Базалық мөлшерлеме төмендеуі керек пе?

Жарияланды
Базалық мөлшерлеме төмендеуі керек пе?

Қазір елімізде базалық пайыздық мөлшерлеме – 14 пайыз. Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті 25 сәуір күні базалық ставканы 13,5-тен 14-ке дейін жоғарылатты. Осыған орай қоғамда да, мемлекет басшылығында да сан алуан пікір туындады. Бірі мұны қате қадам десе, бірі бұдан басқа амал жоқ дейді.

*Ескерту: Базалық пайыздық мөлшерлеме – Орталық банктің (Ұлттық банктің) өзге несие ұйымдарына несие берердегі минималды ставкасы, банк депозиттерін қабылдаудағы максималды ставкасы.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, базалық ставканы жоғарылату экономиканы несиелеу деңгейінің төмендеуіне алып келеді.

«Біз сыртқы тәуекелдерге дайын болуымыз керек және бір уақытта экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды іздеуіміз керек. Осыған байланысты депутаттар үнемі көтеретін мәселе – экономиканы несиелеудің төмен деңгейіне тоқталғым келеді. Қазір экономиканы несиелеу жалпы ішкі өнімнің 25 пайызын құрап отыр. Жетекші дамушы елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайызды құрайды. Сингапур, Корея және бірқатар еуропалық елдерде тіпті 150 пайыз деңгейінде. Соңғы жылдары экономикаға берілетін несиені қысып ұстап келеміз. Оған 14 пайыз деңгейінде тұрған базалық ставка да әсер етеді. Бұл бүгінде үкіметтің инфляцияны тежеудің негізгі тетігі екенін түсінеміз. Сонда әрі қарай не болмақ? Егер сыртқы тәуекелдер сақталар болса біз қазіргі жоғары ставкамен экономикамызды дамыта алмаймыз» дейді Әшімбаев.

Сенат төрағасының түсіндіруінше, қазір бизнес үшін республикалық бюджеттен пайыздық ставканы субсидиялау мәселесі қарастырылып жатыр.

«Бір жағынан банктер экономиканы несиелемейді немесе жоғары пайыздық ставкамен несие береді. Екінші жағынан біз халықтың мемлекеттік ақшасын алып шағын және орта бизнес үшін пайыздық ставканы субсидиялаймыз. Ірі бизнеске Қазақстан Даму Банкі арқылы ақша беріледі. Иә, біз жоғары пайыздық ставканы ұстап отырмыз және дәл сол сәтінде мемлекеттік бюджет шығыны соны азайтуға бағытталып жатыр. Қазір түсініксіз тұйық шеңберге тап болдық. Бірақ осы ахуал мемлекеттік органдар үшін де, екінші деңгейлі банктер үшін де қолайлы болып тұр. Тәуекел аз, жауапкершілік аз, ақша үшін де аз жауап береді» дейді ол.

Ал Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың сөзінше, қазіргідей инфляция жағдайында ставканың төмендеуі банктерді коммерциялық жобаларды ақша құнынан төмен деңгейде несиелеуге мәжбүрлемейді.

«Егер біз ұзақ мерзімді адекватты инфляция деңгейін жасай алсақ онда ұзақ мерзімді өсім үшін жағдай жасай аламыз. Басқаша мүмкін емес. Экономиканы несиелеу тек ставкаға байланып тұрған жоқ. Қазір біз ставканы төмендеткен күннің өзінде банктер бәрібір коммерциялық жобаларды қаржыландырмайды. Қазақстанға құрылымдық реформа қажет. Ел экономикасы импортқа тәуелді, соның ішінде азық-түлік импортына. Ал ол қазір сыртқы және маусымдық шокқа ұшырап отыр. Соңғы бірнеше жыл Ұлттық банк экономиканы қолдау бағдарламаларына белсенді қатысты. Қазір біртіндеп кетіп жатыр. Біздің позиция – несиелерді мемлекет есебінен субсидиялауды тоқтату, жеке секторды қолдау» деді Пірматов.

Әшімбаевтың депутаттар осылай деп еді деп сілтеме жасауы да тегін емес. Осыдан біраз бұрын депутат Аманжан Жамалов та жоғары пайыздық мөлшерлемені сынға алып еді.

«Базалық ставка ноталар бойынша Ұлттық банктің және Қаржы министрлігі облигацияларының кірісін тікелей анықтайды. Қазір Ұлттық банк нотасында 1,5 трлн теңге ақша жатыр, ал Қаржы министрлігінің облигацияларында 11 трлн теңге орналастырылған. Бұл облигациялар бойынша төлемдер де базалық ставкаға байланған. Былтыр банктер Ұлттық банкке салымдар бойынша және бағалы қағаздар арқасында 500 млрд теңге табыс тапты. Ол кезде базалық мөлшерлеме 9 пайыз болған. Ал биыл банктер табысы тіпті арта түседі. Демек, қазақстандықтар үшін – инфляция, банктер үшін – қолайлы жағдай» деп күйініш білдірген еді Жамалов.

Депутаттың пікірінше, бұдан былай мемлекеттік бағалы қағаздар шығару ісін базалық ставкамен байланыстырмағаны жөн. Облигацияларды банктер бойынша емес, зейнетақы қоры және зейнетақы активтерін басқарушыларға бөлістіргені абзал. Сонда кіріс банктің емес, халықтың қалтасына түседі дейді ол.

Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Зарина Скрипченко базалық ставканы төмендету инфляцияны одан әрі өсіріп жіберуі ықтимал.

«Қазіргі қымбатшылық жағдайында базалық ставканы төмендету теңгелей салымдардың жаппай кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Банктік несиелеуге келер болсақ, займдар бойынша нарықтық ставка көптеген салада қолжетімді болып қала береді. Мысалы, тамақтану өнімдері мен сусындар өндіретін компаниялар үшін ставка 13,1 пайызды құрады, ал қарыз беру 9 пайызға көбейді. Ал ірі инвестициялық жобалар үшін пайыздық ставканы мемлекеттік субсидиялау жұмыс істейді, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы үшін. Егер базалық ставка инфляцияны жаппайтын болса онда ақшаны теңгемен сақтаудың мәні жоғалады. Нәтижесінде не тұтынушылық сұраныс өсіп, инфляция одан сайын жеделдейді, не экономика долларланып, ұлттық валютаға қысым жасалады» дейді.

Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша жоспарға сай кезекті шешімі 2022 жылы 6 маусымда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 15:00-де жарияланады.

Сондай-ақ оқыңыз