Ресейдің үш еншілес банкі – Сбербанк, Альфа және ВТБ-нің төлем қабілеті бар. Сонымен қатар олар жоғары сапалы несие портфеліне, өтімділікке ие. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова Сенат отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, банктер клиенттердің өз депозитін алып, қаражатын басқа ЕДБ-ға аудару бойынша барлық талаптарын орындайды.
«Бұл банктерде жеке және заңды тұлғалардың 500 млрд теңге депозиті сақтаулы. Сонымен қатар, олар 1,7 трлн теңгеге жуық жоғары сапалы несие портфеліне ие. Өтімділік шамамен 590 млрд теңгені құрайды. Бұл жеке және заңды тұлғалар алдындағы барлық міндеттемелерді толығымен жабуға мүмкіндік береді. Яғни банктердің төлем қабілеті бар және олардың тұрақсыздығы туралы мәселі туып тұрған жоқ» деп мәлімдеді ол.
Әбілқасымова 24 ақпаннан санкция салынғалы бері Сбер, Альфа және ВТБ-нің қызметіне белгілі бір шектеулер енгізілгенін айтып өтті. Бұл шетелдегі корреспонденттік шоттардың жабылуына және олардың активтерін шетелдік банктердің бұғаттауына, сондай-ақ доллар, евро және фунт стерлингпен айырбас жүргізудің тоқтауына байланысты. Осы сәттен бастап үш еншілес банктен депозиттер алынып, қазақстандық банктерге құйылды.
Бұған дейін ЦКБ Альфа-Банк сатып алып, оның атын өзгерткені жайлы жазылған еді. Сбербанк болса, өзінің қазақстандық еншілес компаниясын сатуға дайындалып жатыр. ВТБ-ні бас кеңсесі қосымша капиталдандырды.