Елімізде қанша баладан бастап көпбалалы отбасы мәртебесін алуға болады?

Жарияланды

Қазіргі уақытта елімізде 487 мыңнан астам отбасы көпбалалы деген мәртебеге ие

Осы мақсатта  көпбалалы отбасы мәртебесін алу үшін неше бала болуы керек, әрі мемлекет қанша теңге жәрдемақы төлейді, оны алу үшін не істейді деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Көптің көкейіндегі мәселені «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы қаласы филиалының Баспасөз қызметінің басшысы Жаңыл Әпетова айтып берді.

Елімізде қанша баладан бастап көпбалалы отбасы мәртебесін алуға болады? Төленетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Қазір Қазақстанда төртінші бала дүниеге келісімен көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болады. Бірақ мемлекеттен төленетін жәрдемақы мөлшері әр түрлі. 2022 жылғы көп балалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы жайлы былай тізбектесек:

• 4 балаға — 49 100 теңге;

• 5 балаға — 61 383 теңге;

• 6 балаға — 73 666 теңге;

• 7 балаға — 85 948 теңге;

• 8 балаға — 98230 теңге;

Келесі әр балаға 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша қосылады. Қазір 1 АЕК — 3063 теңге. Бүгінде бұл жәрдемақыны 487 мыңнан астам қазақстандық отбасы алады. Оның ішінде 63 437 әйел «Алтын алқа» және 138 571 әйел «Күміс алқа» иегерлері.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, жоғарыдағы әлеуметтік көмекті көпбалалы отбасылар әр балаға жеке-жеке төленеді деген түсінік қате. Бұл ақша балалары кәмелет жасына толғанға дейін айына бір рет беріледі. Балаларының үлкені 18-ге толып жатса жәрдемақы тоқтайды. Бірақ ескерер тағы бір мәселе бар. Яғни, сол үлкені күндізгі бөлімге оқуға түсіп, өзге балалары кәмелет жасына толмаса, онда жәрдемақы 23 жасқа дейін қайта жалғасады.

Көпбалалы отбасылар бұл жәрдемақыны алу үшін не істеуі керек?

Өткен жылдың мамыр айында қызмет көрсету жүйесінде өзгерістер енді. Яғни, енді әйелдер төртінші немесе одан да кейінгі баланы туған кезде тағайындалатын көп балалы отбасылар жәрдемақысын алу үшін ХҚО-ға жүгінуі міндетті емес. Мемлекет барлығын қашықтықтан SMS хабарлама арқылы рәсімдеу мүмкіндігін жасады. Бұрын аталған жәрдемақыны алу үшін ХҚО-ға барып, өтініш жазып, жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері мен неке қию куәлігі сияқты құжаттарды ұсыну қажет еді. Енді барлығы жеңіл. Бастысы өзіңіздің Egov қызметтерін пайдаланушының жеке мәліметтері жинақталып, сақталатын мобильді азаматтар базасында тіркелгеніңізді анықтау керек. Сол кезде көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болдыңыз деген SMS хабарлама келеді.

Хабарламаға келісіміңізді бересіз және банк есепшотыңызды көрсетесіз. Болды. Ары қарай қажетті құжаттар автоматты түрде қаралып, әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Басты мақсат — халықты барынша қашықтықтан ісін бітіруге, уақытын үнемдеуге және қызмет көрсетуді барынша жеңіл, әрі тиімді етуге мүмкіндік жасау.

Мобильді база дегеніміз не? Оған қалай тіркелеміз?

Бүгінде біраз қажетті құжаттар мен өтініштерді әр адам ұялы телефондағы Egov қосымшасы арқылы жүзеге асыра алады. Ол үшін ең басты талап — базаға тіркелу. Оның процесі де оп-оңай:

Egov.kz порталына кіресіз. Одан кейін оң жақ төменгі бұрыштан «Виртуалды ассистент» дегенді басасыз. Ары қарай камера батырмасына басып, бейнетүсірілімге рұқсат бересіз. Байланысқа шыққан операторға жеке куәлігіңізді көрсетіп, ЖСН нөміріңізді, телефон нөміріңізді, телефонға келіп түскен бір реттік кодты хабарлайсыз. Болды. Ары қарай өзіңізге қажет қызметті онлайн алуға толықтай мүмкіндік беріледі.

Жалпы, осы жылдың өзінде бір ғана Алматы қаласында 696 әйел көпбалалы ана атанса, оның 318-і әлеуметтік жәрдемақы алу үшін қызметті қашықтықтан алды. Бұл халықтың онлайн қызметке сұранысы артып келе жатқанының көрінісі. Десе де, әлі біраз адам білмейді. Сол себепті де қазір қызметтің мейлінше жеңілдегенін біле жүргеніңіз абзал!

Сондай-ақ оқыңыз