Ресейге қарсы санкциялар біздің нарыққа қандай әсерін тигізеді? Қолда қандай құрал бар?

Жарияланды (жаңартылды )
Қауіп бізді айналып өтпейді

Батыс елдері Ресейге санкцияны төпелеп тұрып салып жатыр. Әрине, оның себебі баршамызға мәлім. Бізді толғандыратыны – осы қатаң шектеулер Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді деген сауал. Жақында тап осы тақырыпты негіз етіп Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстанның экономикалық өсіміне қатысты өз болжамын жария етті.

ХВҚ-ның Таяу Шығыс және Орталық Азия бойынша департаментінің директоры Жиһад Азурдың айтуынша, Ресейге бағытталып жатқан қуатты санкциялар Кавказ елдеріне және Орталық Азияға ауыр тиеді.

«Орталық Азия елдері географиялық жақындығы, Ресеймен тығыз сауда-қаржылық байланысы, ақша аударымдары мен туризмге тәуелділігі және валюта бағамының ауытқуына байланысты екінші кезектегі әсерлерге орай әлеуетті осал елдер қатарына жатады. Бұған қоса, аймақтағы елдер Украинамен сауда байланыстары бар және олар шикізат пен азық-түлік бағасының өсуінен, сондай-ақ қаржылық жағдайлардың қатаюынан туындайтын жаһандық проблемаларға тап болды. Бұл экономикалық даму перспективасын айтарлықтай әлсіретті. Сондай-ақ өңірдегі инфляция биыл 10,7 пайызға дейін ұлғаяды», дейді қор өкілі.

Оның айтуынша, дегенмен ушыққан геосаяси жағдайдың жағымсыз әсері әр елге әртүрлі әсер етеді. Мәселен, энергия көздерін тасымалдаушы Әзірбайжан мен Қазақстан секілді елдер қалай болғанда да ұтыста болмақ деп қорытады олар. Өйткені қазіргі мұнай бағасының жоғары деңгейі Әзірбайжанға да, біздің елге де өте тиімді. Егер мұнай бағасы тап осы қарқынын сақтайтын болса онда соғыстың бізге тигізер жанама салқынын ұмыттырып жіберерліктей күшке ие екенін де айта аламыз.

«Алайда осы елдерден шығатын энергия ресурстарын Ресейге немесе Ресей арқылы басқа елдерге экспорттау мәселесі біршама қиындық тудырады. Оның үстіне, шикізат тауарлары бағасының төмендеуіне байланысты Армения, Грузия, Қырғызстан сияқты энергетикалық ресурстарды сатып алатын елдер экономикасының өсім болжамы біраз төмендеп кетті» дейді Азур.

Сонымен қатар сарапшы Ресей өңірдегі азық-түлік тауарлары экспортының 20 пайызын еншілеп отырғандықтан, әлемдік азық-түлік бағасының өсуіне байланысты аймақта азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты қауіп күшейіп келе жатқанын айтты. Өйткені аймақтағы елдердің барлығы дерлік Ресейден және Украинадан келетін бидай импортына тәуелді.

Экономистің сөзінше, пандемия тудырған дағдарыс қазірдің өзінде-ақ инфляцияны шарықтатып, қарыз көлемін арттырып жіберді. Бұл өз кезегінде макроэкономикалық саясат мүмкіндіктерін шектеп тастады.

«Даму перспективасының нашарлауы жағдайында орталық банктер инфляцияны тежеп қалу үшін бар күшін жұмсауы керек. Бұл ретте экономикалық өсім үшін қандай да бір басы артық кедергі де жасамауы қажет. Мемлекеттік басқару органдары баға өсімінің халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына тигізер әсерін мұқият бағалағаны жөн. Олар сондай-ақ аймақтағы долларланудың жоғары деңгейін және банк секторындағы Ресеймен байланысын ескере отырып, сыртқы таралудан туындайтын қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін есте ұстауы керек. Бұл экономикалық саясатты әзірлеу мен жүзеге асыруға тиісті сынақ мерзімі. Қайткен күнде де климаттың өзгеруіне бейімделуден бастап жоғары және инклюзивті өсуге дейінгі аймақтың болашағын қалыптастыратын белгісіздік пен ұзақ мерзімді қиындықтар сақталып қала береді» дейді Халықаралық валюта қорының өкілі.

Оның пайымдауынша, инфляциялық күтулер өсіп келе жатқан елдердің орталық банкі пайыздық мөлшерлемені тағы да көтеруі тиіс. Айырбастау курсының жұмсақтығы шок әсерін төмендетуге әсерін тигізеді. Ал бюджет мүмкіндіктері шектеулі, энергетикалық ресурстарды негізінен сырттан сатып алатын елдер өсімге қолайлы бюджетті шоғырландыру шараларын іске асыруы қажет.

«Дәл қазір істелуі керек бір міндет – азық-түлік қауіпсіздігі үшін тәуекелдерді төмендету. Сондай-ақ аймақтағы елдер халықаралық жоғары бағалардың кедей азаматтарға тигізер әсерін жеңілдетуі тиіс. Әлсіз топтарды қорғауға мүмкіндік беретін тиімді тәсілдердің бірі – атаулы және уақытша трансферттер» деп қорытады өз пікірін Азур.

Сарапшының мұнай бағасының қымбаттауы экспорттаушы елдер үшін тиімді дегені шындыққа сай келеді.

Каспий құбыр желісі консорциумының қалпына келуі көкейдегі бір қорқынышты сейілтті. Қазақ мұнайының 80 пайызын әлемдік нарыққа шығарып отырған желі – біз үшін аса маңызды. Әрине, одан бөлек те балама жолдар бар. Бірақ олардың қуаты дәл мұндай емес. Телеграмдағы Energy Analytics каналының жазуынша, 20 пайыз немесе қазақ мұнайының 13 млн тоннасы Urals сорты ретінде «Атырау-Самара» құбыр желісі және Ақтау порты арқылы тасымалданады.

«Егер жыл соңына дейін баға барреліне 35 доллар айырмашылығымен сақталып қалар болса онда жоғалтатын экспорттық түсім 3,5 млрд долларға жуық қаржыны құрайды. Ұлғайған жағдайда жоғалту айырмашылығы өсе түседі. Қалған мұнай КТК-мен тасымалданады. КТК-мен жөнелтетін мұнайдың сорты – CPC Blend. Оның бағасы Brent бағасына жақын» деп жазады канал.

Әрине, бұл сарапшының талдауы. Дегенмен көңіл қуантарлық та дерек бар. Ол – Ұлттық қорға жыл басталғалы (4 ай ішінде) 2,1 трлн теңгенің түскендігі.

«Бұл 2021 жылдың 4 айынан 5,4 есе көп (387 млрд теңге). 2021 жылы Ұлттық қорға түскен қаржы көлемі 2,6 трлн теңгені құраған еді. Сөз жоқ, мұндай жоғары түсімге мұнай бағасы және долларға қатысты теңге курсы әсер етіп отыр. Ал ақпанда Ұлттық қордағы жинақ азайтылмауы тиіс қалдыққа (ЖІӨ-нің 30 пайызы) таяп қалған болатын. Қазіргі баға жағдайында Ұлттық қорға түскен қаржы теңгелей мәнде тарихи максимумға жетуі әбден мүмкін. Доллармен түскен түсімнің рекордтық деңгейі 2013 жылы тіркелген – түсім 22 млрд доллардан асқан еді» деп жазады Energy Monitor каналы.

Сондай-ақ оқыңыз