Суды қалай үнемдейміз?

Жарияланды
Шаруаларға инвестициялық көмек көрсетілмек

Су – біздің ең бір әлсіз тұсымыз. Тұтынып отырған судың барлығы өзге ел аумағынан келетіндіктен бұл тұрғыда тәуелділік басым. Шенділердің айтуынша, әсіресе оңтүстік аймақтарда соңғы жылдары су тапшылығы қатты сезіле бастады. Экология министрі Серікқали Брекешев қырғыз тарапымен жаз айларында 330 млн текше метр көлемінде су беруге келістік дейді.

Ал тәжік тарапымен Тоқтоғұлдан жіберілген су көлемін «Бахри Точик» су қоймасы арқылы өткізу туралы алдын ала келісім бар екен. Шу және Талас өзендерінің бассейндерін сумен қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақты дейді. Шардара су қоймасына келетін су көлемі 2,5 есеге ұлғайған.

Брекешевтің айтуынша, Тоқтоғұл су қоймасының толымдылығы мамырда 10 млрд текше метрден асты, бұл наурыз айындағы көрсеткіштен 25%-ға жоғары. Сондай-ақ Шардара су қоймасы мен Көксарай контрреттегішінде толымдылықтың айтарлықтай өсуі байқалады, наурыз айымен салыстырғанда 350 млн текше метрге артық.

Алматы облысы бойынша су ресурстарының тапшылығын қысқарту мақсатында облыс әкімдігі ылғал сыйымды дақылдардың, оның ішінде Балқаш ауданында күріштің егістігін 1 мың гектарға азайтты.

Жамбыл облысы бойынша, бұрын айтылғандай, мемлекетаралық пайдалану объектілері бойынша су беру кестелері бекітілді.

Түркістан облысы бойынша биыл күріш алқабы 600 гектарға дейін қысқартылды.

Қызылорда облысында күріш алқабы 78,3 мың гектарға дейін төмендеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға аз. Сондай-ақ Үкімет резервінен ұңғымаларды жөндеу мен бұрғылауға, сондай-ақ сорғы қондырғыларын сатып алуға 3,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді.

«Жалпы, алдын ала қабылданған шаралардың арқасында оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Сонымен қатар бұл жағдайды осы қалыпта ұстау үшін облыс әкімдіктері сумен жабдықтаушы ұйымдардың фермерлермен сумен қамтамасыз ету, суару технологияларын сақтау, суару кезектілігін қолдану және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану жөніндегі іс-әрекеттерін үйлестіруді қамтамасыз ету қажет» деп түсіндірді Брекешев.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өткен жылдың вегетациялық кезеңі оңай болмағанын айтады. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес биыл суармалы жерлердегі жоспарланып отырған егіс алаңы 1,5 млн гектарды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 39 мың гектарға (2,6%) төмен. Бұл ретте, егіс алаңдарының түпкілікті көлемі егіс жұмыстары аяқталған соң нақтыланатын болады.

«1 млн 122 мың гектар жер бетімен суару тәсілімен суарылады, 87,6 мың гектар – негізінен жаппай су алдыру әдісімен суарылатын күріш алқаптары, ал егіс алаңының 277,6 мың гектарына заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдістері пайдаланылады. Бұл жерде Павлодар, Жамбыл, Қарағанды, Алматы облыстарында су үнемдеу технологияларын қолдану пайызы жоғары екенін атап өту керек» деді министр.

Суды көп қажет ететін дақылдарды әртараптандыру жалғасуда, осыған байланысты күріш алаңының 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың гектарға, оның ішінде Қызылорда облысында – 5,3 мың гектарға, Түркістан облысында – 2,9 мың гектарға және Алматы облысы 0,6 мың гектарға азаюы күтілуде.

Қарашөкеевтің айтуынша, суармалы егіншілікті дамыту суарудың су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.

Мәселен, шаруаларды заманауи су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында заманауи суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ қажетті бүкіл инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50%-ын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Бұл мақсаттар үшін облыстардың өтінімдері бойынша 268 жобаны іске асыруға 16,6 млрд теңге көзделген.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау жүзеге асырылады, онда судың бір текше метріне бөлінетін субсидиялар мөлшері тарифтерден пайыздық қатынаста 50%-дан 85%-ға дейін сараланып белгіленеді. Бұл мақсаттар үшін 2,7 млрд теңге көзделген.

Сонымен қатар фермерлерді оқыту және білім тарату жүзеге асырылуда.

Қазақ аграрлық ғылыми-зерттеу университеті шеңберінде «Су хабы» халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді, ол елдің және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің инновациялық дамуына, аграрлық еңбек нарығында талап етілетін жаңа формациядағы мамандарды даярлауға жәрдем көрсетеді.

Бұған дейін төрт оңтүстік облыста суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг пен бағалауды Министрліктің үш республикалық мемлекеттік мекемесі жүргізіп келді. Биылдан бастап аталған республикалық мемлекеттік мекемелердің қызмет аймағы республикамыздың барлық суармалы жерлерін мелиорациялық мониторингпен қамту бөлігінде кеңейтілді. Бұдан басқа суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг пен бағалау жүргізу нәтижелерін Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне интеграциялау жоспарлануда.

Биыл вегетация алдындағы кезеңге жер асты суларының орналасу деңгейі, олардың минералдануы мен химиялық құрамы, барлық суару көздерінен алынған суаратын сулардың сапасы туралы жедел ақпараттар (есептер) дайындалды.

Мәселен, жер асты суларына жол берілмейтін деңгейге жеткен суармалы жерлер алаңы 170,6 мың гектарды, оның ішінде Түркістан облысында – 112,4 мың гектарды, Қызылорда облысында – 27,6 мың гектарды, Алматы облысында – 16,8 мың гектарды және Жамбыл облысында – 13,2 мың гектарды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз