Қазақстанда металл экспорты шектеле ме?
Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын тасымалдау мәселелері жайлы мәлімдеме жариялады. Индустриалдық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағанбеттің айтуынша, ел аумағынан қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша шектеу қою – бұл тактикалық шара. Ал стратегия – бұл елімізде 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру саясаты.
«Негізгі міндеттердің бірі – шикізаттан мүмкіндігінше дайын өнім шығару. Шикізат дегеніміз – алюминий, мыс, қорғасын, қара металдар, сондай-ақ металл сынықтары. Сынықтан алюминий радиаторлары, терезе профильдері, автомобиль дискілері, кабельдер мен сымдар аламыз. Автомобиль қозғалтқыштарын іске қосуға арналған қорғасын аккумуляторлар да шығарылады. Ең басты шикізат – бұл қара металл сынықтары, темір. Бұл халық, өнеркәсіп тұтынатын көп тараған тауар. Мысалы, арматура. Біз оны үй құрылысында пайдаланамыз. Құбырлар мұнай-газ саласында қолданылады. Яғни, операциялық кезеңде және оларды тасымалдау кезінде» деді ведомство өкілі.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазір қара және түсті металл сынықтары танымал. Бұл бірінші кезекте бірнеше жыл бұрын қабылданған Париж келісіміне байланысты.
«Егер табиғи шикізат пен CO2 шығарындыларын көбірек қолданатын болсақ, онда шетелге экспорттау кезінде біздің өнім бәсекеге қабілетсіз болады. Экологиялық тұрғыдан алып қарасаңыз: темір рудасынан 1 тонна болат алған кезде 1,5 тонна CO2 шығарындылары болады. Ал біз оны қара металл сынықтары мен қалдықтарынан алғанда, шығарындылар 8 кг құрайды. Тиісінше, болат өндіру бойынша әлемдік тәжірибе қара металл сынықтарын көбірек тұтынатын болады. Қазірдің өзінде әлемде шығарылатын болаттың әрбір үшінші тоннасы – қара металл сынықтарынан жасалған» деді спикер.
Сынықтар мен қалдықтарды шығаруға шектеу енгізудің басты негізі – ішкі қайта өңдеушілер үшін қайталама шикізаттың толық жүктелмеуі және жетіспеуі. Қазақстандық қайта өңдеушілер үшін ішкі сынық айналымы да жеткіліксіз, олар көрші мемлекеттерден импорттауға мәжбүр. Мысалы, «Қайнар-АКБ» ЖШС қазақстандық және импорттық шикізат есебінен қорғасын аккумуляторлар өндіреді. Компания өз өнімдерімен ішкі нарықты 80% қамтамасыз етеді және жыл сайын 50-60 млн доллар сомасына экспорттайды
«Бұрын қиындықтарға тап болған, бірқатар себептермен өндірістерін консервациялаған кәсіпорындар өз қызметін қайта жандандырды. Қазақстан Республикасында металл сынықтары мен қалдықтарын негізгі шикізат ретінде пайдаланатын 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл компаниялар өндірісінің жиынтық көлемі 2 трлн теңгеден асады, экспорт 2,5 млрд АҚШ доллардан артық, 37 мыңнан астам адам жұмыс істейді және жылына шамамен 120 млрд теңге салық төлейді. Екіншіден, қайталама шикізаттан дайын өнім жасап шығарған кәсіпорындар зауыттарын Қазақстанға көшіре бастады. Бір мысал келтіре кетейін, шетелде біздің шикізатымыздан дайын өнімдер шығарылды, енді Қазақстанда өндіріс көлемі 300 мың тонна, тағы 3 шетелдік зауыт ашылады. Олар жер учаскесін таңдап, инфрақұрылым тарту кезеңінде» деді Жолмағамбет.
Қазақстан қайталама шикізатты шығаруды шектейтін жалғыз ел емес. Қырғызстан, Ресей, Армения, Өзбекстан және Беларусь сияқты барлық серіктестеріміз мұны іс жүзінде қолданады.
Жолмағанбет сондай-ақ теміржол көлігімен тасымалдаумен шектеліп қалмай, бірінші кезекте ұлттық кәсіпорындарды қамтамасыз ету басымдыққа ие екенін айтты.
«KSP Steel» ЖШС Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілдігінің директоры Мейіржан Кенжебаевтың сөзінше, оның әріптестері сынықтан жасалған және қайта өңдеу арқылы қосылған құны бар өнімдер шығарады. Ол 2012 жылы отандық кәсіпорындар алғаш рет сынықтардың тапшылығын сезінгенін еске салды. Сондықтан компания сынықтар нарығын әділ реттеуге бастамашы болған.
«Неге бәрі сыныққа қызығады? Мысалы, кендегі темір мөлшері 35%-50% құрайды. 1 тонна темір рудасын өңдегеннен кейін 570 кг шойын алынады. 1 тонна қара металл сынықтарын өңдегеннен кейін 990 кг таза темір алынады. Шойыннан темір жасау үшін оны үрлеу керек: оттегі қосып, СО2 алынады. Қазіргі кезде әлемде металлургия саласы осы бағытта дамып келеді, осылайша барлық елдерде металл сынықтары шикізат болып саналады, меніңше, бұл стратегиялық шикізат» деп атап өтті сарапшы.