Енді әкімнің беделі жолдың сапасымен өлшенеді. Қазақстан жолдары қашан жөнделеді?

Жарияланды
Қазақстанда жол мәселесі – қатты шиеленіскен түйткіл

Жолдардың проблемасы бұған дейін де айтылып келді. Бұдан кейін де айтыла беретін секілді. Алысқа бармай-ақ, еліміздің ең ірі екі шаһары – Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы тасжолдың сын көтермес сапасын мысалға келтірсек жеткілікті шығар. Тап қазір елдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырым болса, соның 25 мыңы – республикалық маңызы бар жолдар, 71 мыңы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар екен.

Жақында министрлер кабинеті осы мәселеге назар аударды.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, соңғы бірнеше жылда 2000 шақырымнан астам жол ақылы жүйеге көшірілген. Бірақ осы жолдарды күтіп ұстау сапасы көңіл көншітерліктей емес деген Смайылов «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға жол қауіпсіздігіне қатысты жұмысты күшейтуді тапсырды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев болса елімізде сегіз автомобиль транзиттік дәлізі жаңғыртылғанын, барлық дәліздердің толық қуатпен жұмыс істейтінін айтты.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес биыл республикалық маңызы бар жолдардың 91%-ын және жергілікті жолдардың 85%-ын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Ол үшін жалпы ұзындығы 4,3 мың км автожолды қайта жаңғырту және жаңа жолдар салу бойынша ірі жобалар іске асады. Сонымен қатар жол бойындағы 1110 қызмет көрсету нысаны тиісті стандарттарға сәйкестендіріледі.

Үкімет басшысы қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар проблемалық мәселелер бар екенін атап өтті. Олардың ең негізгісі – жолдардың, әсіресе, жергілікті жердегі жолдардың нашарлығы. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-орында.

«Мемлекет басшысы жолдардың нашар жағдайын бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді» деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ жолдардың сапасына, оларды жөндеу және салу мерзімдеріне білікті кадрлардың тапшылығы, жаңа құрылыс материалдары мен заманауи технологиялардың аз қолданылуы әсер етеді. Жауапты ведомствоға осы мәселелерді пысықтау тапсырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жоспарланған жобаларды уақытында пайдалануға беруді және бөлінген қаражатты толық игеруді қамтамасыз етуі қажет. Құрылыс жұмыстарын үзіліссіз жүргізу үшін Энергетика министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға құрылыс компанияларын қажетті мөлшерде битуммен және инертті материалдарды жеткізу үшін теміржол вагондарымен қамтамасыз ету тапсырылды.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша,

  • Бүгінде республикалық желінің 7,3 мың шақырымында жұмыстар жүргізілуде;
  • Оның 4,3 мың шақырымында құрылыс және реконструкциялау жұмыстары жүргізілмек.
  • Жыл аяғына дейін 1,6 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.
  • Ведомство басшысының ақпаратына сүйенер болсақ, 3 мың шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның 800 шақырымынан астамы пайдалануға берілген.
  • Ал жергілікті желіде 4,2 мың шақырым жол жөндеу барлық түрімен қамтылды.

Битумды уақтылы жеткізу мақсатында ИИДМ Энергетика министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, ай сайынғы тікелей жеткізу бойынша жұмыс механизмін құрған. 2022 жылы битумның жалпы қажеттілігі 1,1 млн тоннаны құрайды (оның ішінде: республикалық жол желісіне – 600 мың тонна, жергілікті жол желісіне – 500 мың тонна).

ИИДМ басшысы өз сөзінде орындалатын жұмыстар мен пайдаланылатын жол-құрылыс материалдарының сапасына жіті назар аударылатынын атап өтті.

«2022 жылдың басынан бері жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптаумен республикалық желі бойынша барлық автожол жобалары және жергілікті желі бойынша 52 пайызға қамтылды. Сонымен қатар жол-құрылыс материалдарының 3299 сынамасы алынып, сыналды. Жалпы алғанда, жыл басынан бері мердігерлердің өз қаражаты есебінен 51,2 млн теңге сомасындағы жұмыстар қайта жүргізілді. Екі техникалық қадағалау компаниясына 2,1 млн теңге көлеміне айыппұл салынды. Сондай-ақ 1 техникалық қадағалау компаниясының аттестаты алты айға тоқтатылды» деді Өскенбаев.

Сондай-ақ министр «Көлік туралы» заң жобасы шеңберінде орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды арттыру мақсатында бірқатар түзетулер енгізілетінін атап өтті. Олардың қатарында кепілдік кезеңінде авторлық және техникалық қадағалаудың мердігерлік ұйымдармен тең дәрежеде ортақ жауапкершілігі, Сапа орталығына көше-жол желісіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу бойынша өкілеттіктер беру сияқты түзетулер бар.

Сонымен қатар ведомство басшысы жолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін мыңнан астам нормативтік-құқықтық акті қайта өңделетін айтты. Бұдан өзге, жолдардың сапасы бойынша әкімдердің рейтингін анықтау жөніндегі әдістеме әзірленгенін де атап өтті.

Министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесіп жергілікті маңызы бар автожолдардың сапасын бағалау жүйесін әзірлеген. Бұл әдістеме елорданың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың, аудандардың әкімдіктерімен жергілікті жолдардың сапасын жақсарту бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін айқындауға арналған.

Рейтингті қалыптастыру, бірінші кезекте, автожол пайдаланушыларына жүргізілген сауалнама нәтижелеріне негізделетін болады. Ел тұрғындарының жол сапасына және жергілікті атқарушы органдардың кемшіліктерді жою шараларына қанағаттануын әлеуметтік желілер арқылы анықтау көзделген. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сыни материалдар да ескеріледі.

Бұдан бөлек, бағалау автомобиль жолдары мен елді-мекендердің көшелерінде жүргізілетін жұмыстар мен олардың барысында қолданылатын материалдардың сапасын сараптау нәтижелері бойынша да іске аспақ. Мұнда құрылыстың жаңа технологиялары мен заманауи жол-құрылыс материалдарын қолдану назарға алынады.

Әдістеме бойынша рейтинг жылына екі мәрте, дәлірек айтқанда, бірінші және екінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша жасалады. Оның нәтижелері бойынша үздік және ең нашар көрсеткіштері бар өңірлер анықталмақ.

Қазір еліміздегі автожол саласында атқарылуы тиіс екі басты міндет бар. Оның біріншісі – көлік-транзиттік әлеуетті арттыру, екіншісі – өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету.

2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 100%-ға, жергілікті желі жолдарының үлесін 95%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз