Қандай майнинг компаниялар заңсыз жеңілдік алып келген?

Жарияланды
Олар қазынаға 8,5 млрд теңге салық төлемеген

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі  Есеп комитетінің мүшесі Рүстем Нұрпейісов былтыр заңсыз салық жеңілдігін алып келген 5 майнинг компанияның атын атады.

Рүстем Нұрпейісовтің ақпаратына сәйкес, аудит шеңберінде «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысатын Dala-Ulytau, AISolutions, KZ Systems, BCD Company, MineBest Kazakhstan Ltd компанияларының бизнес-жоспарында олардың қызметі цифрлық активтерді генерациялаумен байланысты екені көрсетілген. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы технопарк қызметінің басым түрлері тізімінде криптовалюта майнингі жоқ. Салық жеңілдіктеріне қол жеткізу үшін, технопаркке қатысушы ретінде тіркелген кезде бұл фирмалардың құрылтайшылары тағы бір бағыт – «есептеу операцияларын орындау және деректерді өңдеуді кешенді есептеу инфрақұрылымымен қамтамасыз ету қызметтерін» белгілеген.

Pk.uchet.kz. сайтынан алынған мәліметтерге сәйкес, бес фирманың төртеуі шамамен төрт жыл бұрын ашылған. Негізгі қызмет бағыты –  «қосымшалар (қолданбалы бағдарламаларды) жасау және соған байланысты қызмет көрсету». Бұлардың арасында салық аударымдары бойынша ең ірі және жылдам дамып келе жатқан компания – MineBest Kazakhstan Ltd. Компания басшысы – Ербол Жақыпов. 2021 жылы компания төлеген салық көлемі 20 есе артқан (6 млн-нан 114 млн теңгеге дейін).

BCD Company компаниясының да қарқынды артқаны байқалады. 2022 жылдың бірінші тоқсанында төленген салық сомасы (65,5 млн теңге) былтырғы 12 айдың көрсеткішінен асып түсті (56,8 млн теңге). Компания басшысы – Сембек Жақыпбеков.

Салық көлемі бойынша үшінші орында – Рүстем Баймұхаметовтың иелігіндегі AISolutions фирмасы.  Былтыр компания бюджетке міндетті төлем түрінде шамамен 42 млн теңге аударған. (2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп). Дамира Қазбекованың майнингке қажет инфрақұрылым ұсынатын KZ Systems IT-компаниясы соңғы кездері жыл сайын шамамен 30 млн теңге салық төлеп отырған.

Бұл бестіктегі ең шағын фирма – Аслан Нұрпейісовтің «Dala-Ulytau» ЖШС-ы.  Бұл майнинг-ферма жыл сайын 1,5-2 млн салық төлеген. (соңғы үш жылдағы деректер).

2021 жылдың үш тоқсанында бес компания жалпы сомасы  8,5 млрд теңге көлемінде салықтық жеңілдік алған. Есеп комитетіндегі дереккөз криптовалюта өндіретін фирмалардың құрылтайшылары төленбеген салықтарды өтей ме, жоқ па, нақты айтпады. Бұл мәселе есеп комитетінің құзыретіне кірмейді. Әрбір компания бойынша әкімшілік іс ашылғаны белгілі.  Құжаттар ҚР Қаржы министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті сарапшыларының қарауында жатыр.

Бұған дейін Kursiv.media Қаржы мониторингі агенттігінің тексеруінен кейін 55 майнинг-ферма өз еркімен жұмысын тоқтатқанын жазған еді. Олардың арасында Болат Назарбаев, Александр Клебанов, Қайрат Шәріпбаев және Ерлан Нығматулин сияқты танымал кәсіпкерлердің үлесі бар компаниялар болды.

Сондай-ақ оқыңыз