Нұр-Сұлтан қаласында баланы балабақшаға беру үшін не істеу керек?

Ата-аналарға нұсқаулық әзірлеп қойдық

Баланы мемлекеттік балабақшаға беру үшін қалай кезекке тұру керек? Кезекті күтіп жүргенде баланың жасы жетіге келіп, мектеп табалдырығын аттайтын уақыт болып қалмай ма? Екпе алудан бас тартқан ата-аналардың баласына мемлекеттік балабақшаға баруға рұқсат бар ма? Балабақша туралы осы және өзге де өзекті сауалдарды Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасына жолдаған едік. Сұраныс нәтижесінде ата-аналарға арналған түсінікті нұсқаулық әзірледік. 

Кезекке қалай қоямын?

Тұңғышы балабақшаға енді баратын ата-аналар бұл мәселеге аса қызығушылық танытады. Себебі жүйенің қалай жұмыс істейтінін, не істеу керегін білмейді. Мәселен, ел арасында жүрген «балаң туған бойда кезекке тұрғызып қоймасаң, ұзақ күтіп қаласың» деген пікір қазір өзекті емес. Себебі бүгінде балабақшаға орналастыру жолы жеңілдетілген. Қадам-қадаммен айтар болсақ:

  • Іndigo24.kz сайтына кіріп, «Кезекке тұру» деген қызметті таңдайсыз; 
  • Кезекке тұрғызуға өтініш беру парағы ашылған соң, тараптардың жауапкершілігі туралы келісіммен мұқият танысып шығып, келісетініңізді білдіресіз. Бұл ретте кезекке қою туралы өтініш берген кезде мәліметтерді, хабарламаларды алу үшін байланыс деректеріңізді пайдалануға келісім беретініңізді ескеріңіз; 
  • Одан соң өзіңізге керекті кезек түрін таңдайсыз. Қарапайым кезек пе әлде түзету бағытындағы ма?
  • Таңдау жасаған соң, байланыс деректерін енгізесіз. Ол үшін міндетті түрде екі телефон нөмірі сұралады. Қажет деп тапсаңыз, электронды поштаның адресін берсеңіз болады. Нөмір мен поштаны растау кодтары жолданып, соларды енгізесіз;
  • Ата-ана мен бала туралы мәліметтерді енгізу керек. Атап айтқанда, ЖСН және туу туралы куәлігінің нөмірі;  
  • Құжат деректерін енгізген соң жеңілдік яғни льгота туралы ақпарат сұралады. Егер бала көп балалы отбасынан болса, 4 балаңыздың ЖСН-ін енгізесіз, педагогтар және баланың заңды өкілі әскери қызметте немесе арнайы мемлекеттік органда жұмыс істейтін болса, жұмыс орнынан анықтама жүктеу қажет. Егер басқа да жеңілдіктер болса, олар автоматты түрде мемлекеттік деректер базаларынан тартылады.
  • Ең соңында барлық мәліметті қайта бір қарап шығыңыз. Егер бәрі дұрыс болса, келісетініңізді білдіріп, кезекке қоясыз.

Жиі қойылатын сұрақтар

Мемлекеттік балабақшаларға неше жастағы балалар қабылданады?

Баланың жасы қыркүйекте толық 2-ге толуы керек. 5 жасқа дейін қабылданады. 

Баланы балабақшаға орналастырудың ең ұтымды мерзімі қашан? Айталық, сайтта бос орын жыл — он екі ай тұрады. Десе де, қай айда орын көп болады?

Жыл сайын балабақшалар балаларды мектепалды даярлық топтарынан шығарады және балаларды топтан топқа ауыстырады. Осыған байланысты, мектепке дейінгі ұйымдардың топтарын жинақтау босатылған орындар санына байланысты жүзеге асырылады. Биыл жинақтау 15 маусымда басталады, кесте Білім басқармасының ресми сайтында және «Индиго» ақпараттық жүйесінің «Әлеуметтік желі жаңалықтары» бөлімінде тұрады.

Екпе салдырмаған балаларға шектеу бары рас па?

Екпелерге келетін болсақ, егер бала егілген болса, онда ата-аналар егу паспортын әкеледі. Егер қандай да бір себептермен бала вакцинацияланбаған болса, онда ата-аналар міндетті түрде педиатр-дәрігерден вакцинация алудан медициналық бас тартады, ал ата-ана баланың вакцинациядан өтуіне үзілді-кесілді қарсы болған жағдайда, ата-ана тиісті өтініш жазады.

Балабақшаға қажет құжаттардың толық тізімі қандай?

Жолдама алғаннан кейін балабақшаға тапсырылатын құжаттар тізімі:

             1.Туу туралы куәлік (сәйкестендіру үшін);

             2. Ата-анасының төл құжаты (сәйкестендіру үшін);

             3. Денсаулығы жайлы құжат;

             4. 63 форма;

             5. Педиатрдан анықтама (баланың денсалуғы жайлы).

Тіркелген мекенжайы бойынша жақын жердегі балабақшаға ғана бара ала ма? Әлде шектеу жоқ па?

Мектепке дейінгі ұйымдарда мекенжайы бойынша шектеу қойылмайды.

Мемлекеттік балабақшалар қаншалықты бейнебақылау жүйесімен қамтылған?

Мемлекеттік балабақшалар бейнебақылау жүйесімен толық қамтылады.

Мемлекеттік тапсырыс алған жеке балабақшалардың бағасы қалай есептеледі? Қанша бөлігін мемлекет қаржыландырады?

Мемлекеттік тапсырыс алған балабақшаларда ата-аналардың төлейтін ақысы тек тамақтануға төленетін 20800 теңге мөлшерінен аспау керек. Алайда балабақшалардың бағалары әр түрлі болады. Өйткені, қосымша ақылы қызметтер көрсетіледі. Сол үшін ақы бөлек есептеледі, ол жалпы төлемге кіреді. Мемлекет тарапынан бір балаға 41718 теңге бөлінеді.

Жеке балабақшаларға қандай талаптар қойылады?

Меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдар заңнаманың және заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілердің барлық талабына сәйкес келуге және оларды орындауға міндетті. Сонымен бірге, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қабылдау туралы жеткізушінің міндеттемелерін сақтау жөніндегі талап қойылады.

Мемлекеттік бақшаларда үйден алып кету/апарып тастау қызметі бола ма?

Мұндай қызмет түрлері мемлекеттік балабақшаларда қарастырылмаған.

Балабақшаға бармаған күндердің есесі қайтарыла ма?

Ата-аналар кей айларда мереке көп болғандықтан, бала үйде болды деп сол күндер үшін ақы төлемеу керек деп ойлайды. Десе де, мынаны есте ұстау керек. Айталық, желтоқсанда, мамырда демалыс көп. Мемлекеттік мереке деп бекітілген күндері балабақшаға бармағаны үшін ақысы қайтарылмайды. Себебі балабақшаға ай сайын төлем алынады. Яғни ақысы бір айдағы жұмыс күндеріне байланысты емес. Бүкіл айда ақы бірдей. Ал енді ауырып қалса, жағдай басқа. Бастысы, құжатпен дәлелденуі керек. Медициналық ұйымнан тиісті анықтама әкелсе, қанша күн балабақшаға келмесе, сол күндердің есебі жасалады. Жазда сауықтыруға кететін болса, екі айға дейінгі мерзімге рұқсат беріледі. Заңды өкіл өтініш жазуы керек. Егер бала өзін жайсыз сезінсе, үш күнге дейін мерзімге дейін қала алады. Мұндайда балабақшаға ескертіп, заңды өкілі өтініш толтыруы керек болады.  

Ойын алаңқайлары бөлек бола ма?

Иә, әр балабақшаның жеке аумағы болуы керек. Ойын алаңқайының саны мектепке дейінгі ұйымда қанша топ болса, солардың бәріне жететіндей болуы керек. Әр ойын алаңқайында күн мен жаңбырдан қорғайтын, үш жақтан қоршалған шатыр болуға тиіс. Денсаулыққа қауіпсіз, жарақат алмайтындар жабдықтар болуы қажет. Құм жылына кемінде бір рет ауыстырылып, тиісті көрсеткіштерге сай болуы шарт.  

Электрон келісімшарттың артықшылығы қандай?

 Жоғалтып аламын деп қорықпасаңыз болады. ЭЦҚ арқылы кіріп, ала бересіз. Сол сияқты келісімшартты бұзатын болсаңыз да, қашықтан істеуге мүмкіндік бар. Бас қалада электрон келісімшарт арқылы жұмыс істейтін балабақша көп.

Жеке балабақшалар мен мемлекетік тапсырыс алған жеке балабақшалардың айырмашылығы неде?

Жеке балабақшалар — түгелдей коммерциялық мекеме. Егер мемлекеттік тапсырыс алған бақша болса, онда оған мемлекет субсидия бөліп, белгілі бір орынға дейін қаржыландырады деген сөз. Бұл болса, ата-аналарға жақсы көмек. Себебі бағасы арзандайды.    

Жазғы жасақтаудан қалып қойса, келесі жылды күту керек пе?

Жоқ, жыл — он екі ай балабақшаға орналастыруға болады. Бұл жерде бастысы бос орынның болуы ғана. Сайтқа кіріп, балаңыздың жасы сәйкес келетін бақша табылып тұрса, құжат жинап, кіргізе аласыз. Орындар күн сайын жаңарып тұрады. Бәрі жазда алуға тырысатыны, ол кезде орын көп болады. Ал оқу жылы барысында орын босаған сайын жаңартылады.

Биылғы деректер бойынша бас қалада жалпы саны қанша балабақша бар? Орын тапшылығы қандай?

Нұр-Сұлтан қаласында 56 212 баланы қамтитын 430 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік – 99, жеке – 326 (314 ұйымында, мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған), жеке шағын орталықтар – 2, ведомстволық – 3).

Google News сайтында бізге жазылыңыз