Елімізде түсті металлургиядағы өндіріс көлемі 6,1 пайызға артты – ҚР ИИДМ - Kursiv Media Kazakhstan

Елімізде түсті металлургиядағы өндіріс көлемі 6,1 пайызға артты – ҚР ИИДМ

Бірнеше отандық кәсіпорынның өндіріс қуаттылығын айтарлықтай күшейткені байқалады

2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде түсті металлургия саласындағы өндіріс көлемі 6,1 пайызға артты. Бірнеше отандық кәсіпорынның өндіріс қуаттылығын айтарлықтай күшейткені байқалады. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселен, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірістік алаңдарында кенді өндіру мен өңдеуді арттыру бойынша стратегиялық жоспарды жүзеге асыруда. Осы жылдың алғашқы тоқсанында тазартылған мыс шығару үлесін 10 пайызға, құйма алтынды 7 пайызға және түйіршіктелген күміс өндірісін 1 пайызға ұлғайтты.

Ал, осы кезең аралығында мырыш, қорғасын, мыс және бағалы металдар өндіруші отандық «Қазмырыш» металлургиялық компаниясы да оң нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, кәсіпорын катодты мыс пен тазартылған күміс өндірісін едәуір арттырған. Айта кетерлігі, «Қазмырыш» компаниясының барлық өндірістік алаңы мен қосалқы бөлімшелері бірыңғай интеграцияланған өндірістік тізбекке енгізілген. Карьерлер мен кеніштерде өндірілетін шикізат бастапқыда кен байыту фабрикаларында қайта өңделеді. Содан кейін металлургиялық кешендерге жолданып, сапалы дайын өнім шығарылады.

«Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауыты да тазартылған алтын өндіру көлемін 33 пайызға ұлғайтқан. Кәсіпорын «Good Delivery» жеткізушілер тізіміне қымбат металдар нарығына қатысушылардың Лондон қауымдастығына енгізілген. «Good Delivery» сертификатына ие компаниялардың бағалы металдары әлемдік биржаларда шектеусіз саудаға қабылданады. Бұл өз кезегінде «Тау-Кен Алтын» маркасымен шығарылатын тазартылған алтынның нарықтағы құнын айтарлықтай арттырады.

Сондай-ақ 2022 отандық мыс өнімін өндіруші «Коунрад мыс компаниясы» ЖШС өндіріс қуаттылығын арттырып, катодты мыс өндірісін 4 пайызға өсірген.