Алматыда қаладағы цифрландыру мәселесін шешуге бағытталған цифрландыру офисі жұмыс істейді. Алматы қаласы әкімінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган қала тұрғындарының цифрлық қабілетін арттыру, қалада цифрландыру деңгейінің артуы бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ қала тұрғындары бетпе-бет келетін мәселелерді шешумен айналысады. Қалада цифрландыруға қатысты бірыңғай коммуникациялық кеңістік жұмыс істеп тұр. Ол – қаладағы барлық жоғары оқу орнын, IT компанияларды, IT саласындағы талантты азаматтарды біріктіретін бірыңғай платформа. 2021 жылдың 15 шілдесінен бастап іске қосылған платформаға 2150 IT маманы, 23 IT компания, бизнестен 23 бос орын мен 53 білім беру курсы тіркелген.
Қаланың цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаевтың айтуынша, қаладағы цифрландыру мәселесін шешуге енді жоғары оқу орнының студенттері тартылады.
«Бірыңғай коммуникациялық кеңістік университет мүмкіндігін барлығы пайдалана алу үшін құрылды. Біз бизнес үшін бір терезе, білім беру бағыты бойынша бір кластер ашуымыз керек еді. Қазір Қазақ-Британ университеті студенттерінің тең жартысын ақпараттық технологиялар бағыты бойынша оқытады. Алматы облысыныңдағы Сүлеймен Демирел университеті де ақпараттық технологиялар бағытындағы мамандарды даярлауға басымдық беріп отыр».
Баян Қоңырбаев, Алматы цифрландыру басқармасының басшысы
Басқарма басшысының сөзінше, қаладағы барлық дерлік жоғары оқу орны ақпараттық технология бойынша мамандарды даярлауға ден қойған. Енді басқарманың міндеті – әр жоғары оқу орнының өз цифрландыру бағыты болуын қамтамасыз ету. Демек бұған дейін ақпараттық технология жалпылама оқытылса, енді әр оқу орны салалық цифрландыруға көшуі қажет. Мысалы бір университет білім беру саласындағы цифрландыруға, енді бірі денсаулық сақтау саласындағы цифрландыруға бағыттап, білім бергені жөн.
Алматыда 37 жоғары оқу орнында 182 000 астам студент осы бағытта білім алып жатыр. Бұл қаладағы мәселеге назар аудару, оларды шешу үшін жастарды тартуға үлкен мүмкіндік береді. Соған байланысты цифрландыру басқармасы студенттерге қаланың динамикалық дамуы бойынша нақты тарихи деректерді ұсынып отыр. Сондай-ақ оларға аудан әкімдігі өкілдерімен тікелей қарым-қатынас жасау мүмкіндігі берілген.
«Университеттің білім беру тәсілі стандарттарға сай болса, онда түлектері де жақсы нәтиже көрсетуі керек. Енді бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша дипломдық жұмыс, диссертациялар тақырыбы студенттер ойлап табатын тақырып бойынша жазылмауға тиіс, керісінше бұл зерттеу жұмыстарында қаладағы нақты мәселе айтылуы қажет» дейді Баян Қоңырбаев.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Баян Қоңырбаев бірнеше студенттен құралған топ ғылыми жұмыс барысында бұрын соңды байқалмаған мәселенің шешімін таба алатынын айтады. Оның сөзінше, бұл бастама жастардың жаңа идеяларды ұсынуы бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Басқарма басшысы қала мәселесін шешу үшін консалтинг компанияның қызметін пайдаланғаннан гөрі университеттермен бірлесе жұмыс істеудің тиімді екенін айтады.