Түркістанда мектеп медицинасы үшін 26,1 млрд теңге қарастырылды

Жарияланды (жаңартылды )

Жыл басынан бері мектеп медицинасына шамамен 6,4 млрд теңгеге қызмет көрсетілді

Биылғы жылы мектеп оқушыларын профилактикалық тексеруден өткізуге және сауықтыру іс-шараларын атқаруға 26,1 млрд теңгеге медициналық ұйымдармен шарт жасалды. Жыл басынан бері мектеп медицинасына шамамен 6,4 млрд теңгеге қызмет көрсетілді. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев мәлімдеді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

«Мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі мекемелердің медициналық қамтамасыз етілуін ұйымдастыру туралы ойлайтындар аз. Мектеп медицинасы білім беру ұйымдарында, яғни тікелей мектептерде, балабақшаларда, шағын орталықтарда немесе басқа да білім беру ұйымдарындағы балаларға медициналық қызмет көрсетуді көздейді. Бұрын мектеп медицинасы учаскелік қызметке бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылған. МӘМС жүйесі енгізілген соң, мектеп медицинасына ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл мектеп жасындағы балаларға арналған алдын алу шараларының кең ауқымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»-деді қор филиалының директоры.

Мектеп медицинасының тарифіне вакцинация, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында өткізілетін тексеруі кіреді. Сондай-ақ, оқу орнындағы дәрігерлер балалардың салауатты өмір салтын ұстануы бойынша іс-шаралар өткізеді. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктте жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ оқыңыз