Жеңілдетілген автонесиелеу: Бағдарламаға қатысудың қажеті бар ма, жоқ па?
Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы басталды. Жылдық 4 пайызбен су жаңа көлік алып қалудан әркім үмітті. Бірақ қызығы сол – салондарда жаңа көлік жоқтың қасы. Оның өзін 4-5 ай күту қажет. Бірақ өтініш беріп, кезекке тұрғысы келген халықтың қарасы көп.
Айтпақшы, автонесиеге өтініш беру үшін банкке барудың керегі жоқ, уақыт жоғалтпай автосалонның (сол жерде банк қызметкерлері отырады) өзіне тіке тартқан дұрыс.
«Жаңа бағдарламаның бұрынғыдан айырмашылығы бар. Бұған кезекке тұру жаңадан басталады. Автосалонға барып, көлікті таңдап, VIN-кодпен шотқа төлем жасап, сосын барып банкке бару қажет. Ол жерде электронды кезекке тұрады. Ескі жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен кезекте тұрған азаматтардың кезегі автоматты түрде ауыстырылмайды» деп ескертті Өнеркәсіпті дамыту қоры төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров.
Өтініш қабылдау 16 мамыр күні 14:00-де басталды. Ғаппаровтың айтуынша, алғашқы өтініштерді «Банк ЦентрКредит» қабылдайды. Жалпы, бағдарламаға төрт екінші деңгейлі банк қатысады: «Қазақстан Халық Банкі», Fortebank, «Банк ЦентрКредит» және «Еуразиялық банк».
Бағдарлама бойынша қазақстандықтарға 10 жылға дейін мерзіммен несиелеу ұсынылады. Таңдалған автокөлік құны 15 млн теңгеден аспауы керек. Ал автокөлік сатып алуға берілетін максималды несие сомасы 10 млн теңгеден аспайды.
Несие үшін клиент алғашқы төлем жасамайды. Займ мерзімі 7 жылдан аспйды. Сондай-ақ бір қарыз алушы екі жылда бір мәрте ғана көлік сатып ала алады.
«Жеңілдетілген автонесиелеуге альтернатива – екінші деңгейлі банктердің коммерциялық автонесиесі. Ол жерде жылдық пайыздық ставка 20 пайыздан асады және алғашқы төлемі де 20 пайыздан төмен болмайды. Сондықтан қазіргі жеңілдетілген автонесиелеу – қолжетімді бағдарламалар ішіндегі ең ыңғайлысы» дейді Автонарықты мониторингтеу және талдау орталығының директоры Артур Мискарян.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, бағдарламаға кез келген төлем қабілеті бар азамат қатыса алады. Бағдарлама аясында Hyundai, Kia, Chevrolet, JAC, Lada, Renault және JAC электромобильдерін рәсімдеуге болады. Бағдарлама бойынша тек Қазақстанда құрастырылған автокөліктер ұсынылады.
Көлік бағасы неліктен қымбат? Министрліктің жауабы бойынша, өндіріс шығыны, еңбекақы төлемі, сатып алу бағасы, көлік бөлшектерінің логистикасы, инвестициялық міндеттеме, зауыт маржасы және дилерлер мен дистрибьюторлардың шығыны айналып келіп көлік құнына әсер етеді. Әлі беті қайтпаған пандемия салқыны мен әлемдік көлік тапшылығы да қосымша құн қосып тұр.
2022 жылдың бірінші тоқсанында отандық жеңіл автокөлікті құрастыру 16 пайызға өскен. Импорттық өндірістегі жеңіл автокөліктер бағасы былтырмен салыстырғанда 18,6 пайызға өсіпті.
«Бағаға әсер ететін басты фактор – ұсыныс пен сұраныс арасындағы ара қатынас және валюта курсы» дейді Мискарян.
Дегенмен алдын ала ақпараттарға сүйенсек, банктердің шотына әлі ақша түспеген. Жалпы бағдарламаға 100 млрд теңге бөлінген. Fortebank-тің хабарлауынша, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы аясында әлі қаржы түспеген. Ал Halyk Bank әзірге жеке тұлғалардан өтініш қабылдап жатпағанын мәлімдеді.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Halyk Bank арасындағы келісім келісу және қол қою кезеңінде болғандықтан банк әзірге жеке тұлғалардан жеңілдетілген автонесиелеу үшін өтініш қабылдай алмайды. Қор мен банк келісімге қол қойғаннан кейін банк транш алып, бағдарлама басталады. Жаңа бағдарлама бойынша жаңа кезек жасалады» деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ бағдарламаға Freedom Finance Bank те қатысуы мүмкін деген ақпарат бар.
«Қазір салондарда көлік мүлде жоқ, ал Ресей Федерациясы тарапынан өсіп жатқан сұраныс автомобилді одан әрі қолжетпейтін тауарға айналдырып жатыр. Бағдарлама бірден жұмыс істеп кете алмайды, өйткені көлік жоқ. Сондай-ақ кезектің жаңадан қалыптастырылуы да сұрақ тудырады. Сонда оларды лақтырып кетті ме? Үкіметке келер болсақ, несиелеу ставкасы инфляциядан төмен болғандықтан бағдарлама бюджет үшін өте тиімсіз болады. Сонымен бірге көліктердің жетіспеуі бағдарламаның пиары үшін жағымды рөл атқармайды. Дегенмен бағдарламаға қатысу керек. Депозит жылдық 14,9 пайыз әкеліп тұрғандықтан несиенің 4 пайызбен берілуі тегін ақша сияқты көрінеді. Депозит бойынша ставка 4 пайыздан төмен түспейінше бұл несиені алдын ала жауып тастауға болмайды. Егер сізде артық ақша болса – онда оны депозитке жіберіңіз немесе басқаша жұмыс істетуге күш салыңыз» дейді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.
Өнеркәсіпті дамыту қорының хабарлауынша, бағдарламаға қатысу қадамдары мынадай:
- Тұтынушы дилерлік автоорталыққа жүгінеді және отандық өндіріс автомобилін таңдайды;
- Дилерлік автоорталықтың өкілдері қарыз алушыға VIN кодын міндетті түрде көрсете отырып, 5 банк күнінен аспайтын мерзімге төлемге шот береді;
- Тұтынушы банкке VIN кодын көрсете отырып, төлем шотымен жүгінуі керек;
- Тұтынушының өтінімін банкке қабылдаған сәттен бастап банк тұтынушыны өзінің электрондық кезегіне қояды;
- Банк тұтынушының төлем қабілеттілігі мен кредит тарихын бағалайды. Оң шешім қабылданған жағдайда банк 5 банк күнніен аспайтын мерзімге кредит беруге мақұлдау және кепілдік хат береді.
- Тұтынушы банктен кепілдік хатты ұсынуы керек.
- Кепілдік хатты алғаннан кейін тұтынушы автокөлікті тіркеу үшін дилерлік автоорталыққа жүгінуі тиіс.
- Егер тұтынушы кепілдік хатты алған сәттен бастап 10 банк күнінен кешіктірмейтін мерзімде банктік қарыз шартын ресімдемесе, тұтынушы кезектен шығарылады.
Айта кету керек, өтінім бергеннен кейін тұтынушы таңдалған автомобильдің маркасы мен моделін өзгерте алмайды немесе кезекте тұрған орынды басқа жеке тұлғаға қайта тіркей алмайды. Бас тартқан жағдайда қарыз алушы электрондық кезектен шығады және оның орнына жаңа қатысушылар қосылады. Бұл бағдарламаға бір тұтынушы 2 жылда 1 рет қатыса алады.
Төлем қабілеттілігін тексерумен және автоқарызды мақұлдаумен екінші деңгейдегі банктер (серіктес банктер) айналысады. Банк өтінімді мақұлдағаннан кейін мақұлданған өтінімнің мәртебесін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қатысуынсыз тиісті банктің платформасында (онлайн кезек) тұтынушының өзі қадағалайды.
Автоорталықтарда Сіз консультация алып, өтінім бере алатын банк менеджерлері бар. Сондай-ақ, банкке онлайн өтінім беруге болады. Бір тұтынушыдан екінші деңгейдегі әр түрлі банктерге бір реттік өтінім беруге ешқандай шектеулер жоқ.