Экономиканың қай саласында өсім бар?
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.
Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, биылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4 пайызға дейін жеделдеген. Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты секторда өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, көрсетілетін қызметтер секторында тұрақты динамика байқалады.
«Нақты сектордағы өсім 5,9 пайызды құрады. Қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 2, пайызға дейін артты. Салалар арасында көлік және қоймалау (9,3 пайызға өсім), құрылыс (8,6 пайызға), сауда (8,0 пайызға), сумен жабдықтау (7,7 пайызға), өңдеу өнеркәсібі (6,5 пайызға), ақпарат және байланыс (6,4 пайызға), тау-кен өнеркәсібі (6,1 пайызға), ауыл шаруашылығы (1,8 пайызға) оң өсім көрсетіп отыр» деп атап өтті Әлібек Қуантыров.
Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 6,5 пайызға өскен. Барлық өңірде оң өсім тіркеліпті. Ең көп өсім Алматы қаласында (18,0 пайызға өсу), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан (14,4 пайызға) және Атырау облыстарында (14,3 пайызға) байқалады.
Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1 пайызға ұлғайған.
Салалар бөлінісінде өндіріс:
- Тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17,1 пайызға;
- Газ өндіруде 8,2 пайызға;
- Шикі мұнай өндіруде 7,6 пайызға;
- Басқа да пайдалы қазбаларды өндіруде 6,3 пайызға;
- Металл кендері мен көмір өндіруде 1,9 пайызға ұлғайды.
Тұрғын үйді пайдалануға берудің өсу қарқыны 7,7 пайыздық тармаққа дейін жақсарыпты. Барлығы 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылғы қаңтар-наурыздағы көрсеткіштен 0,4 пайызға жоғары.
Әлихан Смайылов экономиканың нақты секторының орнықты дамуының арқасында биылғы жылдың бірінші тоқсанында ЖІӨ 4,4 пайызға өскенін атап өтті.
«Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында және елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Ал, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында екі көрсеткіш бойынша теріс нәтиже тіркелген. Қалған өңірлер жұмысты жандандыруы тиіс» деді премьер-министр.
Смайыловтың айтуынша, жалпы алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шектеу шараларының әсері барынша азайтылды. Алайда бұл жұмыстарды жалғастырған жөн. Себебі бізбен көршілес елдердің экономикасына санкциялардың ықпалы күшейе түсуде. Сонымен қатар Үкіметтің алдындағы күрделі міндеттің бірі – инфляцияны ұстап тұру. Наурыз айының қорытындысы бойынша еліміздегі жылдық инфляцияның деңгейі 12 пайызды құрады. Оған біздің сауда жасап отырған серіктес елдердегі инфляцияның өсуі мен әлемде азық-түлік бағасының қымбаттауы тікелей әсер етті.
«Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауы тиіс» деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Үкімет отырысында мемлекеттік бюджет мәселесі де сөз болды. 2022 жылдың қаңтар-наурызында ел қазынасына 3 трлн 739 млрд теңге кіріс түскен. Жоспар 107,1 пайызға орындалыпты. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
«Республикалық бюджетке 2,6 трлн теңгеден астам табыс келді немесе жоспар 100,7 пайызға орындалды. Кіріс бойынша жоспар 17 млрд теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде салық мөлшері – 5 млрд теңге, салықтық емес кіріс – 12 млрд теңге. Салық бойынша артығымен орындалудың негізгі сомасы ұжымдық табыс салығына, шикі мұнайдың экспорттық баж салығына, ойын бизнесі мен пайдалы қазбалар өндірісі салығына тиесілі» деді Жамаубаев.
Сондай-ақ жергілікті бюджеттер кірісі 125,7 пайызға орындалып, 1 трлн 125 млрд теңгені құраған. Жоспар 230 млрд теңгеге артығымен орындалған, оның ішінде салықтан түскен табыс 203 млрд теңгеге жетеді.
«Республикалық бюджет бойынша 4 трлн теңгеге жуық шығыстар болды. 20 млрд теңге орындалмады, оның 5 млрд теңгесі – үнемдеу. 15 млрд теңге игерілмей қалды. Негізінен көп қаражатты игермегендер – денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, сыртқы істер, экология министрліктері» деп атап көрсетті Қаржы министрі.
Бұл ретте министр ақшаның игерілмеу себептерін былай тарқатады.
«Келісімшарт жасау процесінің ұзаққа созылуы, төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлеуге шот-фактураларды кешіктіріп ұсыну, жасалған жұмыс туралы актінің өз уақытында берілмеуі, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстардың өткізілмеуі, есептік айда қаражат жұмсау қажеттілігінің болмауы қаражаттың игерілмей қалуына әсер етеді. Жергілікті бюджет шығындары 1 трлн 855 млрд теңгені құрады. 22 млрд теңге орындалмады. Биыл өңірлерге 2,6 триллион теңгеге жуық нысаналы трансферт қарастырылған. 1 сәуірде оларға 490 млрд теңге бөлінді. Соның 99 пайызы игерілді. 5 млрд теңге орындалмады, соның ішінде 2 млрд теңге үнемделсе, 3 млрд теңге игерілмей қалды. Негізінен Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарында қаражат игерілмеді» деп түсіндірді министр.