағы тәтті өнімнің басым бөлігі – Ресейден келетін импорт. Ал сандар соңғы бес жылда қазақстандық кәсіпорындардағы қант өндірісі қысқарып келе жатқанын байқатады. Егер 2017 жылы елімізде 306 мың тонна өнім өндірілсе, былтыр – 224 мың тонна (минус 27%). 2022 жылдың қаңтарында, 2021 жылдың бірінші айымен салыстырғанда, көрсеткіштер үштен бір есе төмендеген.
Қазақстанда сыра, арақ және коньяк өндірісіндегі жағдай «біршама жақсы». Кейінгі бес жылда ішкі нарыққа шығарылған тауар көлемі артып, жергілікті тауар өндірушілерге өз позициясын нығайтуға мүмкіндік берді. Енді жергілікті сыра қайнатушылар нарықтың 90%-дан астамын алып отыр, ал ликер-арақ өнімдерін шығаратын компаниялар үлесі ішкі нарықтың 80%-ын құрайды. Бұл жердегі басты минус – қазақстандықтар көп іше бастаған. Бұған соңғы жылдары алкоголь ішімдігін тұтынудың өскені туралы сандар дәлел бола алады.
Азық-түлік емес тауарлар
Инфографикада ұсынылған 19 азық-түлік емес тауардың тек біреуіне қатысты жағдайды «импортқа тәуелсіз» деп жіктеуге болады. Бұл – портландцемент. Былтыр цемент зауыттары 12,7 миллион тонна құрылыс материалын өндірген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 17%-ға көп, тыңайтқыш (99%), құрылыс металл конструкциялары (87%) сияқты тауарлар өндірушілері ішкі сұранысты толық дерлік жауып тастады.
Қалған азық-түлік емес тауарлар: жеңіл өнеркәсіп, автомобиль, фармацевтика, ағаш өңдеу өнеркәсібі бұйымдары Қазақстанда жеткілікті мөлшерде өндірілмейді. Ал кейбірі тіптен өндірілмейді. Оған тұрмыстық электр аспаптары мен жабдықтар кіреді.
Қазақстандық жеңіл өнеркәсіптің ішкі нарықтағы үлесі тым аз болғандықтан, (1-ден 3%-ға) импортпен бәсекелесе алмайды. Мысалы, былтыр отандық компаниялар 1,4 млн жұп аяқ киім тіксе, халықтың сұранысы одан 35 есе жоғары.
Материал ҚР Ұлттық статистика бюросының статжинақтарында көрсетілген деректер негізінде әзірленген.