Жаңалықтар

Гвинеяда Ласса безгегінің алғашқы жағдайы тіркелді

Елдің оңтүстігінде 17 жасар қыз Ласса безгегімен ауырып қалды

Батыс Африкадағы Гвинея елінің оңтүстігінде Ласса безгегінің алғашқы жағдайы анықталды. Бұл туралы Анадолу сайты хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елдің оңтүстігінде 17 жастағы қыз Ласса безгегімен ауырған.

Қазір науқас Гекеду қаласының ауруханасында емделіп жатыр. Науқастың соңғы бірнеше күнде болған контактілері бақылауда.

Ласса қызбасы – геморрагиялық қызбалар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру.

Ол бірқатар жағынан Эбола мен Марбург вирусы тудыратын ауруларға жақын.

Ласса безгегі егеуқұйрықтар мен тышқандардың нәжісімен байланыс арқылы беріледі.

Бұл қауіпті ауру адамнан адамға беріледі және жиі өліммен аяқталады.

Қызба алғаш рет 1969 жылы Нигерияның солтүстігінде орналасқан Борно провинциясының Ласса қаласында тіркелген.

Инфекция аймақтың көптеген елдеріне, атап айтқанда Мали, Гана, Либерия, Сьерра-Леоне елдеріне таралды.