Үздіксіз білім беру қауымдастығы жеке балабақша қызметін лицензиялауға неге қарсы?

Жарияланды
Кәсіпкерлер жеке балабақшаларды лецензиялау енгізілсе, көпшілігі жабылуы мүмкін дейді

 Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне лицензиялау орынсыз деп отыр. Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының құрылтайшысы, «INTELLECity» ЖШС жеке меншік балабақшасының директоры Маржан Ахмеджанова Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте осындай пікір білдірген.

 «Лицензия – бұл белгілі бір қызметпен айналысуға рұқсат алу, нарыққа кіру. Бірақ, балабақшалардың көпшілігі нарықта  өз орынын алған, ендеше оларға лицензия не үшін қажет? Балабақша жұмыс істеуі үшін қауіпсіздік және санитария талаптары бойынша тексерістен өтеді. Білім және ғылым министрлігі балабақшалардың бір бөлігін лицензиялау арқылы алып тастағысы келеді. Мемлекет балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша қазіргі деңгейді сақтауға дайын ба?» дейді Маржан Ахмеджанова.

 Осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің пікірінше, лицензиялау енгізілсе, көптеген жекеменшік балабақша жабылуы мүмкін. Қазақстанда мектепке дейінгі білім берумен қамту деңгейі айтарлықтай төмендейді. Кәсіпкерлердің 2010 жылдан бері салған 280 млрд теңгеден аса инвестициясы күйіп кетуі мүмкін.

Кәсіпкерлер мектепке дейінгі қызметтердің сапасын қамтамасыз ету механизмдері қажет екенімен келіседі. Алайда, лицензиялауды қайта енгізу сапаның артуына ықпал етпейді дейді сектор өкілдері.

«2008-2009 жылдары елдегі балабақшалардың жартысына жуығы, 47%-ы көлеңкеде жұмыс істеді деп нақты айта аламыз. 2013-2014 жылдары лицензиялау алынып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау бағдарламасы қабылданғаннан кейін бұл көрсеткіш 13%-ға дейін төмендеді. Сондықтан лицензиялау енгізілсе, керісінше, көлеңкеде жұмыс істейтін балабақшалардың саны күрт өсетініне сенімдіміз», – деп атап өтті Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының Алматы қаласы бойынша филиал директоры Любовь Айтхожина.

Қазіргі кезде Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы 2 817 балабақшаның мүддесіне өкілдік етеді. Бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған барлық жекеменшік балабақшаның (4973) 43%-ын құрайды.

 Қауымдастық мәліметінше, жекеменшік балабақшалардың үлесі мемлекеттік балабақшаларға қарағанда әлі де аз. Жеке балабақшалар негізінен оңтүстік өңірлерде және Республикалық маңызы бар қалаларда: Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент қалаларында шоғырланған. Олардың басым бөлігі мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайды, өйткені мемлекеттің қаржылай көмегінсіз бизнестің бұл түрі тиімсіз.

Балабақшада бір баланы күтіп-бағуға жұмсалатын шығын 65000 теңгеден басталады. Бұдан бөлек, балабақшамен мемлекеттік тапсырысты алу үшін ҚР БҒМ (2016 жылғы 29 қаңтардағы№ 122) бұйрығында лицензиялау кезінде бұрын қолданыста болған, бірақ сапаны қамтамасыз етпейтін нормалардың талаптары қайталанады.

«ҚР БҒМ мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру мамандарға тікелей байланысты екенін ескермейді. Ал біздің әлеует қандай? Балабақшада көптеген объективті себепке байланысты кәсіби деңгейі жеткіліксіз, еңбекақысы төмен, тұрғын үй проблемасы бар тәрбиелеушілер жұмыс істейді. Жастар педагог мамандығын таңдамайды. Мемлекет тарапынан тәрбиелеушілерге қолдау жоқ», – дейді қауымдастықтың Алматы облысы бойынша филиал директоры Алмагүл Батырханова.

Сондай-ақ оқыңыз