Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары басталды. Биыл ауа райына байланысты Алматы, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облысында егіс егу жұмыстары бір апта ерте басталған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қазірге дейін 181,2 мың гектар жерге егін егілді. Жалпы 2022 жылы елдегі егіс алқабы 23,1 миллион гектар болмақ, бұл былтырмен салыстырғанда 105 мың гектарға артық. Егістік көлемі артты, ал биыл фермерлерге қандай көмек көрсетілетінін Kursiv Media тілшісі білді.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, биыл мал азығының егіс көлемі артып, 3,6 миллион гектарға жетті. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ биыл картоп, күнбағыс, көкөніс дақылдары алқабы кеңейді.
Алайда кейінгі кездегі басты мәселенің бірі – Ресей тарапының дәнді дақылдарды экспорттауға тыйым салуы. Осы реттте министр Ербол Қарашөкеев «Ресейден дәнді дақылдарды жеткізу проблемасы болды. Тұқым бойынша сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы ұқсас коды болғандықтан, оларға да тыйым салынған. Бұл тұқым бізге сұрыпты жаңарту және сортты ауыстыру үшін қажет екені ескеріліп, мәселе премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде көтерілді. Ресей Федерациясының Үкіметі тұқым әкетуге тыйымды алып тастап, рұқсат берді» деді орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қазір құжат қол қою сатысында тұр. Мамандардың айтуынша, тұқым мамырға дейін жеткізілуі керек.
«Қазақстан өзін-өзі тұқыммен толық қамтамасыз етеді. Дегенмен солтүстік өңірдегі облыстар табиғи-климаттық жағдайы ұқсас Ресейдің облыстарынан тұқым алады. Ол жердің тұқымының сапасы да жақсы, өнімді де көп береді. Шаруаның әрқайсы тұқымды қайдан алса да өзі біледі. Биыл шаруалар ертерек қамданып, келісімшартқа отырған. 14 наурызда шекара жабылған кезде, осындай мәселе туындады. Алдағы 1-2 күнде мәселе шешіліп, тұқым Қазақстанға жеткізіледі деп жоспарланып отыр».
Акбар Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының атқарушы директоры
Солтүстік өңір көктемгі дала жұмыстарын мамырда бастайды. Сондықтан бұл мәселе дер кезінде шешілді.
Ақбар Мәуленовтың айтуынша, ең алдымен оңтүстік өңірлерде егін егіледі. Содан кейін көктемгі дала жұмыстарына батыс өңір кіріседі. Артынша Шығыс Қазақстан облысы, Орталық Қазақстан, содан кейін солтүстік өңірлер бастайды. Жалпы егін егу мамырдың аяғына дейін аяқталады. Алайда бұл жұмыс та шаруалардың қолындағы техника мен қаражатына тікелей байланысты.
Қазір министрлік жанынан егіс жұмыстарын жүргізуге, шаруашылықтарды тұқым, агрохимия және қажетті техникамен қамтамасыз ету, қаржыландыру бойынша мәселелерді қарайтын республикалық штаб құрылған. Фермерлер қауымдастығының мәліметінше, бұған дейін штаб мүшелері шаруалармен кездесіп, содан кейін бөлінетін қаржы көлемін арттырған.
«Штабтың отырысы болды. Оған қатысып, шаруалар бірнеше мәселені көтерді. Бірінші мәселе – қаржыландыру. «Кең дала» бағдарламасы бойынша 70 миллиард теңге бөлінеді, біз мұның аз екенін айттық. Көтеру туралы ұсыныс айтылды. Одан бөлек «Аграрлық несие корпорациясы» желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына кредит беруге 70 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қаржыландырудың тағы бір түрі – «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы 80 миллиард теңге бөлінген. Ол былтырдан екі есе көбейген, оған тағы қосымша 20 миллиард бөлмек. Жалпы алғанда ауыл шаруашылығын несиелеуге бөлінетін қаржы 240 миллиард теңге болады».
Акбар Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының атқарушы директоры
Алайда фермерлер бұл қаржыны көбейту қажет екенін айтқан, министрлік биыл бюджеттің тек осыған қауқарлы екенін жеткізген.
Шаруалар көтерген екінші мәселе – тыңайтқыш бағасының қымбаттауы. Мамандардың айтуынша, оның құны бір жылда екі есе көтерілген. Министрлік «ҚазАзот» компаниясы өндірілетін аммиак селитрасының құнын тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктер тарапынан субсидияға 27 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Яғни, сатып алынған тыңайтқыш құнының 50%-ын мемлекет өтейді.
Ақбар Мәуленовтың айтуынша, кей тыңайтқыш шетелден келеді. Мысалы күрішке қажет аммоний сульфаты Ресейден келеді. Қазір геосаяси жағдайға байланысты бұл тыңайтқыш жеткізілмей, Қызылорда облысында аммоний сульфаты бойынша проблема болуы мүмкін.
Түркістан облысының шаруалары жақында тыңайтқыш үшін субсидия ала алмай отырғанын айтқан. Субсидия алу кезең-кезеңмен жүргізілетін жұмыс. Ең алдымен ауыл шаруашылығы басқармасы министрлікпен нормативін келіседі. Сол норматив бойынша облыс әкімдігінің қаулысы шығады. Қаулыны жергілікті мәслихат қаржы бөлу жағынан қарайды. Құжат әділет департаментіне жолданады, әрі қарай әділет министрлігіне тіркеуге беріледі. Тіркеуге берілгеннен кейін ғана қолдау алуға өтінім беріледі.
Мамандардың сөзінше, биыл су тапшылығы да болуы мүмкін. Қауымдастық өкілі Батыс өңір Жайық арқылы суды Ресейден, Алматы облысы Қытайдан, Жамбыл облысы – Қырғызстаннан, Түркістан мен Қызылорда облысы Өзбекстан, Тәжікстаннан алатынын айтып, осы елдермен келісім жасалған кезде неғұрлым көбірек алуға тырысу қажетін айтады.
Айта кетейік, Қазақстанда шаруалардың шамамен 60-70%-і егін егеді. Солтүстіктегі шаруалар астық, шығыстағылар майлы дақылдарды өсіреді. Оңтүстікте жазғы және күздік дақылдар, жеміс-жидек өсіріледі.