«Алматы жастары» бағдарламасымен салынып жатқан үйден пәтер алуға болады

Жарияланды (жаңартылды )
18 мамырдан құжат қабылдау басталады

Алматы қаласында жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған «Алматы  жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау 18 мамырда басталады. Биыл бұл бағдарламаға сегіз салада жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады, деп хабарлайды Kursiv Media.

«Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасына өтініш пен құжат қабылдау 2022 жылдың 18 мамырынан бастап 1 маусым аралығында www.almaty-zhastary.kz  сайты арқылы жүргізіледі.

«Алматы жастары» сайтында өтініштер мен құжаттарды жүктеу электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Өтініш берушілер ұпайын автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Сонымен қатар сайттағы жеке кабинет арқылы берілген өтініштің статусын қарай алады».

Ермек Әміров, Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары

Оның сөзінше, 1 маусым, сағат 23:59-да құжаттар қабылдау аяқталады. 2022 жылдың 2 маусымынан бастап барлық берілген өтініштер жүктеледі. Әрі қарай 20 жұмыс күні ішінде түскен өтініштердің талапқа сәйкестігі тексеріліп, әр санат бойынша жиналған балл есептеледі. Ең жоғары ұпайы бар өтініш берушілер тізімі құрылады.

Бағдарламаны іске асыруға биыл 18 миллиард теңге бөлінген. Қарыздың максималды сомасы 18 миллион теңгеге дейін деп бекітілген. Пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 10%. Тізімге енген азаматтар бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып ала алады. Биыл да бағдарлама бойынша мың адам баспаналы болады.

Бағдарламаға қатысушыға қойылатын негізгі талаптың бірі – қатысатын азаматтың жасы 35-тен аспауы керек.

Қатысушы Алматы қаласындағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттары, бұқаралық ақпарат құралы, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуі қажет. Олар қалада кейінгі алты айда жұмыс істеп жүргенін міндетті зейнетақы аударымдары арқылы дәлелдейді.

Ермек Әміровтің айтуынша, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында іріктелгендер тізімі, резервке енгізілген және қабылданбаған қатысушылардың тізімі өтінімдерді қабылдау сайтында жарияланады.

«Алматы жастары» бағдарламасы бойынша іріктелген үміткерлердің сайттағы жеке кабинетіне «Отбасы банк» АҚ-ға төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама беріледі.

«Өтініш«Алматы жастары» сайтында қабылданады. Негізгі тізім бекітілгеннен кейін банкке бағыттама беріледі. «Отбасы банк» тарапынан 15 күн беріледі, бұл уақытта азаматтар өзінің төлем қабілеттілігін растауы қажет. Оң шешім алған азаматтар 45 күннің ішінде өздеріне ұнайтын пәтерді таңдап алып келіп, пәтер құжаттарын банкке тапсырады».

Данагүл Түсіпова, «Отбасы Банк» АҚ Алматы қаласы филиалының директоры

Данагүл Түсіпованың сөзінше, пәтерді жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден алуға да болады. Ол үшін салынып жатқан тұрғын үйдің қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі болуы шарт. Демек, тұрғын үйдің салынып бітетініне кепілдік қажет. Ал алатын пәтерді міндетті түрде Алматы қаласының аумағынан қарастырған жөн.

Сондай-ақ 15 күнтізбелік күн ішінде «Отбасы банкте» төлем қабілеттілігін растай алмаған азаматтар тізімнен шығып қалады. Олардың орнына тұрғын үй саясаты басқармасы жаңа тізім береді.

Айта кетейік,  2021 жылдың 10 наурызынан 31 наурызына дейінгі қабылдау қорытындысы бойынша 9741 өтініш түскен. Оның ішінде 2 614 адам – денсаулық сақтау саласы, 3 560 адам – білім беру саласы, 1 103 адам – жоғары оқу орны және ғылыми зерттеу институттарының қызметкері. Мәдениет саласы – 348 адам, спорт  саласы – 98 адам, әлеуметтік сала – 715 адам, БАҚ саласы – 172, құқық қорғау органдары саласы – 1 131 адам.

Биыл салалар бойынша әр салаға қанша пәтер бөлінетіні өтінімдер толық түскен соң шешіледі.

Сондай-ақ оқыңыз