Шымкент қаласы-жаяу адам темір жол ережелерін жиі бұзатын өңірлердің бірі

Жарияланды (жаңартылды )

Шымкенттегі рейд кезінде темір жолдағы қауіпсіздік ережелерін бұзушылар анықталды

Шымкенттегі рейд кезінде темір жолдағы қауіпсіздік ережелерін бұзушылар анықталды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Жаяу адам темір жол ережелерін жиі бұзатын өңірлердің бірі – Шымкент қаласы. Мәселен, осы жылдың 4 айында 4 қайғылы жағдай болған, біреуінің арты өлімге әкеп соқтырды. Басты себеп – тұрғындардың бейқамдығы. Оның сыртында жыл басынан бері  машинистер жолға адам шығып кетуіне байланысты 14 рет пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл жерде ескере кететін бір жәйт, пойыз автокөлік емес, тоқтауы қиын. Тежеуішті басқаннан кейін бір шақырым жүріп барып тоқтауы мүмкін. Осыны кейде білместіктен, кейде біле тұра тұрғындар асығыстықтан немесе абайсыздықтан ереже бұзады.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы қомақты қаржы жұмсап, пойыз өтетін ауыл-аймақтардағы жолдарға қоршау орнатады. Соған қарамастан темір жол маңындағы тұрғындар, арасында балалар да бар, өмірлерін қаперге тігеді. Онымен қоймай қоршау материалдарын ұрлап та кетіп жатады.

Темір жол – өте қауіпті аумақ. Теміржол қателікті кешірмейді. Сондықтан темір жол ережелерін барынша сақтаған абзал. Шойын жолды жағалай қонған тұрғындарға осы қауіп-қатерді түсіндіріп, тәртіп бұзғандарды анықтау үшін темір жол қызметкерлері, әскерилендірілген темір жол күзеті және көлік полициясының өкілдері Шымкентте арнайы рейд өткізіп жатыр. Қарекеттің басты мақсаты жазықтыны жазалау емес, насихат жұмыстарын күшейту.

Сондай-ақ оқыңыз