Ресурстар

Энргетика саласының кемшіліктерін жою мүмкін бе?

3 энергоблок, 10 турбина мен 23 қазандық жөнделіп жатыр

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2021 жылы елдің электр станцияларында 114,3 млрд кВтс электр энергиясы өндірілді. Қысқы ең жоғары жүктеме 2022 жылғы 21 қаңтарда тіркелді және 15 931 МВт құрады. 2021 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 5 562 технологиялық бұзушылық болған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 20 пайызға артыпты.

Пандемияға байланысты басталған шараларға орай ел аумағында жоспарлы жөндеу жұмыстары төмендеген, кейбір жұмыстар кейінге қалдырылған, ал бұл өз кезегінде технологиялық кемшіліктердің көбеюіне әкеліп соққан.

«Қазіргі жылыту маусымында электр станцияларының жергілікті атқарушы органдар бекіткен жылу желілері жұмысының температуралық кестелерін сақтамаудың 36 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылғы деңгейден 18%-ға төмен. Жылу желілерінің температуралық кестесінің бұзылуының негізгі себебі – энергетикалық қондырғыны пайдалануда жіберілген кемшіліктер» деді Ақшолақов.

Электр станцияларының отын үшін кредиторлық берешегінің көп болуы – проблемалық мәселе. Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 2 млрд 272 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында «Көкшетау Жылу» МКМ-ның 722 млн теңге мөлшерінде берешегі бар.

Энергетика министрлігі басшысының сөзінше, жылыту маусымына жасалған мониторинг келесі жылыту маусымына дайындық кезінде ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар өңірлерді айқындады. Солтүстік-Қазақстан облысында Петропавл ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру бойынша жол картасының уақытылы орындалмау қаупі бар. Қазандарды жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдарды уақытылы қаржыландырумен, жеткізумен, дайындаумен байланысты Жол картасының орындалуы бойынша тәуекелдер анықталды.

Министрлік Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен және «Орта-Азия энергетикалық корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп апта сайын кеңестер өткізуде. Ақмола облысында Степногорск ЖЭО және Степногорск қаласы жылу желілерінің техникалық жағдайына қатысты мәселелер бар.

Қала тұрғындарының шағымдарын мониторингтен өткізу тұрғын үйлердің жылумен сапасыз жабдықталғанын көрсетті, ол биылғы жылыту маусымында айқын сезілді. Қарағанды облысында жылыту маусымында Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларын жылумен жабдықтау жағдайы назар аударуды талап етеді. Аталған қалалардың жылу электр орталықтары мен жылу желілерінің иелері энергетикалық жабдықтарды жаңғыртуға қаржыландыруды ұлғайтуы қажет. Түркістан облысында Кентау қаласының 5-ЖЭО және жылу желілерінің техникалық жай-күйі қанағаттандырмайды.

Алдағы жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін 5-ЖЭО және жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Жүйелік оператор бекіткен бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу кестесіне сәйкес биыл 9 энергия блогын, 60 қазанды, 42 турбинаны жөндеу жоспарланған.

Биылғы 11 мамырдағы жағдай бойынша 3 энергоблокта, 10 турбинада және 23 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

5 қазандық және 3 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. 

Электр желілерінде 2021 жылы жалпы ұзындығы 20 201 км электр беру желісін, 712 қосалқы станцияларды күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні электр станцияларында 133 түтін құбыры, оның ішінде 64 темірбетон, 51 металл, 18 кірпіш құбыры пайдаланылып жатыр. Пайдалану мерзімі 50 жылдан асқан 35 темірбетон, 10 кірпіш құбыры бар.

«Биыл 37 ЖЭО-да түтін құбырларын кезектен тыс техникалық куәландырудан өткізу жоспарлануда. Зерттеу нәтижелері бойынша анықталған ескертулерді жою бойынша шаралар қабылданатын болады» деді министр. 

Ведомство былтырғы маусымның қорытындысын ескере отырып, Өткен жылыту маусымының қорытындысын ескере отырып, келесі күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындалу барысында төмендегі шараларды орындау қажет деп санайды:

1. Электр станциялары мен электр желілеріндегі барлық жоспарлы жөндеу жұмыстарын сапалы және толық көлемде орындау;

2. Отын жеткізушілер алдындағы берешекті азайтуды қамтамасыз ету;

3. Коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың энергетикалық кәсіпорындар алдындағы дебиторлық берешегін төмендету бойынша шаралар қабылдау;

4. Білім беру, денсаулық сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін, елді мекендердің әлеуметтік және мәдени объектілерін дайындау жөніндегі барлық іс-шараларды орындау.

5. Өткен жылыту маусымы барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша қосымша шаралар қабылдау.

6. Петропавл ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру жөніндегі жол картасын уақытылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету;

7. Өңірлердегі барлық ЖЭО мен қазандықтарды көмірмен қамтамасыз ету.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев 2021-2022 жылғы жылыту маусымы тұрақты өтті дейді.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша 111,7 млн тонна көмір өндірілді. Бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 102 пайызды құрады. Халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің тұрақты бақылауында болып, көмір жетіспеушілігі болған жағдайда мәселелер жедел шешіліп отырды. Биылғы қаңтар-сәуір айларында шамамен 38 млн тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105 пайызды құрайды» деді ИИДМ вице-министрі.

Сондай-ақ ол алдағы жылу беру маусымына 47 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйді, 11 мыңға жуық білім беру және 5 мыңға жуық денсаулық сақтау объектілерін дайындау қажет екенін атап өтті. Шамамен 4 мың шақырым жылумен жабдықтау желілерін, 10 мың дербес қазандық қондырғыларын және 13 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін даярлау қажет.  Алдағы жылыту маусымына дайындық мақсатында министрлік іс-шаралар жоспарын әзірлеп, барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктеріне жолдаған.

Бүгінгі таңда әкімдіктермен бірлесіп көмір өніміне қажеттілік жоспары қалыптастырылып жатыр. Дебиторлық берешекке тоқталсақ, бүгінде тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешек көлемі шамамен 14,8 млрд теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 214 млн теңгеге азайған.

Ең көп дебиторлық берешек:

  • Нұр-Сұлтан қаласында – 3,2 млрд теңге;
  • Алматы қаласында – 2,4 млрд теңге;
  • Шымкент қаласында – 2,1 млрд теңге.

«Жалпы, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары министрліктің ерекше бақылауында. Мониторинг күн сайын жүргізіледі» деп сендірді Қарабаев.