Тоқаев ел тұрғындарын референдумға қатысуға шақырды

Жарияланды (жаңартылды )
Президент Қазақстан халқына үндеу жолдады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеу жолдап, ел тұрғындарын референдумға қатысуға шақырды. Ата заңға енгізілетін өзгерістер Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған деді Президент.

Қ.Тоқаев деферендум өткізу – Қазақстанда дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам деп атап өтті.

«Қазақстан өте маңызды әрі бетбұрысты кезеңге қадам басқалы тұр. 5 маусым күні азаматтарымыз жалпыұлттық референдумда дауыс береді. Конституцияға түзетулер енгізу мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Сол себепті мен наурыз айындағы Жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Сондай-ақ Үкіметтің тиімділігін арттыру. Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз» деді мемлекет басшысы.

 Президент,  сонымен қатар, Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді деп атап өтті.

«Бүкіл халықтың Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты ерікті таңдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайды. Біз бірлесе отырып, шын мәнінде,  Жаңа Қазақстан құрамыз. Онда әлеуметтік әділдік жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы және негізгі өзегі болады. Референдум қоғамымыздың азаматтық кемелдігі мен саяси саналылығын бағалауға мүмкіндік береді. Референдумның орталық комиссиясы мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар сайлау заңнамасындағы барлық норманың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді. Дауыс беру барысын халықаралық бақылаушылар мен еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалайды» деді Тоқаев.

Сөз соңында ол  ел тұрғындарын тарихи таңдау жасауға шақырды. Президент алдағы референдум мемлекетімізді нығайтуға және қоғамды тың серпінмен дамытуға жол ашады деген сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз