Президенттің қандай өкілеттігі жойылады?

Жарияланды
Президенттің бірқатар міндеті Үкімет пен Парламентке өтеді

Бірер күн бұрын Әділет министрлігі еліміздің саяси аренасында болатын бірқатар өзгерістермен таныстырды. Ведомствоның хабарлауынша, қазір төрт саяси партияны тіркеу мәселесі қарастырылып жатыр. 

«Халық дербестігі» партиясы екінші кезеңнен өтіп, растау хабарламасын алды. Олар съезін өткізді. Заң бойынша, құрылтай съезінен кейін 20 000 кандидаттың тізімі ұсынылуы керек. Тіркеу мерзімі заң бойынша тоқтатылды. Партия мүшелерінің заңға сәйкестігі тексерілуде. Үш партия бойынша – жұмыс бірінші кезең деңгейінде жүріп жатыр, яғни партия құру ниеті туралы хабарланғаннан кейін заңға сәйкес бастамашыл топ мүшелері арасында тексеру жүргізілді, олардың саны кемінде 1000 адам болуы тиіс. ЖСН-ның дұрыс еместігі, тегінің, атының, әкесінің атының сәйкес еместігі анықталды, өкінішке орай, қайтыс болған азаматтар, сондай-ақ басқа партиялардың мүшелері бар екені белгіленді. Заң бойынша, Қазақстан азаматы бір ғана саяси партияның мүшесі бола алады, тиісінше, басқа партияны құруға қатыса алмайды» деді Әділет министрі Қанат Мусин.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Президенттің артық өкілеттіктерін болдырмау және әкімдіктермен маслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезінде көбірек дербестік беру арқылы қолмен басқару практикасынан кету қажет деген еді.

«Осыған байланысты Президенттің облыстар және Республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің актілерін тоқтата тұру немесе олардың күшін жою жөніндегі құқығын, сондай-ақ аудан және ауыл әкімдерінің лауазымдарынан босату құқығын алып тастауға байланысты өзгерістер жоспарланып отыр. Президенттің мұндай өкілеттіктері жойылады. Бұл реформа жергілікті өкілді және атқарушы органдардың күшеюіне және тұтастай алғанда, саяси жаңғыртуға ықпал етуі тиіс. Президент өкілеттігіне қатысты жоспарлаған реформалар саяси бәсекелестік пен мәдениетті дамытуға, өңірлердің дербестігін дамытуға, мемлекеттік аппаратта кадрлық бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді деп айтуға болады» деді министр.

Аталған бастамаларды іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңына және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіледі. Тиісті заң жобаларын Парламенттің қарауына енгізу тамызда, ал оларды қабылдау биыл жыл соңына дейін жоспарланған. Мәселен, бұрын Президент Жоғары Сот Кеңесінің құрамын өзі қалыптастыратын. Енді бұл өкілеттік Парламент Сенатының депутаттарына берілмек.

Сондай-ақ Президент тағайындайтын Парламент Сенатының депутаттарына қатысты да өзгерістер жоспарланып отыр. Олардың саны қысқарады.

«Мемлекет басшысы Парламент Сенатындағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсынды, олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады, қазіргі уақыттағыдай сайламайды. Яғни Президент енді Сенатқа 15 емес, 5 депутат қана тағайындайды, ал қалғанын қоғамның ұлттық мәдени және өзге де елеулі мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы белгілейді. Нәтижесінде Мемлекет басшысының өкілді органның жоғарғы палатасын құруға қатысуы айтарлықтай төмендейді» деді Әділет министрі.

ҚР Конституциясына сәйкес Президент адамның және азаматтың құқықтары мен бостандығының кепілі екендігін ескере отырып, Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарына басшы лауазымдарына орналасуына Конституциялық деңгейден тыйым салу жөнінде ұсыныс жариялады. Қанат Мусиннің айтуынша, заңнамада жақын туыстарға:

  • Ата-аналар;
  • Балалар;
  • Асырап алушылар;
  • Асырап алынғандар;
  • Ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері;
  • Атасы;
  • Әжесі;
  • Немерелері

жатады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді.

Өз кезегінде, Президент жарлығымен саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімі айқындалып, оларға министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары мен т.б. жатқызылған. Бұған квазимемлекеттік секторда мемлекет қатысушы болып табылатын ұйымдар да жатады.

«Осылайша, заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленгеннен кейін, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды» деп түсіндірді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, Конституцияға Мемлекет басшысының өкілеттілігін қайта қарауға бағытталған өзгерістерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оны биыл сәуір айының соңында аяқтау жоспарланып отыр. 

Қ.Мусин түсіндіріп өткендей, «Екінші республика» сөзінің мағынасы мемлекеттік құрылымның өзгеруі, жаңа саяси модельге көшу дегенді білдіреді. Суперпрезиденттік басқару формасынан мықты парламенті бар президенттік формаға өту. Бұл болашағымыздың жаңа қоғамдық құндылықтарынан құрылған нақты образ. Министр оған Президент атаған реформалар арқылы жететініміге сенімін білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз