Алкоголь өнімдерін таңбалау және өндіру қағидаларына қандай өзгерістер енгізілді

Жарияланды

Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде айтылды

2022 жылғы 17 сәуірден бастап мемлекеттік кірістер органдарының «акциздік маркаларды» таңбалау және беру жөніндегі құзыреті алынып тасталды. Яғни, «акциздік маркалар» деген сөз толығымен алып тасталды, енді алкоголь өнімі бойынша есепке алу-бақылау маркалары ғана қолданылады. Аталған өзгерістер ҚР Қаржы министрінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі №366 бұйрығымен енгізілді.

Шарап материалын, сыра және сыра сусынын қоспағанда, алкоголь өнімін есепке алу-бақылау таңбаларымен және темекі бұйымдарын акциздік таңбалармен таңбалау (қайта таңбалау) қағидаларының жаңа редакциясын, сондай-ақ Акциздік және есепке алу-бақылау таңбаларының нысандарын, мазмұны мен қорғау элементтерін http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800016444 сілтемесі бойынша көруге болады.

Сондай-ақ, сәйкестендіру үшін ҚР Қаржы министрінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі №412 бұйрығымен Акциз бекеттерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Қағидалардың жаңа редакциясындағы «акциздік маркалар» деген сөздер «сәйкестендіру құралдары» деген сөздермен ауыстырылды. Өзгертілген Қағидаларға сілтеме: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800016361

Салық кодексінің баптарындағы «шарап материалы» терминдерін  «толысылған шарап» терминіне, «сыра және сыра сусыны» терминдерін «сыра қайнату өніміне» ауыстыру бөлігіне өзгерістер енгізілді. Бұл ретте, мемлекеттік реттеу туралы салалық заңда «шарап материалы», «сыра және сыра сусыны» деген сөздер сақталған. Бастапқыда өзгерістер Салық кодексін ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс «Алкоголь өнімінің қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламентімен сәйкестендіру мақсатында енгізілді. Қолдану мерзімі 2024 жылға ауыстырылуына байланысты, ҚР салалық заңнамасына өзгерістер енгізуге тура келді.

Тиісті өзгерістер Қаржы министрінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі №404 бұйрығымен этил спиртін және (немесе) алкоголь өнімін өндірудің технологиялық желілерін есептеуіш бақылау аспаптарымен жарақтандыру қағидаларына енгізілді. Бұл Қағидаларға «толысылған шарап» сөзіне «шарап материалы» сөзін толықтыруға байланысты өзгерістер енгізілді, яғни бұрын тек «толысылған шарап» қана болды, енді салалық заңдағыдай «шарап материалы» сөзі қосылды. Шын мәнінде, толысылған шарап шарап материалы болып табылады.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап арақтарды және айрықша арақтарды өндіру желілерінде есептеуші бақылау аспаптарына қосымша электр энергиясын есептеуіштерді орнату қажет. Өзгертілген Қағидаларға сілтеме: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500012219

Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитетінде 2022 жылдың қаңтарынан бастап сыра қайнату өніміне акциздің мөлшерлемесі литріне 79 теңгені құрайтынын еске салды. Оған дейін сыра қайнату өнімінің литріне ставка 57 теңгеге тең болатын.

Сондай-ақ оқыңыз