Алматы тұрғындарын жұмысқа орналастыру үш бағыт бойынша іске асады

Жарияланды
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр

Алматының жұмыспен қамту орталығына қазірге дейін 17 261 адам хабарласты, оның ішінде 13 460 адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Жыл басынан бері 17 209 адам жұмыссыз ретінде есепте тұр. Соған байланысты биыл кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын бірнеше бағыт бойынша іске асыру басталды. Үш бағыт жайын Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова түсіндіреді.

Бірінші бағыты – жұмыссыздарды кәсіптік оқыту. Ол жұмыссыз азамат жаңа жұмыс орнында оқытуға бағытталған. Жұмыс берушіге сантехник немесе темір ұстасын жұмыс барысында үйрету ыңғайлы. Сұранысқа қарай, мамандарды жұмыс орнында даярлайды. Биыл кәсіптік оқыту бойынша мыңнан астам адам 25 мамандық бойынша білім алады.

Бағдарламаның екінші бағыты – бизнес идеяға грант беру. Бұл бағыт бойынша 950 грант беріледі. Грант көлемі – 400 АЕК-ке дейін жетеді. Ол үшін үміткер business enbek порталына өз бетінше өтінім береді. Өтінімі қарастырылған соң, үміткерді арнайы комиссия шақырады.

Үшінші бағыт еңбек нарығын дамытуға бағытталған. Яғни әлеуметтік жұмыс орындары құрылады, ол жерде жұмыс орны 12 айға ашылады. Мұнда жалақының бір бөлігін жұмыспен қамту орталығы төлейді. Биыл бұл бағыт бойынша 5 881 адамды қамту жоспарланған. Мұның басым бөлігі – қоғамдық жұмыстар. Яғни ол белгілі бір біліктілікті талап етпейді, сондықтан студенттер оқуынан бос кезінде жұмыс істей алады.

Сондай-ақ жұмыссыз жастар үшін «жастар практикасы» бар. Оған білім беру ұйымдарының 29 жастан аспаған түлектері қатыса алады. Бұл бағыт бойынша жұмыс орны бір жылға ашылады, жалақыны жұмыспен қамту орталығы төлейді. 2022 жылы мың адамды қамту жоспарланса, қазірге дейін 390 адам жұмысқа жіберілді.

Оқуды аяқтаған жастарды «жастар практикасы» бойынша жұмыс істеуге шақырамыз. Себебі осы арқылы жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер алғашқы жұмыс орнынан тәжірибе жинайды. Әрі қарай тәжірибеден өткен жеріне тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі де жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз