Аты-жөнімізді заңды түрде қалай ауыстыра аламыз?

Жарияланды
Қандай жағдайларда азаматтар өзгертуге құқылы?

Өмірде түрлі жағдай болады. Соған байланысты кейде азаматтар атын не тегін ауыстырғысы келіп жатады. Біреу тұрмысқа шығып күйеуінің фамилиясына өтсе, енді бірі керісінше ажырасқан соң қыз күніндегі тегін қайтарғанды қалайды. Бұдан бөлек, өз есімінен ұялатын, аты өзіне ұнамайтын болуы мүмкін. Мұндайда қайтпек керек? Бүгін осы тақырып бойынша Қазақстан заңнамасында бекітілген ережелермен таныстырамыз.

Қандай себептермен аты-жөнімізді өзгерте аламыз?

Аты-жөнін ауыстырғысы келген кез келген азамат қалаған уақытында өтініш беріп, өзгерте алады десеңіз, қателесесіз. Себебі ауыстыруға болатын белгілі бір себептер ғана болады. Тегін, атын өзгерту процесі тіркеуші органдар арқылы жасалады. Өтініш берушінің жасы міндетті түрде 16 жастан асқан болуы шарт. Яғни сіз де ауыстырғыңыз келіп жүрсе, төмендегі жағдайларды шолып шығыңыз. Шарттар мен негіздеріне сай келіп тұрсыз ба? Сонымен аты-жөнін ауыстыруға болатын жағдайлар мыналар:

  • Аты, әкесінің аты не тегі жағымсыз естілетін болса;
  • Атын, әкесінің атын не тегін айту қиын болса;
  • Некеге тұрған кезде әркім өз тегінде қалып, кейіннен ауыстырып, жұбайының тегіне өтуді шешкен кезде;
  • Ажырасқан кезде бұл жайлы көрсетпей, кейін ғана өзінің бұрынғы тегін қайта алғысы келген жағдайда;
  • Алдыңғы некесіндегі балаларымен бірдей фамилия алғысы келсе;
  • Некелескен уақытта жұбайының тегіне өтіп, артынан өзінің бұрынғы фамилиясына ауысқысы келген кезде;
  • Жұбайы қайтыс болғандықтан өзінің бұрынғы тегіне өткісі келген жағдайда;
  • Некеге дейінгі тегінде болғанымен, кейіннен жұбайы қайтыс болып, балаларымен бірдей фамилия алғысы келген болса;
  • Екі ұлт өкілінен тұратын отбасыда өмірге келген азаматтың ата-анасының біреуі таңдаған есімді не фамилияны алғысы келсе;
  • Күнделікті өмірде құлаққа әбден үйреншікті болып кеткен есімге құжаттағы бастапқы атын өзгерткісі келген жағдайда;
  • Ұлттық салт-дәстүріне сай әкесінің атымен немесе атасының атына фамилиясын ауыстырғысы келсе;
  • Өтініш берушінің өзін тәрбиелеп өсірген азаматтың тегіне және атына фамилиясын ауыстырғысы келген болса;
  • Хирургиялық жолмен жынысын ауыстырған кезде атын, әкесінің атын не фамилиясын таңдаған жынысына байланысты өзгерткісі келсе.

Өтінішті қалай береді?

Қызметті онлайн немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барып алуға болады. Алдымен онлайн алу тәсілін түсіндірейік. Бірақ бір ескеретін жайт: Тегін, атын, әкесінің атын ауыстыруды тіркеуге электрондық өтінішті беру тек некені тіркеу немесе некені бұзу себебі бойынша ғана мүмкін. Тегін, атын және әкесінің атын ауыстыруды тіркейтін және куәлікті беруді жүргізетін тіркелу орны бойынша ЖАО АХАТ бөлімінде көрсетіледі. Сіз тіркелу өзектілігін онлайн тексере аласыз.

Сізге қажетті қызмет «Азаматтарға» — «Отбасы» — «Отбасылық жағдайы» — «Тегін, атын, әкесінің атын өзгертуді тіркеуге арналған электрондық өтініш беру» деген жерде тұрады.

  1. Ең алдымен Egov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтесіз. Одан соң жоғарыда айтқан жолмен қызметті таңдап, «Онлайн сұратым» батырмасын басыңыз.
  2. Өтінімді толтырып оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе смс-паролінің көмегімен қол қойыңыз (нөміріңіз міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы керек).
  3. «Электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің бетіне «Төлеу» батырмасы бойынша өтіп, төлемді жүргізу қажет. 
  4. Өтінімді қабылдау туралы хабарлама келіп түскен жағдайда төлем жүргізу.
  5. Куәлікті алу үшін ЖАО АХАТ бөліміне жүгіну керек. Өзіңізбен бірге басып шығарылған хабарламаны, жеке басты куәландыратын құжатты, сондай-ақ екі 3*4 см өлшемді фотосуретті ала баруыңыз қажет.

Мемлекеттік органда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа барып қызмет алатын кезде қажетті құжаттар:

  1. Өтініш толтырасыз.
  2. Жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін).
  3. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде берілген азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктер.
  4. Көрсетілетін қызметті алушының 3*4 см көлеміндегі екі фотосуреті.
  5. ЭҮТШ арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжат.       
  6. Қажет болған жағдайда көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері көрсетілетін қызметті алушының атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды сұраған себептерді растайтын қосымша құжаттарды талап етеді.

Тегін, атын және әкесінің атын ауыстыру қызметі ақылы. Мемлекеттік баж көлемі — 2 АЕК. 2022 жылғы мөлшермен айтатын болсақ, 6 126 теңге.  Өтінішіңізді тіркеп, тиісті құжаттарды сұратып, қабылдаған соң тегін, атын не әкесінің атын ауыстыруға өтініш 30 күнтізбе күнінде өңделіп, қаралады. Осы уақыт өткен соң сізге тегін, әкесінің атын не есімін өзгертудің мемлекеттік тіркеуде барын растайтын куәлік немесе неліктен өзгертуге болмайтының уәжі бар жазбаша жауап беріледі. Егер өтінішіңіз бойынша өзгертуге тыйым салынса, демек тіркеуші орган фамилияңыздың жағымсыз естіледі дегенімен келіспегенін білдіреді. Мұндай жағдайда сіз әрмен қарай сотқа жүгініп, сол жерде мәселе шеше аласыз. 

Ал енді қалағаныңызға қол жеткізсеңіз, онда тағы бірнеше құжатты ауыстыру керек болатынын есте ұстаңыз. Сонымен, жеке басты куәландыратын құжаттан бөлек мыналарды да қайтадан алыңыз:

  • Төлқұжат;
  • Мекенжай мәліметтері (жеке куәлікті алған кезде бірге істеледі);
  • Жүргізуші куәлігі;
  • Зейнетақы келісімшарты.

Өзгертіп, қайта алуыңыз керек құжаттар осы ғана. Қалған — мектеп бітіргендегі куәлік, дипломдарды ауыстырудың қажеті жоқ. Керек болған жағдайда тегін, атын немесе әкесінің атын ауыстыру туралы анықтаманы көрсете салсаңыз, сол жарамды. Айтпақшы, жоғарыда ауыстыру керек құжаттарды тізіміне сәйкес, аты-жөніңізді ауыстырған соң бір ай яғни 30 күнтізбе күні ішінде оларды да жаңартып алуыңыз қажет. Олай болмаған жағдайда сізге әкімшілік айыппұл салынады. Оның көлемі — 5 АЕК (2022 жылғы мөлшермен алғанда 15 315 теңге).  

Сондай-ақ оқыңыз