Өзбекстанның Қазақстан мен Ресейден айырмашылығы – олар тауар таңбалау нарығына шетелдік компанияларды тартты. Ұлттық штрих-код операторы етіп CRPT Turon бірлескен кәсіпорнын құрды. Аталмыш компанияның бір бөлігі ресейлік миллиардер Әлішер Усманов басқаратын USM Holding-ке тиесілі. Осы ретте «Курсив» CRPT Turon тауар таңбалаудан қанша табыс таба алатынын есептеп көрді.
Көмекке шетелдіктер келді
Өзбекстан билігі тауар таңбалауды енгізбес бұрын, 2019 жылы ресейлік тәжірибені зерттеген. Ал Ресейдегі цифрлық тауар таңбалау мен қадағалау бірыңғай ұлттық жүйесінің операторы – «Перспективті технологияларды дамыту орталығы» (CRPT).
Оның Өзбекстандағы еншілес кәсіпорны – CRPT Turon LLC Өзбекстан Республикасында пилоттық таңбалау жобасын іске қосқан. Содан кейін кәсіпорын таңбалау жүйесінің жұмысына қажетті құрал-жабдықтарды Мемлекеттік салық комитетінің (МСК) базасына орнатып, тегін қосып берді. Осы жүйеге қосылған жеке компанияларға да жеңілдік жасап, жобаны сынақтан өткізген кезеңде олардың тегін жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Темекі мен алкоголь өнімдерін таңбалау сынағы сәтті өткен соң, Мемлекеттік салық комитеті CRPT Turon компаниясымен 15 жылға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы келісімге қол қойған. Компания Asl Belgisi ұлттық таңбалау жүйесінің операторы атанды.
Қазір CRPT Turon Өзбекстанда тіркелген Digital Holding бірлескен кәсіпорнының меншігінде. Digital Holding-тің 49% акциясы Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік активтерді басқару агенттігіне тиесілі. USM Holding бір-бірімен тығыз байланысы бар компаниялар арқылы (инфографиканы қараңыз) оның 40,8% акциясына иелік етеді. Ал USM Holding – өзбектен шыққан ресейлік миллиардер Әлішер Усмановтың иелігіндегі компания.
Бір киімнің қос қалтасы
CRPT Turon Өзбекстандағы тауар таңбалау жобасына салынған инвестиция көлемін ашып айтпайды. Ал Ресейде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жалғасатын 15 жылда ЦРПТ тауар-таңбалауға 250 миллиард рубль (3,9 миллиард доллар) инвестиция құяды деп жоспарланған.
Өзбекстандық өндірушілер мен импорттаушылар 1 тауар кодын 68 сумға (0,006 доллар) сатып алады. Бұл сома 2021 жылдың 1 қаңтарындағы бағам бойынша, Ресейдегі бір штрих-код бағасына сәйкес келеді – 50 тиын. Арнайы кодтардың бағасы Қазақстанда да осы шамада – 3 теңге.
Мемлекеттік салық комитеті салық құпиясын алға тартып, таңбаланған өнімдердің саны туралы есеп бермеді. Алайда Иннопромда сөз алған Өзбекстан Республикасы Салық комитеті төрағасының орынбасары Алимжан Файзибаевтың айтуынша, «Орталық Азия» бағдарламасы аясында биыл ұлттық ақпараттық жүйе арқылы 1,9 миллиард бірегей DataMatrix кодына тапсырыс беріліп, 1,1 миллиард бірлік тауар таңбалаудан өткен.
CRPT Turon компаниясы берген ақпарат бойынша, 1,1 млрд ішіне пилоттық бағдарламаның бөлігі ретінде тегін қолданылған кодтар да кіреді. Мысалы, тұрмыстық техникаға 1 миллион код кетсе, дәрі-дәрмекке – 12 миллион, су мен алкогольсіз сусындарға 500 миллион код берілген.
Егер пилоттық жоба аясында тегін берілген штрих-кодтарды алып тастасақ, осы уақыт аралығында CRPT Turon тауар таңбалаудан шамамен 39,95 миллиард сум (3,5 миллион доллар) табыс табуы ықтимал.
Өзбекстанда 1 қыркүйектен бастап дәрі-дәрмек қаптамасын таңбалау басталады. Drug Audit мәліметі бойынша, 2021 жылы Өзбекстандағы дәрі-дәрмек нарығы 1,5 миллиард қорапты құраған. Осы көрсеткішке сүйене отырып, дәрілік заттарды таңбалаудан түсетін кіріс жыл сайын 102 миллиард сумға (9 миллион доллар) жетуі мүмкін.
Өзбекстан нарығында тауар таңбалауға арналған жабдықтар мен IT шешімдерді Trekmark Solutions компаниясы сататынын есепке алмасақ, бұл аса үлкен қаражат болып көрінбеуі де мүмкін. Ал Trekmark Solutions – Ресей Федерациясындағы «Адал белгі» Бірыңғай ұлттық цифрлық таңбалау жүйесімен қоян-қолтық жұмыс істейтін ресейлік «Трекмарктың» еншілес компаниясы. Сонымен қатар, Trekmark компаниясының 45% акциясы USM-мен байланысы бар озық технологияларды дамыту орталығына тиесілі.