Қант қайда? Ұн жете ме?

Жарияланды
Мемлекет тапшылық жоқ деуден танбай отыр

Қазақстанда тауар тапшылығы бар. Бәлкім, шынымен келмей жатыр, бәлкім, тапшылық қолдан жасалып жатыр, әйтеуір қалай болғанда да халықтың біресе қант таппай, біресе ұн таппай қалып жатқаны жасырын емес. Осындай оқиғалар бола салысымен іле-шала министрлер «бізде тапшылық жоқ» деп мәлімдейді. Олар елдегі жағдайды тамаша етіп көрсеткісі келеді. Осындай жоба жасап едік, онымыз шалағай болыпты, мына бір бастаманы іске асыру кезінде сәтсіздікке тап болдық деп, өз айыбын айналып өтпеген бірде бір шендіні көрмедік осы кезге дейін.

Тек бірнеше күнгі дүркін шудан кейін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда қант тапшылығы болғанын мойындады.

«Ресей Федерациясы тарапынан қант экспортына шектеу қойылуына байланысты қант тапшылығы туындады. 2022 жылғы 15 сәуірдегі ЕЭК Кеңесінің шешімі аясында Қазақстан Республикасына 2022 жылдың 31 тамызына дейін 350 мың тонна көлемінде ақ қант пен шикі құрақ қантты бажсыз әкелу құқығы берілді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ дерегі бойынша, қазіргі кезде ҚР аумағындағы теміржолда қант тиеген 152 вагон (10 мың тоннадан астам) жүріп жатыр. Оның 58-і жүк түсіріп жатыр, тағы 94-і стансаға 7 тәулік ішінде келіп жетеді» деді Сұлтанов.

Қантты Үндістаннан алып келетін «Продкорпорация» ұлттық компаниясы 27 мамыр күні Нұр-Сұлтанға 2 вагон (130 тоннаға жуық) қант жеткізген.

Ал 27 мамыр күні Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде қант тапшылығы жоқ деп мәлімдеген.

«Республикада қант қоры шамамен 67 мың тоннаны құрайды. Қант өндірісі үздіксіз жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанның тұрақтандыру қорлары, сауда нысандары мен республиканың қоймаларындағы қант қоры шамамен 31 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, зауыттарда өңдеуге арналған 36 мың тонна құрғақ қант шикізаты бар. Жолда қосымша 16 мың тонна қант шикізаты бар. Ішкі нарыққа  қант жеткізуді «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ жүзеге асырады. Бағаларды тұрақтандыру үшін зауыттар өңірлердің тұрақтандыру қорларына, сауда желілеріне және жеткізушілерге тиеуді, құрамында қант бар өнімдерді өндірушілерге олардың өтінімдеріне сәйкес жеткізуді жүзеге асырады» делінген ведомствоның өткен айдың соңындағы хабарламасында.

Тағы бір тапшылық ұнға қатысты болуы мүмкін. Өйткені әлемдік нарықтағы ұнның бағасы шарықтап бара жатыр. Еуропалық нарықта ұн бағасы тоннасына 400 еуро болса, Чикагодағы тауар-шикізат биржасында бушеліне (27,2 келі) 13,65 долларға жеткен. Жаһандық астық экспортының 40 пайызын құрап отырған екі ел – Ресей мен Украина еді. Енді ол елдерден өнім жеткізудің қиындауы әлемдік нарықта тапшылық туғызып, бағаны өсіре бастады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда нан бағасы қымбаттайды деуге негіз жоқ дейді.

«Бидайдың әлемдік бағасы өсіп жатыр. Бізде бидайдың қалыптасқан қоры бар. Қазір біз әлеуметтік нан үшін аймақтарға арзанырақ бидай дәнін жеткізуді қамтамасыз етіп жатырмыз. Сондықтан баға тұрақты. Қазақстанда нан бағасының қымбаттауына себеп жоқ, болмайды да. Біздегі қор ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сондай-ақ 15 маусымға дейін 1 млн тонна көлемінде бидай, 300 мың тонна көлемінде ұн шығаруға квота бар. Ұн тапшылығы жоқ және болмайды» деді министр.

Қазақстан астық өндірушілері ұйымы болса біздегі жағдай ведомство айтқандай емес деп дабыл қағады.

«Басты проблема – нарықта астықтың жоқтығында. Бұған дейін ішкі нарықтағы баға Ресейден келетін арзан бидайға байланысты тежеліп тұрды. Енді Ресей астық экспортын біржола тоқтатып тастап еді, диірмендер тоқтай бастады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 наурызда Қазақстанда 5,9 млн тонна азық-түлік бидайы бар. Бірақ диірменшілер бұған күмән келтіреді. Біз өңірлердегі барлық ұн тартушыларымызға қоймаларға телефон соғып, осы астықтың бар-жоғын білуді сұрадық. Өкінішке қарай, бірде бір өңірдегі дерек статистикадағы мәліметтермен сәйкес келмейді» дейді ұйым басшысы Евгений Ган.

Ал қант мәселесіне келер болсақ, қазір елімізде қант өндірісімен айналысатын 4 зауыт бар. Екеуі – Жамбыл, екеуі Алматы облысында орналасқан. 4 зауыт жиылып айына 50 мың тонна қант өндіреді.

«Импортты алмастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Негізгі мақсат – қант өндіріп шығаратын қант қызылшасын өндіру. Жыл сайын 1 тонна қант қызылшасы үшін 10 мың теңге бөлінеді, нәтижесінде 350 мың тоннаға дейін қант қызылшасы жинап алынады. 2021 жылы қант қызылшасын сатып алу үшін 7 млрд теңге бөлінді» деген еді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай.

2021 жылы елімізде 276,9 млн тонна қант өндірілген. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 89 пайызға көп. Соған қарамастан тұтынатын қанттың 60 пайызға жуығы – импорттық өнім. Былтыр Қазақстан сырт елдерден 506,9 млн тонна қант сатып алған. Негізінен Ресей Федерациясы (2785,8 млн тонна), Бразилия (164,6 млн тонна), Белорусия (35,5 млн тонна) және Мексика (30,4 млн тонна) елдері – бізге қант жіберуші негізгі мемлекеттер саналады.

Сондай-ақ оқыңыз