Майнерлерге салынатын салық бірнеше өседі

Жарияланды (жаңартылды )
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Олар 1 кВт/сағ үшін 10 теңгеге дейін төлейтін болады

Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнингке сараланған салық салу тәсілі қолданылады.  Тиісті өзгерістер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мен «Кодексті қолданысқа енгізу туралы»  Заңына енгізілмек. Бұл түзетулерді мәжілісмендер бірінші оқылымда мақұлдады.

Атап айтқанда, Салық кодексінің 606-3-бабының мазмұны өзгереді. Салық мөлшерлемесі электр энергиясының есепті кезеңдегі орташа бағасына байланысты анықталады. Егер есепті кезеңде 1 кВт/сағ электр энергиясының бағасы 5-10 теңге болса, онда майнерлерге 10 теңге салық салынбақ.  Электр энергиясының бағасы 10-15 теңге болса  – төлем 7 теңге болады; 15-20 теңге – төлем мөлшерлемесі 5 теңге; 20-25 теңге – төлем мөлшерлемесі 3 теңге; 25 теңге және одан жоғары болса  1 теңге төлейді.

Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланса, электр энергиясы құнына қарамастан, майнерлерге салынатын салық өндіріс кезінде тұтынылған 1 кВт/сағ электр энергиясы үшін 1 теңге болмақ.

Осы ретте депутат Елнұр Бейсембаев бұл норманың тиімділігіне күмән келтірді.

«Сіздің айтуыңызша, электр энергиясы арзан жақтарда майнерлерге салынатын салық жоғары болады екен. Бұндай тәсіл электр энергиясы арзан аймақтарда майнинг фермаларының көптеп шоғырлануына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жергілікті тұрғындар мен кәсіпорындарға электр энергиясы жетіспеуіне әкеп соғуы мүмкін» деді депутат.

Заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл мәселе жан-жақты қарастырылғанын айтты.

«Біздің ұсынысымыз – майнингке салынатын салық көлемін көбейту. Бұл мәселе бизнес қауымдастық, тиісті бірлестіктермен талқыланды.  Саралаған жөн деген шешімге келдік» деді ол.

Бұған дейін Президент Энергетика министрлігі мен Ұаржы мониторингі агенттігіне Қазақстандағы заңсыз майнинг мәселесін шешуді тапсырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз