Жеңілдетілген автонесиелеу шарттары қалай өзгерді? Қанша көлік берілді

Жарияланды
Бағдарлама 30 жыл бойы жалғасады

Елімізде жеңілдетілген автонесиелеу бағдаламасы басталғалы бері (2022 жылдың 16 мамырында іске қосылды) 34 автокөлік берілген. Бұрынғы бағдарламаның операторы – Қазақстан Даму Банкі болса, биыл басталған бағдарламаны жүзеге асырушы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры». Қор басшысының орынбасары Жанар Ибрашеваның айтуынша, бөлінген қаражаттың жалпы сомасы револьверлік механизммен 100 млрд теңгені құрайды. Бағдарлама шарттары белгілі және ашық дереккөздерде қолжетімді.

Жалпы, бастапқы кезеңде 10 000 автокөлікті жаңарту көзделген. Бұдан әрі револьверлік механизм кезінде, несиені өтеуден түскен қаражат есебінен игеріледі. Бүгінгі таңда өтінімдерді «Банк ЦентрКредит», «Еуразиялық банк» және «Қазақстан Халық Банкі» қабылдайды, сондай-ақ бүгіннен бастап Forte Bank қосылады.

«Бағдарлама басталғаннан бері 14 507 өтінім қабылданды, 35,7 млрд теңге сомаға 4 834 өтінім мақұлданды. 34 автокөлік берілді (Нұр-Сұлтан 11, Алматы 4, Ақтөбе облысы 3, Алматы облысы 1, БҚО 1, Жамбыл облысы 4, Павлодар облысы 4, Шымкент 6). Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері, азаматтардың өтініштерінің қорытындылары бойынша екінші деңгейдегі банктерге төлеуге шот ұсыну үшін автомобильдің VIN кодының болуы бойынша талап алынып тасталды. Сондай-ақ КАСКО сақтандыруына қатысты азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсуде. Осыған байланысты қор азаматтарға қаржылық жүктемені төмендету үшін қатысушы банктерге жыл сайынғы негізде сақтандыру туралы шарт жіберді. Сондай-ақ, қордың ЕДБ мақұлдаған өтініш берушілердің тізімінен алып тастауына және тексеруіне қатысты өтініштер келіп түседі. Айта кетейін, қор екі жылда бір рет қана автокөлік сатып алу шартымен ғана банктер мақұлдаған өтінімдер тізбесін келіседі. Қорда келісудің басқа түрлері жоқ. Бұған 1 жұмыс күні қажет» деп атап өтті спикер.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов автосалондар қоймаларында 8 мыңға жуық автокөлік резерві жинақталғанын айтты.

«Жаңа шарттар бойынша бағдарламаны халық бұрынғы бағдарламаға қарағанда әлдеқайда жақсы қабылдады. Автокөліктің құны 10 млн теңгеге дейін болған кезде бастапқы жарна жоқ. Автосалондардың жұмысына келетін болсақ, ол ретке келтірілді, электронды кезек енгізілді, кейбір салондарда кірген кезде QR-код бар. Тұрғындардың қосымша жабдықтау бойынша өтініштері мен шағымдарына келетін болсақ, қазір бұл проблема жоқ. Наурыздан бастап дилерлік орталықтарда клиенттің келісімінсіз қосымша қызмет көрсетуге тыйым салу туралы бұйрықтар шығарылды. Клиенттерге қолдау көрсету қызметі бойынша өтініштердің басқа да түрлері бар: кезек бойынша, кейбір жиынтықтардың, түстердің болмауы» деді Қайрат Еламанов.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Әди Ғалымжан қазіргі бағдарламаның бұған дейінгіден айырмашылығы жайлы айтып берді.

«Алғашқы бағдарламаны Қазақстан даму банкі іске асырса, қазіргі оператор – «Өнеркәсіпті дамыту қоры». Бұдан басқа, техникалық та айырмашылықтар бар. Мысалы, бағдарлама аясында бір азамат екі жылда бір рет қана несие ала алады. Бұл бағдарламадағы тағы бір жеңілдік – алғашқы жарна қажет емес. Ал автокөлік құны 10 млн теңгеден артық болса, азамат өз ақшасы есебінен 5 млн қосып, қымбаттау көлік ала алады. Яғни, баға айырмашылығын өзі төлейді. Бір аптада банктер тарапынан 4834 азаматтың өтініші мақұлданды. Қазіргі кезде 34 көлік берілді» деді спикер.

Автонесиелеу бағдарламасы аясында елімізде құрастырылған көліктердің беріліп жатқаны белгілі. Жеңілдетілген автонесиелеу бойынша автокөлік бәріне жете ме? Бұл сұраққа Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді.

«Бағдарлама бойынша бірінші кезеңде кемінде 10 мың автомобиль берілуі мүмкін, бірақ барлығы орташа чекке байланысты болады. Егер орташа чек былтырғыдай 10 млн теңгеден төмен болса, онда шамамен бағдарлама бойынша 15 мың автомобиль берілуі мүмкін. 2020 жылы қазақстандық зауыттар шамамен 93 мың автомобиль шығарды. Жылдар бойынша айтар болсақ, бұл жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша берілуі мүмкін автомобильдердің шамамен 15%-ы. Сондықтан автомобильдер тапшылығы туралы сөз жоқ. Сонымен қатар, өндірушілер бағдарламаның іске қосылуына дайын болды. Біз жеткілікті көлемді жинай алдық. Биыл өндіріс көлемі шамамен 20 пайызға артады деп болжанып отыр және маусым айында дилерлік орталықтарға 9 мыңға жуық автомобиль жеткізілмек. Автомобильдердің бар болуына қатысты проблемалар болмайды: барлығы клиентке айтылған мерзімде жеткізіледі» деп сендірді спикер. 

Айта кетейік, тұтынушылар арасында Chevrolet үлкен сұранысқа ие, екінші орында – Hyundai, одан әрі JAC, KIA, Лада. Автозауыттар өз жоспарлары бойынша жұмыс істейді, бірақ дилерлік орталықтарға апта сайын жеткізу жүзеге асырылады.

Қазақстандықтардың сұранысы аз уақытта өтеледі. Ал қысқа уақытта құрастырылған көліктер сапасы сын көтермеуі мүмкін. Оны кім қадағалайды? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында спикерлерге осындай сұрақ қойылды.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі Ербол Сейпіловтің айтуынша, Қазақстанда, ТМД елдерінде шығарылатын көліктер халықаралық талаптарға сай. 

«Бұл көліктер бірнеше тексеруден өтеді. Оларды шығармас бұрын «көлікті мақұлдау типі» деген арнайы құжат бар. Оны алу – өте қиын процедура. Оның ішіне еуропалық хаттамалар, сертификаттар, декларациялар кіреді. Бұл құжатты алған соң көліктердің барлығы сапасы жағынан тексеріледі. Жалпы дүниежүзілік тәжірибе бойынша әрбір бренд ұстаушы зауыт сол көліктердің шығарылуын әлем бойынша тексереді – сапасын, қауіпсіздік талаптарын. Сондықтан ешқандай күмән болмауы керек» деді спикер өз жауабында.

Сондай-ақ оқыңыз