Ақшамен мәселе барын көрсететін белгілер

Жарияланды (жаңартылды )
Сіз бұларды тіпті байқамай жүрген болуыңыз да мүмкін

Қаржылық мәселе екінің бірінде бар заманда өмір сүріп жатқанымыз өтірік емес. Сондықтан көпшілігіміз айлықтан айлыққа аман жеткенге қуанып жүреміз. Тіпті қарызға белшесінен батқан бір танысымызды көріп, соған қарағанда жағдайым жақсы деген баға беріп жүрген болуыңыз да ғажап емес. Асылында, бұл ойыңыз қате. Себебі ақшамен мәселесі жоқ адам деген сіз ойлағаннан басқаша болады. Бүгінгі материалымызда сізде қаржылық проблема бар-жоғын анықтайтын белгілер туралы айтамыз. 

Айдың соңына қарай тиын санап қаласыз

Ең алдымен, айқын белгілерден бастайық. Айталық, сізде жалақы әр айдың басында түседі. 26-сынан кейін достарыңызға «келесі апта айлық түскенде берем, сала тұршы» дейтін болсаңыз, демек сізде ақшалай проблема бар деген сөз. Тұрақты түрде осылай болса, мәселе барын өзіңіз де мойындайтыныңыз. ал енді тіпті 2-3 айда бір рет қана болса да, оның өзі сізді ойландырып, бұл жағдайға қатысты анализ жасауға итермелеуі керек. Өйткені «ақша неге жетпейді?», «қайда кетіп жатыр?», «жеткізу үшін не істеуім керек?» сынды сауалдарды қойып қана қоймай, жауабын табуыңыз керек. Қайтпек керек? Әрине, көбірек табу керек дейміз. Бұл рас. Десе де, кей адамдар көп тапқан сайын шығындарын көбейтіп, бұрынғыша айдың аяғында ақшасыз қалып жатады. Демек, бұл жерде ішкі тәртіп, қаржылық жоспарда проблема көбірек. Айынша қанша тапсаңыз да, сізде белгілі бір жоспар болуы керек. Есепсіз жұмсай беру жақсылыққа апармайды. Әр тиынға дейін санап отырмасаңыз да, жалпылама есептің өзіңізде болуы шарт.

Жинағыңыз жоқ

Енді бір адамдар болады: айлығы өзіне жап-жақсы жетеді. Ешкімнен қарыз алуға мәжбүр емес. Былай қарасаңыз, уайым жоқ, қайғы жоқ, рахат өмір сүріп жатқандай. Десе де, мұнда да қате бар. Өйткені ақшамен мәселесі жоқ және болашақта бір жағдай бола қалса, өзін сенімді ұстауы үшін адамға қор керек. Күні ертең не болары белгісіз. Бәлкім, ауырып қаласыз да, еміңізге көп қаражат керек болып қалар. Болмаса, жақындарыңыздың басына күн туып, көмекке зәру болып қалар. Жинақ деген нәрсе осындай ойда жоқта болып қалатын жағдайлардан аып шығады. Тіпті қайғылы әрі көңілсіз жайттарды есепке алмасаңыз да, игіліктерден де құр қалуыңыз мүмкін екенін бір ойлап қойыңыз. Мысалы, ойда жоқ шетелге тартып кете салу үшін жинақ қажет. Болмаса, қымбат зат сатып алу үшін де қордағы ақшаны жұмсаған жеңіл. Сол себепті егер айлығыңыз жетіп жатса, сізге міндетті түрде бір бөлігін жинау керек. Мәселен, 300 мың теңге тапсаңыз, 270 мың теңге бар деп есептеуді әдетке айнладырыңыз. Осылайша әр ай сайын 30 мың теңгеден алып қойыңыз. 

Басыңызда бірнеше кредит бар

Жалақысы орташа не төмен болса, адамдар кредитке басқаша қарайды. Яғни бірден көп сомаға зат ала алмайтыны белгілі. Сондықтан бөліп төлеуге 12 айға алған дұрыс деп есептейді. Тауарды да пайдаланып жатсыз, төлемін де бөліктеп төлеп жатсыз. Әйтсе де, қаржыгерлер бөліп төлеу не кредитке айналғанша, сол ақшаны ай сайын саналы түрде жинап, бірден қолма-қол алған дұрыс дейді. Айтуға жеңіл, орындауға келгенде қиын екенін түсініп тұрмыз. Дегенмен алғалы жатқан тауар не қызмет қалау ма, қажеттілік пе — соны ажырата алсаңыз көп нәрсе анық көріне бастайды. Егер жай ғана қалау болса, жарты жыл не одан көп уақыттан кейін алсаңыз да ештеңе өзгермейтін болса, кредитке қалай тұрақты төлеп жүрсеңіз, өзіңіз ай сайын айлықтан алып қалып жинағаныңыз абзал. Ал енді ақыры кредитке кіріп кеткен болсаңыз, олардан біртіндеп құтылуды ойланыңыз. Ол үшін жайғасып отырыңыз да, қанша қарызыңыз бар — есептеңіз. Сөйтіп қай кредитті бірінші жапқан дұрыс, қайсысын жаба аласыз соны ойластырыңыз. Мерзімінен бұрын төлеуге қатысты көп ақпарат алыңыз. Қайткенде үнемдейсіз? Қолма-қол кредит алған болсаңыз, пайызы жоғары болуы мүмкін. Демек, сізге бірінші кезекте бөліп төлейтін қарызды емес, осы пайызы бар кредитті жапқан дұрыс. Алдымен сомасы аздауынан бастасаңыз, басыңыздағы кредит саны азаяды. Бұл болса, сіздегі артық уайымды да жоғалтады. Бастысы, бір кредитті жапқан соң «кезінде осылай да өмір сүрдім, ештеңе емес» деп басқа тағы біреуін алып алмаңыз. Әңгіме тіреліп келгенде әлгі ішкі тәртіпті тағы айналып келіп тұр. Мақсатыңыз — кредитсіз өмір сүру. Соны орындаңыз. Сол мақсатқа ұмтылыңыз.  

Айлығыңыздың жартысынан көп бөлігі кредитке кетеді

Әрине, егер жалақыңыз айына 2 миллион болса, онда 1 миллионы кредитке кетсе, қалғанына «бірдеңе қылып күн көруге болады». Әйтсе де, 100 мың теңге тауып, оның кемі 50 мың теңгесі кредитке кететін болса, жағдай қиын. Отбасын асырауға жетпейтіні өз алдына, бірдеңе бола қалса кредитті төлей алмай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда қалайда қарызды азайтуды мақсат етуіңіз керек. Дереу қолға алыңыз. Әрине, оңай болмайды. Бірақ бұл жалғастыра берсеңіз, халіңіз нашарламаса, жақсармасы хақ. Мұндайда қосымша жұмыс табасыз ба, әлде үнемдейсіз бе — өзіңіз шешесіз.

Коммуналдық төлемді уақытылы төлемейсіз

Әр айдың 10-нан кейін коммуналдық төлемнің түбіртегі келіп тұрады. Егер 25-нен кешіктіретін болсаңыз, өсімпұл қосылады. Болмаса, жарықсыз қалуыңыз мүмкін дегендей. Бұл төлемдер міндетті, ай сайын тұрақты келіп тұрады. Сондықтан оған арнайы қаражат бөліп, айлық бюджет жоспарында тұруы керек. Ал енді ақшаны дұрыс жоспарлай алмаған болсаңыз, кінәлісіз. Өйткені тәртіп жоқ жерде үнем де, жинақ та, көп ақша табу да болмайды. Одан қала берді коммуналдық төлемді кешіктіре беретін адам кредит тарихында сол нәрсенің шығып тұратынын ұмытпасын. Міндетті төлемдер кестесін жасап алыңыз. Сол бойынша қай кезде қай төлемді жасау керегін біліп отырасыз. Қазір мобайл қолданбалардың дамыған сонша, жазып жүрудің керегі жоқ. Бастысы, керек қолданбаны жүктеп, хабарлама келетін тетікті қосып қойсаңыз жеткілікті.

Жолдасыңызбен арадағы ұрыс-керіс ақшаға байланысты болады

Әрине, ақша жетпеген соң ыдыс-аяқ сылдырлайды. Жетпеген соң екі арада реніш болады. Ал отбасында үнемі ұрыс болса, береке де болмасы анық. Сондықтан дұрысы — бос айқайласып, бір-бірінің жанын жаралай бермей, тығырықтан шығу жолын ойластыру. Ерлі-зайыптылар кім кінәлі деп санасқаннан гөрі диалог құрғаны жақсырақ. Бір-біріңізді тыңдаңыздар, үнді ести білу маңызды. Сөйтіп екі ортада бір келісімге келіңіздер. Мәміле қажет.    

Сондай-ақ оқыңыз