Екінші деңгейлі банктер ақпан айында 242 млрд теңге таза пайда тапқан

Жарияланды (жаңартылды )
Агенттік банк саласындағы жағдай тұрақты дейді

Ақпан айында банк секторының жиынтық активтері 3,3%-ға  өсіп, 38,2 трлн теңгені құрады. Оған негізінен несие портфелінің 3,5%-ға немесе 670 млрд теңгеге өсуі себеп болған. Сонымен қатар, банктер бір айында 242 млрд теңге таза пайда тапқан.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, Қазақстанның екінші деңгейлі банктерініі шамамен 11,18 трлн теңге немесе активтердің 29,3%-ын құрайтын өтімділігі жоғары актив қоры бар. Артық өтімділік банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Банк секторының міндеттемелері ақпан айында 3,6%-ға өскен. Оған себеп – клиент салымдарының 4,2%-ға өсуі. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 33,54 трлн теңгені құрап отыр. Банктердің жиынтық міндеттемелерінің 79,3%-ын немесе 26,61 трлн теңге көлеміндегі депозиттік портфель құрайды.

«2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 19,2%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 23,1%, бұл жүйе бойынша орташа алғанда заңнамада белгіленген нормативтерден айтарлықтай асып түседі. 2022 жылғы ақпан айының қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 242 млрд теңгені құрады. Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 2022 жылғы 1 наурызда 3,8% (2021 жылғы 1 наурызда – 2,6%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 31%-ды құрады (2021 жылғы 1 наурызда – 20,2%)» делінген агенттік хабарламасында.

Экономикаға берілген кредит  ақпан айында 3,3%-ға өсіп, 18,5 трлн теңгені құраған. Жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 11,03 трлн теңгеге жетсе, заңды тұлғаларға 8,07 трлн теңге несие берілген. Жаңадан берілген кредит – 1,79 трлн теңге.

«Бұл айда банктер негізінен өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік саласына көбірек несие берген. Ал төлем мерзімі 90 күннен  кешіктірілген кредиттердің үлесі кредит портфельдің 3,5%-ын немесе 710,5 млрд теңгені құраған. (2022 жылдың басында  – 3,3% немесе 675 млрд теңге). ШОБ есепке алғанда, заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен аса мерзімі өткен қарыз көлемі 3,7% (2022 жылғы қаңтарда – 3,5%). Жеке тұлғалардың портфелінде – 3,4%-ды (2022 жылғы қаңтарда – 3,5%) құрады» деп хабарлады агенттік.

Қазақстанның банк секторында қазіргі кезде 22 екінші деңгейлі банк бар.  Оның ішінде 14 банк шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған, 11-і – еншілес банк.

Сондай-ақ оқыңыз