Грант сомасы 1 225 200 теңге
Алматыда бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 950 грант беріледі. Оларға 29 жасқа дейінгі жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үміткер бола алады. Грант сомасы 400 АЕК-ке жетеді (1 225 200 теңге). Бұл туралы Алматы қаласының баспасөз қызметі хабарлады.
«ШОБ қала экономикасында жетекші орынға ие және мұнда 10 алматылықтардың 6-ы істейді. Осы жылдан бастап гранттарды сертификатсыз алуға болады. Өтінімдер сәуірден қараша аралығында қабылданады, нақты мерзімдері мен кезеңдерін қосымша хабарлаймыз», – деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Зафар Аппазов.
Өтінімді ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап business.enbek.kz порталы арқылы беруге болады.
Грант алу үшін мыналар қажет:
• тіркелген жұмыссыз мәртебесі немесе мерзімі 1 жылдан аспайтын ЖК болуы;
• Алматы қаласында тұрақты, уақытша (1 жылдан кем емес) тіркелу; • business.enbek.kz порталында тіркелу;
• бизнес-жоспардың болуы. Үміткерлер бизнес-жоспарды өздері дербес жасайды.
Ол келесі критерийлер бойынша бағаланады:
– бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі; – өткізу нарықтарының пысықталуы;
– бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі; – кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
– жаңа жұмыс орындарын құру.
Өтінімдерді қарау мерзімі – 10 жұмыс күні. Гранттарды Халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынады. Олар жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру үшін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында беріледі.