Ғаламның ең танымал бизнесмендерінің мотивациялық кеңестері

Жарияланды
Оларды табысқа жетелеген қасиеттер

Әйгілі Amazon-ның негізін қалаушы, Blue Origin аэроғарыш компаниясының иесі, The Washington Post иесі Джеф Безосты кәсіпкерлікке қызығып жүргендер жақсы танитын болар. Белгілі бизнесменнің жетістікке жетуінің бір құпиясы тәуекелге бара білуінде секілді. Өйткені сұхбаттарынан осындай ой түюге болады.

Мәселен, Amazon былай дүниеге келген екен. Бастап көрсем бе, жоқ па деп көп ойлана келе ол өзінің 80 жасқа келгендегі кезін елестетіп көреді. Интернет арқылы сауда жасайтын кәсіпті ашып, тіпті ештеңе шығара алмаса да қарт болғанда сол ісіне өкінуі мүмкін бе? Жоқ, әрине. Қалай болғанда да ол тәжірибе жинар еді. Ал енді сол күйі тәуекелге бармағанына ше? Бұған енді өкінуі әбден мүмкін. Содан ұзақ ойлана келе ол ақыры 1994 жылы Amazon.com интернет дүкенінің негізін қалайды. Бастапқыда ол жерде тек кітап сатылған. Бағдарламашылар күндіз сайттың жұмыстарын істеп, кешке қарай тапсырыстарды реттеумен айналысады екен. Солай басталған кәсіп қазір күллі әлемге танымал. Иесі Безостың байлығы 2022 жылдың қаңтарындағы есеп бойынша 302 млрд долларға бағаланыпты. Осылайша Джеф әлемдегі байлығы 200 млрд доллардан асқан үшінші адам болып отыр. 2000 жылдары Безос Blue Origin аэроғарыш компаниясының негізін қалаған. Ал 2013 жылы 250 млн долларға америкалық The Washington Post баспа үйін сатып алды. 

     Джеф Безос

Табысты компания құрудың екі тәсілі бар. Біріншісі — тынбай еңбек етіп, клиенттерді қымбат тауар алуға көндіру. Екіншісі — тынбай еңбек етіп, клиенттерге тауарды арзан бағаға алуға мүмкіндік беру. Екі әдіс те жұмыс істейді. Бірақ біз екіншісін таңдадық. Біз клиенттерімізді өзіміз ұйымдастырған кешке келген қонақ секілді көреміз. Басты міндетіміз — күн сайын клиенттермен жұмысты жетілдіріп, жақсарта беру. Клиенттерге қашан да ең жақсысы керек. Тіпті кейбірі өзіне нақты керегін де білмейді. Сондықтан сіздің бар ойыңыз тұтынушының көңілін тауып, жаңа нәрселерді ойластыру болуы қажет. Мысалы еш клиент бізге тікелей келіп Prime жедел жеткізу қызметін ұйымдастырыңыз демеді. Бірақ соны іске қосқанымызда бәрінің көңіл қалауы сол болғанын байқадық. 

Джеф Безос, Amazon-ның негізін қалаушы, бизнесмен

13 жасында алғашқы компьютерлік бағдарламасын жазған гений Билл Гейтсті де танымайтындар аз. Ол әлемдегі ең танымал бағдарламалық жасақтама Windows-ты жасаған. 1996-2007, 2009-2016 жылдар аралығында Forbes журналының рейтиңінде әлемнің ең бай адамы болған. Гарвардқа оқу түскен оны 19 жасында оқудан шығарып жібереді. Өйткені ол лекцияларға уақыт шығындағысы келмей, ақыры оқытушылары үлгерімі төмен деп шығып қалған. Десе де, білімдінің алды жарық. Әлі күнге дейін ол жылына 50 кітап оқиды. Орта есеппен алғанда бір аптада бір кітапты кеміреді екен. Осы әдеттеріне қарасақ, оның мақсатына табанды түрде жететін, еңбекқор азамат екенін байқай аламыз. 

Сіздің ең бақытсыз клиенттеріңіз — сіз үшін білімнің қайнар көзі. Біз қызметкерлерімізге үнемі былай деп түсіндіреміз: егер идеяларыңыздың кемінде біреуінің үстінен күлмеген болса, демек сіз жұмысқа шығармашылық тұрғыдан қарамайсыз деген сөз.

Билл Гейтс, Америкалық бизнесмен, филантроп

Сән әлемінің жаңалықтарын үзбей қарайтындар Бернар Арноның өмір жолы туралы жақсы білетін болса керек. Талғам мен әдеміліктің королі саналатын ол әлемдік брендтердің басын біріктіріп, империя құрып алған. Олардың ішінде екінің бірі естіп, білетін LouisVuitton, Sephora, ChristianDior, MarcJacobs, Kenzo, Fendi, Givenchy, Bvlgari сынды брендтер бар. Одан қала берді Louis Vuitton Moet Hennessy бас директоры Арно 2019 жылы америкалық Tiffany&Co атты атақты зергерлік үйін 16,2 млрд долларға сатып алды. 2020 жылы әлемдегі ең бай адам болған. Ол кезде байлығы 117 млрд долларға бағаланған еді. Десе де, артынша үш күн өткен соң оның орнын жоғарыда атап өткен бизнесмен — Джеф Безос басты. 2022 жылдың қаңтарында шыққан рейтиңде Арноның байлығы 184,9 млрд доллар деп бағаланып, Forbes-те екінші орында тұр.

Бизнесті табысты болуы үшін креатив ой мен мықты ұйымдастыру қабілеті ұштасуы керек. Ақша — салдар ғана. Мен үнемі командамдағыларға былай деп жүремін: «Түсетін табыс туралы ойлап, уайымдаудың қажеті жоқ. Егер жұмысыңызды жақсы істейтін болсаңыз, мол табыс түптің түбінде сізді өзі-ақ іздеп табады».     

Бернар Арно, Louis Vuitton Moet Hennessy бас директоры

Қарапайым теміржолшының ұлы — бүгінде әлемге әйгілі брендтің негізін қалаушы. Әңгіме Zarа киім брендінің иесі Амансио Ортега туралы. Ол аталған фирманы 1975 жылы құрған. Кәсібін енді бастаған кезде бірінші әйелі Розалия Мера екеуі үйде отырып іш киім мен халат тіккен екен. Ал бүгінде бренд желісі бүкіл әлемде бар, бутиктерінің саны 1,5 мыңнан асып жығылады. Амансионың ұстанымдары біз үшін үйреншікті байлардың ұстанымына аса ұқсай бермейді. Мысалы ол жұмыстағы асханадан тамақтанады, ешқашан үлкен кештер жасап, аста-төк қонақ шақырмайды. Уақытының басым бөлігін фабрикада өткізеді. Ең қызығы, Ортеганың кәсіби фотосессия жасатып, арнайы түскен суреті 2000 жылдардың басында ғана жарияланған. Ол кезде миллиардердің жасы алпыстан асқан болатын.

Мені көшеде көргенде тек отбасым, достарым мен әріптестерім ғана таныса дейтінмін. Сіз үнемі өзіңіз бірге жұмыс істейтін адамдарды жақсы көруіңіз керек. Бұл — парызыңыз. Олармен бірге болып, ішкі жай-күйін ұғып, қайда, кіммен тұратынын білуіңіз қажет. Сіздерді тек жұмыс байланыстырмасын. Сонда ғана олар да барын салып жұмыс істейді. Егер әріптестеріңізді жақсы көрмесеңіз, жетістікке жете алмайсыздар.

Амансио Ортега, Zarа киім брендінің иесі

Америкалық медиамагнат, Facebook әлеуметтік желісін шығарған Марк Цукербергтің сөздерін қалайша назардан тыс қалдыра аламыз? Тіпті таныстырып жатудың өзі артық болуы мүмкін. Алғашқы жобасын жатақханадағы бөлмесінде жатып жасап шыққан ол сол кезде Гарвардың небары екінші курс студенті болған. 2020 жылы Facebook аудиториясы күллі ғаламшар тұрғындарының үштен бірін қамтыған. 2021 жылдың қазанында Цукербергтің байлығы 122 млрд долларға бағаланып, әлемдегі ең бай адамдардың бестігінде тұрған.

Өзіме күн сайын мынадай сауал қоямын: қолымнан келетіннің бәрін істеп, ең маңызды істерді атқарып жүрмін бе? Егер ең маңызды мәселемен айналысып жүрген болсам, соны шешуге көмектесіп жатқан болсам — оған кетірген уақытымнан ләззат аламын. Бизнесте ең бастысы — маңызды дүние жасауға ден қою. Мен бар болғаны өзім қолданғым келетін дүниелерді істеумен айналыстым.

Марк Цукерберг, Facebook-тің негізін қалаушы, медиамагнат
Сондай-ақ оқыңыз