Жаңалықтар

Ердоған Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуына қарсы шықты

Ердоған: Елімізге қарсы санкция салған елдердің қауіпсіздік ұйымына кіруіне Түркия «иә» демейді

Финляндия мен Швеция делегациялары Түркияға өздерінің НАТО-ға кіру үдерісін талқылау үшін келеді, бірақ бұл Анкараның ұстанымын өзгертпейді, деді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Ол бұл бастамаға қарсы шықты, деп хабарлайды РИА Новости.

«Олар бізді басқаша сендіруге келе ме? Олар ренжімесін, өздерін қинамасын. Елімізге қарсы санкция салған елдердің қауіпсіздік ұйымына кіруіне Түркия «иә» демейді. Біз бұрынғы қателікті қайталамаймыз», – деді Ердоған брифингте.

НАТО-ның барлық 30 елі мүшелікті ратификациялауы керек, бұл 4 айдан 12 айға дейін созылуы мүмкін.

НАТО-ны Финляндия мен Швеция есебінен кеңейту Ресей Федерациясының альянспен шекарасының ұзындығын 1,2 мың км-ден астамға ұзартады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, НАТО Ресейдің әскери белсенділігінің артуына байланысты өзінің шығыс шекараларында әскери күштерін толық көлемде орналастыру жоспарын әзірлеп жатыр.