Қант экспортына 6 айға тыйым салынды

Жарияланды
Шектеу 23 мамырдан басталады

Қазақстан алты ай көлемінде ақ және құрақ қант экспорттауға тыйым салады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 4 мамырдағы бұйрығында жазылған.

«Қазақстан Республикасының аумағынан ақ қант пен құрақ қантты алты ай мерзімге шығаруға тыйым салынсын. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық комиссияны осы бұйрықтың 1-тармағын іске асыру жөніндегі шараларды қолдану туралы хабардар етсін» делінген бұйрықта.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне және Мемлекеттік кірістер комитетіне заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың 1-тармағының орындалуын қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 23 мамырда қолданысқа енеді.

Бұған дейін Қазақстаннан қант экспортына тыйым салу  қант бағасына қалай әсер ететіні  жайлы жазылған еді. Ол кезде сарапшылар республика қантты аз мөлшерде экспорттайтындықтан, экспортқа тыйым салуы ішкі нарықта аса білінбейді деген еді. Мәселен,Қазақстан былтыр шетелге небәрі 2,7 мың тонна қант сатқан.

Сондай-ақ 2020 жылдан бері қант қызылшасының түсімі төмен болуы салдарынан Қазақстанда қант бағасы қымбаттап келеді.

Сондай-ақ оқыңыз