Қазақстанда астық тапшылығы бола ма?

Жарияланды
СҚО-да 3 млн гектар жерде егіс жұмысы аяқталды

Жақында Үкімет елдегі егіс науқаны мәселесін талқылады. Қазіргі жағдай бойынша дәнді дақылдарды егу Ақтөбе (97,7%) және Батыс Қазақстан (86,2%) облыстарынан басқа барлық облыстарда аяқталды. Аталған өңірлерде қатты жауын-шашынға байланысты егіс жұмыстары кейінге қалдырылды, оларды осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

  • Жаздық дақылдар 19,8 млн га немесе белгіленген жоспардан 100,2%;
  • Картоп 189,6 мың га;
  • Көкөніс-бақша дақылдары 269,2 мың га;
  • Көпжылдық шөптер 429,6 мың га алқапқа себілді.

3,1 млн гектарға – майлы дақылдар, 12,3 мың гектарға – қант қызылшасы, 121,1 мың гектарға мақта егілді. Елдің жалпы егіс алаңы – 23,1 млн га құрады. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 105 мың га артық.

Фермерлерді қолдау мақсатында бюджеттік кредиттің жалпы сомасы 140 млрд теңгеге дейін, ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу арқылы қаржыландыру екі есе, яғни 80 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Жалпы, АӨК саласын қаржыландыруға бюджетті нақтылау кезінде қосымша 298 млрд теңге бөлінді.

Үкімет басшысының айтуынша, 2021 жылы құрғақшылық болғанына қарамастан, бидайға деген ішкі қажеттілік толығымен қамтамасыз етілді.

«Экспорттық міндеттемелерді орындап, қажетті қор жинап алдық. Биыл жаңа өнімді жинап алғанша, елімізде жеткілікті астық қоры бар» деді Смайылов.

Ол егіс жұмыстары қарқынының жақсы екенін атап өтіп, тиісті мемлекеттік органдардың алдына бірқатар міндет қойды:

  • Қолданбалы ғылыми зерттеулерді қолдау, агроғылымды дамыту, елдің климатына сай келетін, құрғақшылыққа төзімді, түсімі жоғары сорттарды жасап шығару шараларын қабылдау керек;
  • Мол өнім алуға мүмкіндік беретін агротехнологиялық талаптардың сақталуын ерекше бақылауда ұстау керек;
  • Өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізуге алдын ала келісімшарттар жасау қамтамасыз етілуі тиіс;
  • АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру үшін жоспарланып отырған өзгерістерді бизнес қоғамдастықпен егжей-тегжейлі талқылау керек;

«Биыл егіс жұмыстарын жүргізуге (ақпан-маусым кезеңіне) 400,2 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Жеткізу, сақтау және өткізу бойынша облыс операторларының шығыстарын ескере отырып, АШТӨ үшін орташа баға 200 теңге/литрді құрайды, бұл орташа алғанда 15%-ға арзан. Биылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша жоспардағы 400,2 мың тонна болған жағдайда 378,5 мың тонна дизель отынына немесе жоспардың 95%-ына төленіп, 359 мың тонна тиелді. Жалпы, отын бекітілген кестеге сәйкес жеткізіледі» деді Қарашөкеев.

Есептік деректерге сәйкес, тұқым себу жоспардан 100% жүзеге асырылыпты. Жалпы, тұқым шаруашылығын қолдауға осы жылы жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге қарастырылған. Тыңайтқыштарға келер болсақ, облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық.

«Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қарастырылған қаржы көлемінің сомасы – 140 млрд теңге. Бұл жерде қосымша 70 млрд теңге көлемінде қаржыландыру түріндегі Үкімет қолдауын атап өту қажет» деді Ауыл шаруашылығы министрі.

«Кең дала» бағдарламасы аясында 84,1 млрд теңге сомасына 3 мыңнан астам АШТӨ қаржыландырылған. Осы бағдарлама бойынша, оның ішінде өсімдікті қорғау іс шараларын жүргізуге, сондай-ақ егін жинау жұмыстарына несиелендіру жалғаса бермек. Бұдан басқа, 2021 жылғы құрғақшылық қайталанған жағдайда мал басы мен құстың сақталуын қамтамасыз ететін 200 мың тонна көлемінде астық қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлу мақұлданды.

Өз кезегінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бүгінгі күні өңірде 4,3 млн гектар жерде егіс жұмысы аяқталды деді.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірде көктемгі-дала жұмыстары оңтайлы агротехникалық мерзімдерде, жоспарланған барлық көлемде аяқталғанын атап өтті.

«Биыл көктемгі егін егу көлемі 57 мың гектарға ұлғайып, 5,1 млн гектарды құрады, бұл ретте, дәнді және бұршақ дәнді дақылдар көлемі 4,6 млн гектарға дейін, 27 мың гектарға кеңейді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту мақсатында майлы дақылдардың көлемі 283 мың гектарға, картоп пен көкөніс көлемдері 20,1 мың гектарға дейін ұлғайтылды» деді Маржықпаев.

Сондай-ақ оқыңыз