Отандық банк секторынан қандай ойыншылар кетеді? - Kursiv Media Kazakhstan

Отандық банк секторынан қандай ойыншылар кетеді?

Сектордың кірісі қай деңгейде?

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы 2022 жылдың бірінші тоқсаны бойынша банк секторына жасаған шолуын жариялады. Ел экономикасы өсімінің қайтадан біртіндеп қалпына келуі жағдайында (+4,4 пайыз) бірінші тоқсанда заемдық қаражатқа одан әрі сұраныстың өсуі байқалады. Бірінші тоқсанда 0,5 трлн теңге сомаға жаңа несие берілсе, соның 53 пайызын корпоративті сектордың займдары құраған.

Былтырғы кезеңмен салыстырғанда несие беру қарқыны 1,0 трлн теңгеге өскен, пайызға шаққанда 25 пайызға артқан.

Қауымдастық сарапшыларының айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік еншілес банктерге қатысты салынған батыс санкциялары нарықтағы несиелеу ұсыныстарына кері әсерін тигізбейді. Соған қарамастан банктердегі жеке тұлғалар салымдарының біршама азайып кеткенін жасырмайды.

«Қаңтардағы қайғылы оқиғаға байланысты туындаған белгісіздік салдарынан және елдегі жоғары инфляциялық процестерге байланысты жинақтаған ақшасының басым бөлігін тұтынушылық тауарларды сатып алуға жұмсағандықтан көптеген клиенттер қолма-қол есеп айырысуға көшті. Инфляциялық процестердің жеделдеуі жаңа займдардың рәсімделуіне екпін берді. Осылайша, банктік несиелендіру іскерлік белсенділіктің өсуіне қолдау көрсетіп, 2022 жылдың бірінші тоқсанында экономикадағы тұтынушылық және инвестициялық сұранысты арттыруға көмектесті» дейді сарапшылар.

Несие портфелінің өсуі және екінші деңгейлі банктердің қаржылық емес бизнесінің одан әрі кеңеюі аясында банктік кірістілік көрсеткіштерінің өсу динамикасы жалғасты, бұл секторды капиталдандыру деңгейіне оң әсер етті. Ал азаматтардың өзіндегі бар ақшаны тұтынушылық тауарлар сатып алуға көбірек жұмсауы және бірқатар клиенттердің қолма-қол есеп айырысуға көшуі (қолма-қол ақша көлемі 61 млрд теңгеге өскен) бөлшек депозиттер көлемін қысқартып, корпоративті салымдардың бейтарап динамикасына әсер еткен.

Ұлттық банк мәліметінше, екінші тоқсанның басында елімізде 22 банк жұмыс істеп жатыр. Оның 14-і – шетелдік банктердің қатысуымен. АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ тарапынан ресейлік банктердің қатаң шектеуге ұшырауы аясында бізде қызмет ететін ресейлік еншілес банктер де елеулі зардап шекті. Жеке және заңды тұлғалардың ол еншілес банктерден салымдарын жаппай алып кетуі қаржы институтының өтімділігін төмендетіп тастады.

  • «Сбербанктегі» заңды тұлғалар шотынан 1 084,3 млрд теңге, жеке тұлғалар шотынан 609,6 млрд теңге алынған;
  • «ВТБ Банк-тегі (Қазақстан) заңды тұлғалар шотынан 279,6 млрд теңге, жеке тұлғалар шотынан 60,1 млрд теңге алынған;
  • «Альфа-Банк»-тегі заңды тұлғалар салымы 131,9 млрд теңгеге, жеке тұлғалар салымы 5,4 млрд теңгеге азайған.

Жалпы, 2022 жылдың қаңтар-наурызында сектордың жиынтық активі 0,4 пайызға немесе 148 млрд теңгеге көбейіп, 37 770,1 млрд теңгеге жеткен. Осы актив көлемінен әркез екінші орында келе жатқан «Сбербанк» ЕБ АҚ бірден екі позиция төмендеп, валюта балансы 1 347,2 млрд теңгеге азайған. «Біреу өлмей, біреу күн көрмейді», осының арқасында Kaspi Bank пен «Отбасы банк» алға жылжыған. Ал сектордың лидері – Halyk Bank.

1 сәуірдегі жағдай бойынша отандық банк секторындағы өтімділік қор 11 546 млрд теңге көлемінде. Дегенмен мерзімі өткен берешектердің де ұлғаюы байқалады. 90 күннен асып төленбеген несие көлемі жыл басындағы 3,31 пайыздан 3,57 пайызға дейін көбейген. Екінші деңгейлі банктердің көбінде 90 күннен асқан берешектер 5 пайыз деңгейінде екен. ал «Еуразиялық банк» (7,43 пайыз), «Нұрбанк» (8 пайыз) және First Heartland Jusan Bank-те (11,01 пайыз) NPL 90+ үлесі әжептәуір артып кеткен.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Halyk Bank ең көп табыс тапқан: 127,1 млрд теңге. Одан кейінгі орында Kaspi Bank (74,7 млрд теңге) және «Отбасы банк» (28,2 млрд теңге) тұр. Үздіктердің қатарында әлі де болса «Сбербанк» бар. Еншілес банк бірінші тоқсанда 25,8 млрд теңге кіріс әкелген. Дегенмен екінші тоқсанда банк кірісі 4,8 млрд теңгеге азайған.

Сондай-ақ «Ситибанк Қазақстан» (27,6 млрд теңге), Jusan Bank (17,8 млрд теңге), ForteBank (15,2 млрд теңге), «Банк ЦентрКредит» (11,4 млрд теңге) және «Альфа-банк» те (10,3 млрд теңге) тәуір табыс тапқан қаржы институттары саналады.

Жоғарыдағы деректерге қарап банк секторының өсу үрдісі жалғасып жатыр деуге болады. Алайда антиресейлік санкциялардың үдей түсуіне байланысты биыл біз нарықтан үш бірдей банктің кетуін көруіміз мүмкін. «Банк ЦентрКредит» қазірдің өзінде ресейлік акционерден «Альфа-Банктің» 100 пайыз үлесін сатып алу ниетін білдірді. Тіпті тараптар арасында сатылым туралы принципті келісімге де қол қойылған. Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де «Банк ЦентрКредитке» банктік холдинг мәртебесін алуға келісімін беріп қойды.

Ал бұған дейін Halyk Bank-тің «Сбербанктің» 330 млрд теңге көлеміндегі несие портфелін сатып алғаны белгілі.

Жалпы алғанда, сарапшылар қысқа мерзімді перспективада қазақстандық банк секторы сәтті даму жолымен жүреді дейді. Ал орта мерзімді перспективадағы қадамы геосаяси ахуалға тікелей байланысты болып тұр.

Қатысты материалдар